«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ересек тұрғындардың 24 пайызы жүрек-қан тамырлары ауруымен есепте тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 47 мыңнан астам адам жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша тексеріліп, 1800 адам диспансерлік есепке алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кардиологиялық орталықтың мәліметінше, профилактикалық медициналық тексерістер скринингтік зерттеулер арқылы жүргізіледі. Былтыр 51 995 адам жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша тексерілуі қажет болса, соның 47 083 дәрігерлерге қаралған. Нәтижесінде 1 807 адамда, яғни 3,8 %-ында ауру анықталып, 1803-і диспансерлік есепке алынған.

«Скринингтік зерттеулер барысында аудандарда сырқаттарды анықтау деңгейінің төмендігі байқалады. Оған медициналық мекемелердің кардиостандарттармен нашар жабдықталуы, кардиолог мамандардың жетіспеушілігі себеп. Мәселен 13 ауданның тек екеуінде ғана кардиолог бар, қалғандарында бұл мамандардың міндетін басқалар атқарады. Демографиялық жағдайды да назарға алу қажет. Облыс тұрғындарының 13,7 %-ы – 60 жастан асқандар және жалпы тұрғындардың 22 %-ы – жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша «Д» есепте тұр, яғни олар скринингтен өтпейді», – дейді «СҚО көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ МКК кардиологиялық орталық директоры Азамат Мағзұмов.

СҚО-да 408 228 ересек тұрғын болса, соның 98 871-і – жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша диспансерлік есепте тұр. Соның ішінде ең кең тарағаны артериалды гипертензия, онымен 59 873 сырқат, жүректің ишемиялық ауруымен 23 138 адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Былтыр осы санаттағы науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға 1 млрд 108 млн астам теңге жұмсалды.

«Былтыр қазан айында кардиологиялық орталық негізінде медициналық оңалту және қалыпқа келтіру емі бөлімшесі ашылды. Ол 8 науқасқа шақталған. Жыл соңына дейін 60 адам ем қабылдады. Олар миокард инфарктісінен кейінгі және ота жасатқан сырқаттар. Жалпы былтыр 2,5 мыңға жуық коронаграфия, мыңнан астам коронарлық артерияны стендтеу, жүрек ақауы бойынша 67 ота, 80 аортокоронарлық шунттау жасалып, 109 электркардиостимулятор қойылды, 200-ге жуық электрфизиологиялық зерттеу және 100 шақты радиожиілікті абляция жасалды», – дейді Азамат Мағзұмов.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp