Қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Еліміздің барлық аймағында Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер де, қарапайым азаматтар да жұмыстарын біраз кідіртуге мәжбүр болды. Нәтижесінде еңбек өнімділігі мен табыс төмендеп кетті. Аз уақыттағы шығынның үлкен перспективада өзіндік маңызы бар екені айтпаса да түсінікті.
Азаматтарға жəне бизнес субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігі жеке жəне заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге шегеру тəртібін қабылдағаны белгілі.
Төтенше жағдайды енгізу нəтижесінде зардап шеккен азаматтарға жəне бизнес субъектілеріне, оның ішінде жеке кəсіпкерлерге берілген банктердің жəне микроқаржы ұйымдары кредиттерінің барлық түрі бойынша төлемді 3 айға кейінге шегеру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін қарыз алушы несие ұйымына 2022 жылдың 4 сəуіріне дейін арнайы өтініш береді. Өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі 2022 жылғы 5 қаңтар – 5 сəуір аралығында күшінде болады. Қарыз алушының жəне кредиттік ұйымның өзара келісімі бойынша ақы төлеуді кейінге қалдырудың өзге мерзімі де белгіленуі мүмкін. Кредиттік ұйым төтенше жағдай кезінде қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы немесе келтірілген зиян туралы ақпарат болған кезде қарыз алушының кредиті бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін береді.
Қарыз алушының таңдауына қарыз бойынша кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің 3 балама кестесі беріледі:
1) қарыз мерзімінің соңына дейін кейінге қалдырылған төлемдерді тепе-тең бөлу;
2) төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңіне қарыз мерзімін ұлғайту түрінде;
3) қарыз/микрокредит шартында немесе қарыз алушының өтінішінде көрсетілген өтеудің өзге тəсілі.
Өтініш электронды поштаның, “банкклиент” онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильді қосымшаның, басқа байланыс құралдарының көмегімен немесе қарыз алушының кредиттік ұйым кеңсесіне баруы арқылы еркін нысанда берілуі мүмкін.
Қарыз алушының өтінішін кредиттік ұйым 10 жұмыс күні ішінде қарайды. “Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі автоматты түрде, шартқа қосымша келісімдерге қол қоймастан беріледі. Төтенше жағдай жəне кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қолданыста болған кезеңде кредиттік ұйымға: қарыз (микрокредит) шарттары бойынша айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар) есептеуге жəне талап етуге; есептелген жəне мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына қосуына тыйым салынады. Төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңінде кредиттік ұйымдар қарыз алушы бойынша шағымталап жұмысын жүргізбейді жəне мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарламайды. Сонымен қатар қарыз алушы несие төлемін кейінге шегерген жағдайда, бұл əрекет оның несие тарихына жағымсыз таңба болып түспеуге тиіс.
Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.