«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“NUR OTAN” ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Nur Otan” партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн қатысты. Съезге бейнебайланыс режімінде ел басшылығы, саяси кеңес мүшелері, аймақтық филиалдар өкілдері, депутаттар мен Үкімет мүшелері қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты “Nur Otan” партиясының Төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс енгізді. Партияның кезектен тыс XXI съезінің шешімімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан “Nur Otan” партиясының Төрағасы болып сайланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Nur Otan” партиясын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты. “Мен елді жан-жақты жаңғырту бойынша ауқымды күн тәртібін ұсындым. “Nur Otan” оны іске асыруға белсене араласып, Қазақстанның прог­рессивті өзгерістері мен жаңаруының нағыз қозғаушы күші болуға тиіс”, – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, “Жаңа Қазақстан” жағдайында “Nur Otan” да жаңаруы керек. “Бірақ бұл үшін “Nur Otan” өзі жаңаруы тиіс. Бұл косметикалық өзгерістерді емес, партияның бүкіл жұмысын түбегейлі қайта құруды қажет етеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алдағы реформаларды заңнамалық сапалы қамтамасыз ету үшін Мәжілістегі партиялық фракцияны қайта жүктеу қажет екенін атап өтті. Фракция мүшелері формализмнен аулақ болып, қоғам өкілдерімен көбірек қарым-қатынаста болуы тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы депутаттар тікелей міндеті аясында өзекті проблемалардың мән-жайын жеткілікті түсініп, партияның ұстаны­мын тыңғылықты түсіндіріп, қорғауы керек екенін, сондай-ақ ашық популизмге салынбауы маңызды екенін қадап айтты. “Сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу аса маңызды, осы орайда шалғайдағы ауылдарға бару керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл тұрғыда Президент Парламентте депутаттар жолдайтын сауалдардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындар проблемасын көрсетуі керек екенін айтты.

– Былтырғы сайлаудың қорытындысы бойынша “Nur Otan” халықтан қажетті сенім мандатын алды. Алайда атқарушы билік оны пайдаланбай, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына жол берді. Бұйрықтар, жоспарлар, тапсырмалар көбінесе ресми түрде, қағаз жүзінде орындалды, – деді Президент.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде партияның кадрлық әлеуеті мен барлық ауқымды инфрақұрылымы толық пайдаланылмағанын атап өтті. “2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспарланған индикаторлардың 74 пайызының орындалғаны туралы есеп берді. Бірақ бұл ақпараттың рас екеніне кім кепілдік береді? Жаңа реформаның күн тәртібіндегі іске асыруға да қатаң партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Партия олардың сапалы орындалуын ынталандыруы керек. Бұл үшін барлық ресурстар бар”, – деді Мемлекет басшысы.

“Бұл ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық әрі адал саяси бәсекелестіктің кепілі боламын. Менің конституциялық міндетім – биліктің барлық тармағының келісіп әрекет етуін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету”, – деген Президент бұл жайт оның кез келген партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақ болу керектігін меңзейтінін ескертті. “Сондықтан біраз уақыттан кейін, мүмкін, осы жылдың соңына қарай, менің “Nur Otan”-ға одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта оралуымыз мүмкін”, – деді Мемлекет басшысы.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp