Қызылжар ауданында оқушыларға вакцина егу жұмысы белсенді жүріп жатыр. Жақында Новокаменка орта мектебінің бір топ оқушысы аудандық ауруханаға келіп “Комирнати” вакцинасын алды.
Соңғы уақытта аудандағы білім ордаларында оқушылардың ауырып сабаққа келе алмау фактісі жиі тіркелуде. Олардың көбінде қарапайым жедел респираторлық вирустық инфекция болғанымен, арасында коронавирусқа шалдыққан оқушылар да бар.
“Ауданымызда “омикрон” штамы өте жылдам тарап жатыр. Бұл дертті бір науқас 80 адамға жұқтыра алады. Бүгінде елімізде 12 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға америкалық “Pfizer” компаниясының “Комирнати” деп аталатын вакцинасы егіліп жатыр. Әрине, екпе жасөспірімдердің ата-аналарының рұқсатымен және қатысуымен ғана салынады”, – деді Қызылжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Александр Құдайбергенов.
Оқушылар екпені аудандық аруханада ала алады. Не болмаса қажетті оқушылар контингенті жиналғанда арнайы дәрігерлер бригадасы мектепке барып қояды.
Екпе алуға келгендердің қатарында 10-сынып оқушысы Тоқжан Қалбай да бар.
“Мен екпе алудан қорықпаймын. Себебі ауру күшейіп бара жатыр. Сондықтан барынша сақтану керек. Біз өзіміздің ғана емес, жақындарымыздың да денсаулығына бейжай қарамауымыз қажет. Екпенің бұл түрін жақын арада қатарластарымның барлығы алады деген үміттемін. Болашақта барлығы жақсы болатынына сенемін”, – деді ол.
Александр Құдайбергеновтың айтуынша, аудан бойынша үш жүзден астам оқушы вакцина алған. Олардың ешқайсысында екпенің кері әсері байқалмапты.
Фархат ТАСТАМБЕК.
Қызылжар ауданы.