«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ САҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында 2021 жылдың қорытындылары сөз болды. Коронавирус инфекциясының таралуына, соған байланысты қабылданған шектеу шараларына қарамастан былтыр облыс экономикасының негізгі салаларында өсім сақталды. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп пен құрылыс саласында өсім – 105, ауыл шаруашылығында – 87,9, инвестиция тартуда – 110,1, сауда-саттықта 100 пайызды құрады.

– Былтырғы жаздағы құрғақшылық, жауын-шашынның өте аз мөлшерде түсуі шаруаларға ауыр тиді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласының индекс көлемі өткен жылы 87,9 пайыздан аспады. Былтыр астықтың орташа шығымдылығы 11 центнерден айналды. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 14 центнерді құраған еді. Басқа облыстармен салыстырғанда, әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен біз 2020 жылғы деңгейге жете алмадық, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс диқандары жоспарланған межеден аз өнім алса да нарықта бидай мен майлы дақылдардың бағасы жоғары болғандықтан олардың ала жаздай еткен еңбектері, төккен терлері өтелді. Өнім көлемі көңіл көншітпегенімен оларды сатудан түскен пайда көлемі жағынан 2020 жылдағыдан кем түспеді. Облыс әкімі өз сөзінде жыл сайын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, ауыл шаруашылығы саласындағы техникалар жаңартылып тұратынын атап айтты.

– Минералды тыңайтқыштарды енгізу, шрауашылықта заманауи техникаларды кеңінен қолдану, тұқымды жаңартып отыру – мол табысқа кенелудің негізгі жолдары. Былтыр өңір диқандары 67 млрд. теңгеге 2,4 мың жаңа техника сатып алды. Бұл көрсеткішті биыл еселеуді көздеп отырмыз, – деді әкім.

Қызылжардың көркем табиғаты, сайын даласы, шүйгін шөбі – мал шаруашылығын өркендетемін деген адамға таптырмас мүмкіндік. Бұл саладағы өсім жаңа сүт кешендерін іске қосудың арқасында қамтамасыз етілгені белгілі. Былтыр өңірімізде 10 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Биыл тағы 10 сүт кешенінің, екі мал бордақылау алаңының, екі құс фабрикасының құрылысы жалғасады.

– Өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Біз мал шаруашылығы саласында жаңа кәсіпорын ашқысы келетін бизнесмендерге бюджеттен арнайы жеңілдетілген несие қарастырып отырмыз, – деген облыс әкімі 2021 жылы 590 мың тонна сүт өндіру жоспарланғанын айтты. Қол жеткізілген көрсеткіш жоспарланған межеден асып түскен. Кәсіпкерлер барлығы 635 мың тонна сүт өндірген.

Өңірімізге еліміздің басқа облыстарынан және алыс-жақын шетелдерден инвестиция тартып, өндірісті өркендетемін деген бизнес өкілдеріне қолайлы орта қалыптастырылған. Өткен жылы өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 332 млрд. теңгеге өсті. Соның ішінде жеке инвестициның көлемі 83 пайызды құрап отыр.

Отырыста өңір басшысы тұрғын үй құрылысы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. “Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне де ерекше маңыз беріп отырмыз. Біз 2021 жылдың басында жалпы көлемі 340 мың шаршы метрді құрайтын баспана тұрғызуды жоспарлаған едік. Биыл оның көлемін 400 мың шаршы метрге жеткізбекпіз. Үстіміздегі жылы 14 бюджеттік үйдің құрылысы жалғасады. Сонымен қатар тағы осынша баспананың құрылысы жүргізіліп, олар несиеге беріледі. Баспаналардың тоғызы қаламыздағы Копай шағынауданында тұрғызылмақ”, – деді Құмар Ақсақалов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp