Коронавирустың жаңа штамы дүниежүзін дүр сілкіндірді. Жаңа штамм 32 мутацияны біріктіргендіктен адамға өте қауіпті. Осыған байланысты көптеген елдер шекарасын жауып, карантиндік шектеулер енгізіп жатыр. “Омикрон” штамына шалдығушылар қатары күн сайын көбейіп барады.
Коронавирус әдетте жұққаннан кейін сырқат белгілері адамда 14 күннің ішінде білінсе, “омикрон” штамы небәрі екі күннің ішінде анықталады. Ол басқа штамдарға қарағанда тез жұғады. Алғашқы белгілері тұмау мен жедел респираторлық аурулардағыдай немесе суық тигендегідей. Бас ауырады, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Одан кейін денені әлсіздік жайлайды. “Омикрон” штамының басқалардан көбірек байқалған белгісі – буын, бұлшық ет, сүйектердің аурсуы. Кей адамдарда дене қызуы көтерілмейді. Сырқат адам буындарының, сүйектерінің ауырғанын сезеді, құрғақ жөтел қысады.
Жалпы коронавирус тыныс алу жолдарын, өкпені зақымдайды. Адамның барлық мүшелері тұтас ағзаны құрайтындықтан олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өкпесі зақымданған адам басқа ағзаларына да шағым айтуы мүмкін. Қауіпті дертке шалдыққандар маманның кеңесіне жүгініп, саламатты өмір салтын ұстанса, дәрумендерге бай тағамдарды тұтынса, тез айығып кетуі мүмкін. Егер де дәрігер тағайындаған ем-домға бейжай қараса, жағдай ушыға түспек.
Ауру белгілері білініп, температура көтерілген кезде ең бірінші қызуды түсіру қажет. Адам 10 күндей үй жағдайында оқшаулануы тиіс. Үй жағдайында емделгенде ересек адамдар күніне 1,5-2 литр су ішуі керек. Дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Майсыз, қуырылмаған тамақтар мен жылқы, қой, балық сорпасын тұтынған абзал. Газдалған, салқын сусындардан бас тартқанның да пайдасы көп. Күнделікті үш уақыт ауыз бен мұрынды тұзбен шайып, жеке бас гигиенасын сақтаған жөн. Мүмкіндік болса, жатып демалған дұрыс. Вирусқа қарсы антибиотиктерді ішудің қажеті жоқ. Өйткені антибиотиктер адамның өмір сүруге бейім жасушаларын да зақымдайды. Сондықтан ағзаға өз бетімен күресуге мүмкіндік жасау керек. Ал ентікпе пайда болып, дем жетпесе бірден “Жедел жәрдемге” хабарласу керек. Жұмыс істейтіндер антисептикті жиі қолданып, дезинфекция жасауы қажет. “Омикрон” штамы тез жұғатындықтан, қолды сабынмен жуу, маска режімін сақтау да аса маңызды.
“Омикроннан” қорқудың қажеті жоқ. Бірақ демікпесі, аллергиясы, жүрек аурулары мен жоғары қан қысымы бар адамдарға қауіпті. Сондықтан қоғамдық орындар мен жиындарға уақытша бармау керек. Ел арасында тамағы ауырып, жөтеліп жатқандар өте көп. Барлығына “тексеріліңдер, дәрігерге қаралыңдар” деп айтқанымызбен, бәрі бірдей орындамайды. Сол себепті абай болған жөн. Мұндай кезде әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Вакциналанбаған адамдар, егде жастағылар және денсаулығы нашар адамдар коронавирустың “омикрон” штамын жұқтыруға бейім. Әсіресе “омикрон” екпе алмаған адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Вакцинаның толық курсын алған адамдарда “COVID-19” жеңіл түрде өтеді.
Вирустан сақтану үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтап, үйде болған дұрыс. Коронавирустың қай штамы болса да, алдын алу жолы – екпе. Адамдар вакцинаны айта бересіңдер деуі мүмкін, бүкіл медицина қызметкерлері оны қайталаудан еш шаршамайды. Өйткені аурудың алдын алу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Вакцина алғандардың да ауырып жатқаны рас. Әрине, вакцина аурудан 100 пайыз қорғай алмайды. Дегенмен екпе алғандар саны артпай, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, жаңа штамдар тарала береді.
Динара БАЙМҰҚАНОВА,
Мамлют аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.