«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРКЕМСӨЗ ЗЕРГЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

XX ғасырда жасағандардың іс-әрекеті, ой-санасы да осыған ыңғайлас болғандықтан пешенелеріне бақты да, сорды да батпандап сыйлағанын көзімізбен көрдік, ол аз болса тарих бетін парақтап білдік. Қуаныш пен шаттық сияқты өкініш пен опық та қатар жүретін көрінеді.

Бұл ойлар Ғабит Мүсірепов сынды дәуір перзентін еске ал­ғанда өзінен-өзі оралатын сияқ­ты. Өйткені Ғабит ғұмыры осы XX ғасырдың тірлігін көзге көрсетуге әбден лайық толқынды теңізде жүзген пенденің қалпын аңғарт­қандай. Алғашқы мәнді шығарма­сының “Тулаған толқында” ата­луы тегін емес. Бірде өмірдің жар­қын да ажарлы бетін сүйсе, бірде тұңғиығына батып, қасірет шексе де өмір тауқыметіне иілмей, өз дағ­дысынан жаңылмай өтуге ниет­тенуінің өзі оның адами кел­бетін, пенделік сипатын ажарлан­дыра түскенін байқаймыз. Өмір­ден абыройлы аттанғандардың бірі болуының сыры өз болмысын заманаға ыңғайлай бермеген­дігінде ме деп те қаламын.

Соның нақты дерегін біз көбіне­көп сабырлы да салмақты ойдың иесі, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің айрықша ажарлы шығармаларынан, сыншылық пі­кі­рі мен көзқарасынан табамыз. Дауылды заманда айтылған-жа­зылғандарды уақытынан бөліп алып қарап, бүгінгі түсінікпен баға беру кешегі әсіре тапшылдықтан қалған жаман әдет, өткеннің бәрін даттауға ыңғайланып тұратыны­мыз дұрыстыққа бастай бермейді.

Сондықтан сабырлы мінезімен салмақты да қомақты ой айтуға талаптанған, не жазса да көзге елестеткен және көрінген жерде желпілдеп, көзге түсейін деген пиғылдан аулақ болған, немесе жантәттілік жасап, бұралып-иілмеген, иманын сатпаған дарын­ның тактикалық бұрылыстарын емес, стратегиялық мақсатын көз жанарымызда ұстасақ қана, орын­сыз даңғазадан, ажарсыз қимылдан аман боламыз. Әйтпе­се, ауыр ойын әдемі де сұлу жа­зып бере білген ұлы қалам­гердің жетегіне еріп кетіп, қайдан шыға­рымызды білмей қалу қаупі де жоқ емес.

Қазір жұрттың құлағында ғана емес, аузында жүрген “Бесеудің хаты”, “Бейімбет жау болса мен де жаумын деген батырлық сөз­дері”, онан кейін қазақ тілінің таза­лығын сақтауға үндеуі сияқты ұт­қыр да өрелі ойларын теріп тізген­нен Ғабеңнің бар қасиеті айқын­дала қоймас. Оның жан дүниесін ел-жұртқа жайып қойған көркем шығармаларынан, әсіресе, ой-толғаныстарынан іздеген абзал. Ол үшін тер төгу, тереңге сүңгу қажет.

Жақсы айтты ма, жеткізіп айтты ма, әлде қысастықпен айтты ма, Әлжаппар Әбішевтің Ғабең жана­засында айтқан сөзі әлі құлағым­нан кеткен жоқ. “Біз алыптар то­бының ең соңғы тұяғымен қошта­сып тұрмыз” дегенді. Әрине, өмір тоқтамайды, қазақ мәдениеті суа­лып, тартылмайды, бірақ дауыл­ды заманда арпалысып өткен алып топтың ең бір зергерінен айырылғанымыз рас. Қазіргі бұ­лыңғыр, аумалы-төкпелі, өтпелі заманда “Әй, қойсаңдаршы!” деп тоқтам айтар ақсақалға зар болып отырғанымыз өтірік емес қой.

Алыптар тобы несімен қымбат еді қазақ еліне? Ең алдымен, көл-көсір даналығымен қымбат еді. Бұл үшін жоғары білім, кандидат-доктор, профессор-академик болу шарт емес. Бұдан олардың қай­сы­бірі құр алақан да емес, алайда құдай берген түсінік-түй­сіктері күшті, ақыл-парасатқа кемел еді. Төңкерістер заманын­да алаштап ат қойғандардың та­биғи таланты халықтық негізден бастау алғандықтан әрі зәмзәм­дай қасиетті, тасбұлақтың суын­дай нәрлі, әрі жаралы жүрекке дәру, ер көңілге қажыр-қайрат, ша­быт дарытқаны даусыз. Сондық­тан Әли­хан, Ахмет, Міржақып, Шә­кә­рім, Мағжан, Жүсіпбек есімде­рін са­ғыныш сазына бөлеп қамы­ға айтатынымыз, Сәкен, Ілияс, Бе­йім­бетті зор өкінішпен еске ала­ты­нымыз, Мұхтар, Сәбит, Ғаби­ден, Ғабиттерді медет тұта сөй­лей­тініміз, тындырғандарына қуа­на пікір білдіретініміз қазір уақыт таразысында. Олардан дала ке­меңгерлігін тартып ала алмай­мыз, сондықтан олар қазақ дейтін бағы қайтадан жана бастаған ха­лықтың рухани көсемдері болға­нын ашық айтуға тиіспіз. Олардың әрқайсысы өз заманына лайық бола білді. Уақыт пендесі екендік­терін еш ұмытқан жоқ. XX ғасырда білектің күші, найзаның ұшы емес, ақыл-сананың қуаты мықты екенін олар алдымен тү­сінді де, қайраткерлік жасады.

Аумалы-төкпелі заманда ел ісіне араласқан Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков, Абыл­қайыр Досов, Нәзір Төреқұ­лов, Абдолла Асылбеков, Сейтқа­ли Меңдешев, Жанайдар Сәдуа­қасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ғаб­бас Тоғжанов, Қаныш Сәтбаев, Нәзипа Құлжанова, Сара Есова, Халел Досмұхамедов сынды то­лып жатқан ер-азаматтардың ай­бынды толқындарын еске алған­да, олардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне етене жақын болған­дығына қуанайық.

Бұлардың қай-қайсысы болма­сын қазақ тарихы, мәдениеті, әде­биеті дегенде ішер астарын жерге қойып, өз ойын тартынбай, қинал­май айтып, жазған кемеңгерлер еді. Таңертеңнен кешке дейін сая­сат сауып отырмай, қолына дом­быра алып күй шерткен, өлең айт­қан, жыр шығарған, сын жазған, ғылыммен айналысқан. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсетін, дым сыза білмейтін, төрдегі орындығын ғана бағып, кім көрінгенге жал­тақтап күн кешкен кейінгілер бұл даналарымызды мәдениетіміздің төмен кезіндегі “универсалдар” деп кекете сөйлеп, олардың мұ­расын төмендетпек болғаны өтірік емес.

“Универсализмнің” соңғы тұяғы Ғабең еді демегенмен, ақыл-парасаты әрқашан аузын ашқаннан-ақ аңғарылатындардың ең ірісі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ғабеңнің көр­кем шығармалары өзінің ажа­рымен, сұлулығымен, әде­биет жайындағы ойының шұрайлылығымен мәдениет теңізіне құйып, қазақ тарихына ұласып жатқаны­мен қадірлі.

Түбі көрінер таяздардың шығармасы жайыңда тақ-тұқ сөйлеп, тез аяқтауға асықсақ, Ғабеңдей хас шеберге кезіккенде не істе­ріңді білмей, пәлсапа соғып, айдынға түсіп кетуге жүрексінетін сәт те аз кездеспейді. Өйткені зер­гер соққан дүниенің қыр-сырын біле қою оңай емес, сұлулыққа сұқтанған уақытта оның басқадан өзгешелігі мынау деп дөп басып көрсете қою, өз көңіліңмен сезге­ніңді өзгенің көзіне елестете қоюдан қиын нәрсе жоқ.

Қазақ әдебиетінің кенжелей да­мыған драматургия саласына өмірі қартаймайтын, әрі таймай­тын “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш пен Баян сұлу”, замана тақсіретін өнерпаздар арқылы көрсеткен “Ақан сері – Ақтоқты” қазақ сах­насынан түспейтін классикалық туындылар. Әрі-беріден соң, біз­дің әдебиетіміздің тарихында Ға­биттің орнын жарқыратып көрсе­тетін ұлы шығармалар. Оны Мұх­тар Әуезовтің өзі мойындаған және ағынан жарылып былай де­ген: “Ғабит Мүсіреповтің айрықша атап өтетін ірі пьесалары: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” және Ақан сері туралы жазылған “Ақан трагедиясы” атты пьесалары. Біздің жұртшылық анық жоғары баға­лайтын Мүсіреповтің бұл драма­лық шығармалары адамның сезі­мін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындылықпен сый­паттайды. Қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедиялары­ның табыстары арқылы жалпы драматургиялық мәдениеттің биік сатысына көтерілді”. Шынайы ойда желбуаз көпірме сөз бол­майтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Әлемдік драматургияның биігінен көріну қаламгер үшін аз олжа емес.

Алдыңғы ағалардың “универ­са­лизмі” жөніндегі ойдың екпіні­мен Ғабеңнің проза саласында тындырғандарын тізе бермей, өзі үшін де, қазақ прозасының өсіп-жетілуі үшін де үлкен әсері болған “Қазақ солдаты”, “Оянған өлке” ро­мандарын, қарасөзбен жазған “Кез­деспей кеткен бір бейне” поэ­масын, “Ұлпан” повесін атаудың өзі-ақ ұлы қаламгерлікті танытса керек.

Ал өзі зергер суреткер болған соң өзгелердің жазғандарына өз биігінен, өрелі таным-білікпен баға бергені белгілі. Ақын-жазу­шы­лардың ішінен қиястығы мен қыты­мырлығы қасынан жүргіз­бейтін сын саласына жүрегінің түгі барлар, өзгеге айтар ақыл-парасаты барлар ғана жақын­дайды. Ол заманда да, бұл заманда да айтары барлар ғана, өзі­нен өзгеге бөліп берері барлар ғана ескексіз қайық­пен көркемдік теңізіне түседі. Солардың ішіңде ең талғампазы Ғабит Мүсірепов болғаны әмбеге аян.

Жалпы әдебиетке, оның ішінде жауынгер жанрда тұңғыш тартқан қаламы 1924 жылы “Еңбекші қа­зақ” газетінде жарияланған “Қи­сық сынға әділ төре” деген мақа­ласы еді. Атының өзі Ғабит қалам­герлігінің қаншалықты айшықты да сұлу боларын аңғарт­қандай.

Онан кейінгі сансыз мақала­лары, сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары филология ғы­лымд­арының докторы, Ғабең мұ­расының шын жанашыры Әбдіха­мит Нарымбетовтің құрастыруымен “Суреткер парызы” (1970), “Уақыт іздері” (1977), “Заман және әде­биет” (1982) атты жинақтарына еніп, Ғабеңнен қалған сыни ойдың үлгісін көрсетіп тұр.

Өмір бойы бірге өсіп, қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Сәбит Мұқановтың Ғабең жөнінде атап-атап көрсет­кен ерекшеліктеріне назар аудар­май өту мүмкін емес. “Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген та­қы­рыпқа жармаспайды, екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жа­зып тастауға асықпайды, үшін­ші – жазатын шығармасына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші – шығармасына өте ұқып­ты, сондықтан хал-қадерінше жеткенше олпы-солпысыз шы­ғарады, бесінші – тілге үнемшіл, си­паттап отырған оқиғасына жәр­демі жоқ сөзді қолданбайды, ал­тыншы – жарқылдақ сөздерді кө­бірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші – адам порт­ретін жасауға қазақ жазушыла­рының ең шеберінің бірі” деп ағынан жарылып, білімдарлықпен айтқанын естен шығармайық.

Халқымыз “Тәрбие – талбесіктен”, “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қанатты сөздерді әлімсақтан өмірінің, күллі тіршілігінің өзегі ете білген ғой. Сәбиінің есті, еліне адал, ұлтжанды перзент болуын әу бастан ойлаған. Жеті ұрпағына “обал, ұят, жаман боладының” сырын ұқтырып, тентегін бір ауыз сөзбен тыйып, тектісін төрге оздырған халық та – біздің қазақ.

“Соғыс балалары” деген буынның өкілі бол­ғандықтан біз таршылықты да, қиындықты да, жоқшылықты да көр­дік. Соған қа­рамастан біз рухани тәр­биенің бұлағынан нәр алдық. Үйдің үл­кендері, әулеттің бет­кеұстарлары, ауыл­дың ақсақалдары бол­сын бала тәр­биесінде халқымыздың асыл құн­ды­лықтарын негізге алды: үлкенді сый­лауға, кішіге қамқор болуға, ата-анаға мейі­рімділік танытуға үйретті. Қазір, за­ман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, осы­нау қасиеттердің барлығы жоға­лып, қо­ғам­нан жылыстап бара жатқан­дай. Әсіре­се, еліміздің келешегі деп жүрген жастар­дың бойынан ұлтымыз­дың менталитетіне сай келмейтін мі­нез­дерді ұштастырғанда жаның құла­зи­ды, жүрегің ауырады. Олар­дың тәр­биесіне ата-ана, аға буын өкіл­дері, жал­пы қоғам тікелей араласуы керек қой. Өмірлерін игі істермен, шуақты оқи­­ғалармен нұрландырған жандар ту­ралы телеарналарда жиі айтылып, газет бет­терінде жиі жазылуы керек деп ойлаймын.

“Менің жүрек түкпірімде жақсы міне­зі­мен Күннің сәулесіндей жарқырай­тын кім бар?” деген сауалды өзіме қойғанда көз алдыма, ең алдымен, 62 жыл бір жастық­қа бас қойған, ерлі-за­йыптылық ғұмырдың қызығы мен қайғысын бірге өткерген Құдай қосқан қосағым, осыдан бес жыл бұ­рын кел­местің кемесіне мінген асыл жа­рым Марғима Сатыбалдықызы келеді. “Әр­бір азаматтың артында ақылды әйел” тұрады деген қағиданың бекер айтыл­ма­ғанына көзім жылдар жылжыған сайын жете түскендей.

Біз 1955 жылы шаңырақ құрдық. Бір ап­тадан кейін қызмет бабымен Мағ­жан Жұмабаев ауданындағы Возвы­шен кең­шарына қоныс аудардық. Қо­лымда ата-анам бар. Зайыбым алғаш­қы күннен бас­тап менің әкем мен ше­шемді бөтенсінбеді. Керісінше, өзінің әке­сі мен анасындай қа­рады. Ол кісі­лерді қалай күткенін, қас қа­ба­ғына қарағанын тәтпіштеп айтып бер­сем көп адамдар сенбеуі де мүмкін. Өйткені оның тәрбиесі сондай еді: жасы үлкенді, қарт кісілерді құрметтеу, кө­ңілін табу қанында бар қасиет бола­тын. Оның осындай қамқорлығын көр­ген мен іштей тағдырыма риза болатынмын.

Жан жарымның тағы бір жақсы қа­сиеті – қонақжайлығы. Жақсы жерде қызмет іс­теймін. Оның үстіне қараша­ңырақта тұра­мыз. Келімді-кетімді кісі көп. Қатарласта­рымыз, әріптестерім үйге жиі бас сұғады. Сол кезде Марғи­маның қазаны асулы, шайы қайнаулы тұратын. Келген қонақты құрақ ұшып қар­сы алып, төрге оздырады. Алдарына жылы жұмсағын тосады. Қазір­гідей жағдай жақсы емес. Аяғымызға ре­зеңке етік киеміз. Ол тобыққа дейін саз, батпақ болады. Марғима меймандардың ас-ауқатын қамдап, жатын орын­дарын дайындап, бүлінген аяқ киімдерін жуып, тазалайды. Өзі жас­тыққа түннің орта­сында бас қоятын.

Біз сегіз перзентті болдық. Бала тәр­биесіне де араласқан кезім аз. Ол кезде қазақтың ер азаматтары үйдің тір­лігінен гөрі түздің жұмысымен күн өткі­зетін. Таң ала­кеуімнен кеш қарайғанша қызметтің қамымен жүретінбіз. Та­ңертең жұмысқа кеткенде балаларымыз ұйықтап жатады, түстенуге келсек, олар мектепте болады, кешкі уақытта тағы да тәтті ұйқының құшағын­да жатқанын көреміз. Марғима бала тәрбиесімен өзі айналысты. Олар­ды жас­тайынан еңбекке, әдепті­лікке баулыды. Құдайға шүкір, бүгінде сол балалары­мыздың әрқайсысы жеке отаудың иесі атанып отыр. Болашақтарынан үміт күтіп отырған сәбилері бар.

“Абысын тату болса, ас көп” деген тамаша тәмсіл бар ғой. Менің жарым ата-енесімен ғана емес, көршілерімізбен де, абысындарымен де тату болды. Жиын-той­ларында жана­шыр­лықпен қызмет етіп жүретін. Бауыр­ларым туралы теріс әңгіме, бөтен сөз естіген емеспін. Әрине, өмір бол­ған соң түрлі жағдай орын алады ғой. Оны ренжіткен де адамдар болмады емес, болды. Бірақ оны маған айтып, кө­ңілімді түсірген кезі жоқ. Осының бәрін менің абыройым, намысым үшін іс­тейтінін жүрегім сезетін.

Әкем жетпіс екі жасында дүние сал­ды. Шешем болса Алланың берген 101 жылдық ғұмырын жасады. Қартайған анамның қасынан Марғима ғана табылды. Сол үшін Құдай қосқан қосағыма ризашылығым шексіз.

Мен үшін өмірімнің нұры болған жа­рымның дүниеден озғанына биылғы ақпан айында бес жыл болады. Ол сексеннің сеңгіріне шыққанда, балаларымызды үйлендіріп, қыздарымыз­ды ұзатқанда, немере қызығын көріп, мынау дүниені тәрк етті. “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер” де­ген ма­қал дөп айтылған-ау. Денсаулығы­ның хошы болмай, қатты науқастанып жатқанда Марғиманың жағдайын келінде­ріміз жасап бақты. Бір келініміз кешкі уақытта тамағын әзірлеп, киімдерін жуып, өзінің де бойын мұнтаздай етіп, түнімен кір­пік ілмей таңғы уақытта жұ­мысқа кететін. Бұл кезде екінші келін келеді. Келесі күні үйімізден үшінші келін табылады. Осы­лайша ғұмыр бойы маған адал жар, сенімді серік бола білген ол жанының тазалығындай сыртқы бейнесін де бүлдір­меген күйі көз жұмды.

Бүгінде мен де біраз жасқа келдім. Алла ғұмыр берсе, айналасы бірнеше жылдың ішінде ғасырдың төріне шық­пақпын. Қанша жасқа келсем де Мар­ғимамның мейірімді жүзі, игі қасиеттері көңіл төрімнен өшпек емес.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

еңбек ардагері. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp