Биыл КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада әншінің мерейтойына орай “Қазақтың күміс көмей әншісі” атты музыкалық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға аға буын өкілдері мен жастар жиналды.
Музыкалық кештің қонағы күйші Серікбай Құсайынов әншінің шығармашылығы жайлы баяндады. Қазақ еліне ғана емес, алыс-жақын шетелге есімі мәлім жезтаңдай әнші Роза Бағланова қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындайтын. Одан бөлек, венгер, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед тілдерінде де ән салатын.
– Роза Тәжібайқызының орындауындағы Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, композитор Мұқан Төлебаевтың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” атты әндері көпшіліктің қошеметіне ие болды. Ол қайталанбас тұлға еді, – дейді Серікбай Құсайынов.
Музыкалық кеште әншінің көпшілікке таныс әндері орындалды. Іс-шараға қатысушылар халық әртісі жайында ақпарат беретін кітап көрмесін тамашалады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.