“Сендерден байлық сұраман,
Сендерден байлық сұраман, өліп кетсем де!
Алтындарыңды алмаспын, төгіп кетсең де,
Мейірімге ғана мұқтажбын, білесіңдер ме?
Мейірімге ғана мұқтажбын…”, – деп жырлаған қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың “Жетімнің монологы” атты шығармасы бар емес пе, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жәутеңдеген Диананы көргенде осы өлең жолдары ойға оралды…
Алаңсыз да, қамсыз балалық шақ-ай десеңші! Ойыншықтарға алдарқанған бейкүнә періштелердің жанарынан өмірге өкпе-реніш байқалмайды. Ата-анам қашан келеді деп есікке де елеңдемейді. Өйткені олар әлі кішкентай, оң-солын білмейді. Бар-жоғы 3 жаста ғана. Одан да кішілері бар. Бөлмеде оңаша ойнап отырған қызды көргенде ішім жылып сала берді. Өзіміздің қаракөз қызымыз екен. Жасы үштер шамасында. Аты – Диана. Анасы қиын жағдайға тап болған соң, баласын уақытша сәбилер үйіне орналастырған. Тәрбиешілердің айтуынша, жақында анасы жұмысқа орналасқан, бірер айдың ішінде қызын алып кетпек. Мұнда Диана сынды тағдыры қиын өзге де балалар бар.
Петропавл қаласындағы сәбилер үйінің тыныс-тіршілігін айтпас бұрын, әуелі тарихына тоқталғанымыз жөн шығар. 1921 жылы 2 желтоқсанда негізі қаланған сәбилер үйі алғашында 30 орынға шақталған. Ал соғыстан кейінгі кезеңде елде жетім-жесір көбейді. Сондықтан 1948 жылдары әлеуметтік орталықта 100 балаға дейін тәрбиеленді. 1984 жылдан бастап орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларға арналған мамандандырылған балалар үйі ретінде бейімделсе, 2005 жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеуге және оларға медициналық көмек көрсетуге арналған “Балалар үйі” мемлекеттік мекемесі болып бекітілді.
Балалар үйін әр жылдары орта медициналық білімі бар мамандар басқарды. Тек 1948 жылы оның басшысы болып педиатр Валентина Катеринич тағайындалды. Бүгінде аталмыш ұйымға білікті маман Лилия Федотова жетекшілік етеді.
Архивтік құжаттар бойынша 1947-2020 жылдар аралығында мұнда 6149 бала тәрбиеленген екен. Материалдық-тұрмыстық жағдайы жақсарған ата-анаға 3048 бала қайтарылса, 1737 баланы мейірімді жандар асырап алған. Ал мыңнан астам тәрбиеленуші облыстағы өзге балалар үйіне орналастырылды.
2001 жылдан бастап “Үміт” атты екі топ жұмыс істейді. Олардың мақсаты – баламен қиын жағдайда қалған жас анаға моральдық-психологиялық қолдау көрсету. Бұл ана мен бала арасындағы туыстық байланысты, толық емес болса да отбасын сақтауға мүмкіндік береді.
– Қазір орталықта 36 бала тәрбиеленуде. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 24 бала, күндізгі қарауда 12 бала бар. Күндіз келетін балалардың мүмкіндігі шектеулі. Олар церебральды сал ауруы мен дауна синдромына шалдыққан. Мұнда олар емдеу курстарынан өтеді, барлық әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Психологтар, логопед мамандар жұмыс істейді. Жалпы орталық 75 орынға арналған. Статистикалық көрсеткіштер бойынша жыл сайын тәрбиеленушілердің саны азаюда. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен тығыз байланыстамыз, – деді сәбилер үйінің директоры Лилия Федотова. Ол мұнда балақайлар 3-4 жасқа дейін болатынын, кейін отбасылардың асырауына берілетінін немесе балалар үйіне, өзге де әлеуметтік-медициналық ұйымдарға орналастырылатынын айтты. Барар жері, басар тауы қалмаған кейбір жас аналар балаларын уақытша осы орталықта қалдыруға мәжбүр. Олардың дені жағдайларын түзеп алған соң, балаларын қайтарып алатын көрінеді. Ондай мысалдар көптеп кездеседі. Өкінішке қарай, тастанды балалар да жоқ емес. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі баласынан ерікті түрде бас тартқан ата-аналар бар.
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған кейбір келіншектер өтініш жазу арқылы белгілі мерзімге балаларын қалдырып кетеді. Бұл жағдайда оларға түсіністікпен қарауға болады. Біз ана мен баланың ажырамағанын қалаймыз. Әр бала отбасында тәрбиеленуге құқылы. Бірақ өмір біз ойлағандай емес қой. Кейбірінің тағдыры сынаққа толы. Сондықтан мұнда тәрбиеленетін әр балаға жауапкершілікпен қараймыз. Олар толық мемлекеттің қамқорлығында, – дей келе, Лилия Муратжановна 2021 жылы 11 бала қамқоршылық және қорғаншылыққа берілгенін, екі тәрбиеленуші балалар үйіне, тағы соншасы Петропавлдағы мүгедектер үйіне орналастырылғанын айтты.
Балаларға орталықта барлық жағдай жасалған. Бес мезгіл тамақтанып, дене шынықтыру, сауықтыру шараларымен қамтылған. Арнайы емдеу курстарынан да өтеді. Массаж, физиоемдеу, логопед, монтессори кабинеті, бассейін бар. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қажет ететін балалар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жоспарлы емделеді.
Бүгінде сәбилер үйінде 86 адам жұмыс істейді. Жылдар бойы балалармен жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандардың ауызбіршілігі, бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы шексіз. Аға тәрбиеші Наталья Васильжанованы сөзге тартқанымызда оның әр балаға елжіреген көңілі мейірімге толы екенін аңғардық. Алайда оның айтуынша, балалармен жұмыс істеу оңай емес. Әрқайсысына жеке көңіл бөлу қажет.
Мұндағы сәбилер киім-кешектен, ойыншықтан, тамақтан тарықпауда. Тәрбиешілер де асты-үстіне түсіп, бағып-қағып отыр. Алайда балаға ана мейірімінен, әке жылуынан асқан сүйіспеншілік жоқ. Қамқорлық құшағында болса да, ата-ананың аялы алақанын сезініп өскен бір бақыт емес пе?
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.