Облыстық білім басқармасы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биылғы міндеттерді айқындады. Ведомствоның алқа мәжілісіне өңір басшысының орынбасары Ғани Нығыметов қатысты. Биыл білім саласына бөлінген қаржы көлемі 13,1 пайызға артты, яғни саланы дамытуға 114 млрд. теңге жұмсалады. Бұл – өңір бюджетінің 35 пайызына тең.
– 2021 жылы бүкіл ел бойынша “5000 мектепті жаңғырту” жобасы іске қосылды. Осы жоба аясында өткен жылы 84 ауылдық мектепте кітапханалар мен асханалар жаңартылып, пәндік кабинеттерге құрал-жабдықтар, балаларды тасымалдау үшін 18 автокөлік, сондай-ақ мектеп жиһаздары сатып алынды. Биыл 2 млрд. теңгеге 24 білім беру нысаны күрделі жөнделеді, оның ішінде 21 мектеп “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында жөнге келтірілмек. Бұдан басқа пән кабинеттері, мектеп жиһаздары, көркем әдебиеттер сатып алынады. Лизингке 29 автобус алынып, 44 білім беру ұйымындағы қазандықтарды ауыстыру жоспарланған.
5 жыл ішінде біз 416 ауыл мектебін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Облыста, соның ішінде Петропавлда мектептерде орын жетіспеушілігі бар. Сондықтан 3 мектеп салынады. Копай шағынауданында 1200 орындық мектеп салу жоспарланған. Бұл облыс орталығындағы мектепке деген қажеттілікті толық жабады. Тайынша ауданының Вишневка ауылында апатты жағдайда тұрған мектептің орнына 120 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталды.
Басқарма басшысының айтуынша, мұғалімдер басы артық жұмыстан босатылады. Ұстаздарды аттестаттаудан өткізу қағидаларына, мектеп директорларын тағайындау шарттарына да өзгерістер енгізіліп, ротация механизмі іске қосылды. “Барлық өзгерістер мұғалім мамандығының беделін арттыруға әсер етті. Екі жыл ішінде облыс мектептеріне 1272 мұғалім келді, оның жартысы жаңа оқу жылында қабылданса, 418-і – жас маман. Қазір өңірде кадрлар жетіспеушілігі мәселесі жоқ”, – дейді Нәзір Жәшібеков.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар назардан тыс қалмайды. Бүгінде облыста 16 инклюзивті кабинет жұмыс істейді, оның үшеуі 2021 жылы ашылған. Онда 294 бала тәрбиеленіп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап бұл балаларды алып жүру үшін мектеп штатына тьютор лауазымы енгізілді, 51 педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға мектепте оқуға және өз құрдастарымен қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Мектептер ерекше балаларға арналған оқу бағдарламаларын олардың жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, өз бетінше бейімдей алады. Бұл оқушылар арасындағы білім беру теңсіздігін жоюға айтарлықтай ықпал етпек. Бұдан басқа, облыста 83 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларға 38 мыңнан астам бала барады. Мектептерде 3 мыңнан астам үйірме және 2 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Қосымша білім берумен балалардың 74 пайызы қамтылған.
2021-2022 оқу жылының басынан бастап колледждердің бірінші курстарында 57 мамандық бойынша кредиттік-модульдік оқыту технологиялары енгізілуде. Жаңа білім беру бағдарламаларымен 8 мыңға жуық студент немесе 78 пайызы қамтылды. 21 колледжде 2 мыңнан астам студентті қамти отырып, 285 серіктес кәсіпорындармен бірлесіп, 30 мамандық бойынша дуалды оқыту жүзеге асырылуда. Оқу жоспары ыңғайлы болуы үшін әлеуметтік серіктестермен және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен келісім жасалған. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. 2020-2021 жылдары “Жас маман” жобасы бойынша 2,5 млрд. теңгеге 9 колледжге заманауи жабдықтар сатып алынды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қазақстандық жоғары білім беру орындарының арасында ауыл шаруашылығы бағытында білім беретіндердің арасында үздік атанды. Соңғы жылдары университет жұмысына бірқатар жаңашылдық енгізді. 2021 жылдан бастап “Arizona” университетімен келіссөздер жүргізілді, мақсат – жергілікті университет базасында халықаралық кампус құру. Оның аясында қазақстандық жастарға сапалы білім алуға жағдай жасалады. Студенттер қазақстандық және “Arizona” университетінің дипломын бірге алып шығады. Білім беру бағдарламасы да айрықша болады. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі Рената Апергенованың айтуынша, жастар негізінен инженерлік, агротехнологиялық, жаратылыстану ғылымдары, цифрлық ғылым, педагогика бағыттары бойынша білім алады. Ал оқытушылардың 20-30 пайызы шетелден шақыртылмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өткен жылы сұранысқа ие бес мамандық (медицина, ветеринария, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, агрономия, білім беру) бойынша 50 грантқа жергілікті бюджеттен қосымша 11,6 млн. теңге бөлінгенін атап өтті. Ғани Сақтағанұлы білім басқармасының алдына бірқатар міндеттер жүктеді. Соның ішінде дарынды балаларды қолдау шараларын арттыруды тапсырды. Жыл сайын өткізіліп отыратын ауылдық балаларға арналған “Мың бала” олимпиадасының жеңімпаздарын ынталандыру қажет.
Әсел Оразбаева,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.