«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙБІТШІЛІК ЖАРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің конфессиялық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгеріп, жаңа діни ахуал қалыптасты. Діни бірлестіктердің саны артып, республика аумағында жұмыс істейтін миссионерлердің іс-әрекеті қадағалана бастады. Діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, теріс ағымдар жайлы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, радикалды бағыттағы идеологияны насихаттауға ұмтылатындарға жол бермеу, заңсыз іс-әрекеттерін болдырмау басты міндетке айналды. Бүгінгідей күрделі ахуал жағдайында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, дін саласындағы мемлекеттік саясатты бәсеңдетпеу аса маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Парламент Мәжілісінде сөй­леген сөзінде кез келген сипаттағы жә­не ауқымдағы қатер кезінде аза­мат­тарымызды, конституциялық құ­ры­лым­ды, егемендікті барынша тиім­ді қорғаудың басымдығы ретінде діни экс­тремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыруды, олар­­дың криминалмен, әсіресе қыл­мыс­тық-атқару мекемелерінде жаза­сын өтеушілермен сыбайласып кетуі­не мүлдем жол бермеуді ерекше атады.

Әртүрлі дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруі, діни бірлестіктердің сыйласым­ды қарым-қатынасы діндарлардың құ­қықтары мен бостандықтарын сый­лау­ға, діни тағаттылыққа, өзара тең­дік қағидатына, діни ахуалды орнық­тыруға бағытталуы тиіс. Шетелдік діни бірлестіктердің Қазақстандағы қыз­меті, сондай-ақ шетелдік діни ор­та­лықтардың республикадағы бас­шы­ларын тағайындау тиісті мемле­кет­тік органдармен келісу арқылы жү­зеге асырылатыны, дінге көзқарасы­на, нанымына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны Ата заңымызда айқын жазылған. Дін істе­рі басқармасының негізгі қызметі “Ді­ни қызмет және діни бірлестіктер ту­ра­лы” Заңға, Қазақстан Республи­ка­сының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарына, Қазақстан Республика­сында діни экстремизм мен терро­ризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламаға негізделген. Дін сияқты өте сезімтал да нәзік сала үй­лесімді дамытуды, заман талабы­на орай ұдайы жетілдіріп отыруды талап етеді. Облыс бойынша 136 діни бірлестік пен олардың филиалы тір­келген, 164 ғибадатхана жұмыс істеп тұр. Миссионерлік қызметті 6 елден (Германия, Польша, Австрия, Ресей, Украина, Беларусь) келген 44 мис­сионер атқарады.

Діни конфессиялардың әралуан­дығына қарамастан, олармен бірігіп жұмыс жүргізуде жинақталған жақсы тәжірибелер аз емес. 2015 жылдан бері діни бірлестіктердің көшбас­шыларының клубы жұмыс істейді, ол 11 конфессия өкілінің бірегей диалог алаңы болып табылады. Клуб оты­рыс­тарын өткізудің форматы жетіл­діріліп, жұртшылықты толғанды­ра­тын өзекті мәселелер, қолда­ныстағы заңнамалар талқыланады. Экстре­мизм идеяларының таралуына жол бермеуге арналған әлеуметтік, мәде­ни, саяси тақырыптар қамтылады. Былтыр Рухани келісім күніне арнал­ған мерекелік іс-шаралар өтіп, дәс­түр­лі құндылықтарға баса көңіл бө­лінді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылған “дөң­ге­лек үстелдер”, семинар-конференциялар тағылымдылығымен есте қалды. Олардың ішінен қайың көшет­терін отырғызу акциясын, түрлі кон­фес­сия өкілдерінің тағамдар конкур­сын бөле-жара атар едік. Басқар­маның қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен тығыз әріптестік бай­ланысы дінаралық келісімді арт­ты­руға, конфессияаралық қатынас­тарды үйлестіруге, мемлекеттік ор­гандар мен діни ұйымдар арасын­да­ғы байланысты нығайтуға оң ықпа­лын тигізді. Түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан сотталғандар арасында “Үміт-2021” қолөнер ше­бер­лерінің көрмесі ұйымдасты­рылып, оның қорытындысы бойынша қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Былтыр әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде “Пандемия­дан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы діни көшбасшылардың рөлі туралы” атты келелі мәселе талқыланғаны белгілі. Биылғы іс-шаралар осы маңызды оқиға аясында ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, “Конфессияаралық келісім – тұрақтылық кепілі” тақыры­бында облыстық діни бірлестіктер көшбасшыларының форумын, “Руха­ни келісім – елдің өркендеуінің негізі” ғылыми-практикалық конферен­циясын өткізуді, облыс орталығында ислам оқу орталығын, “Қызылжар” мешіті жанынан медиаорталық, Сер­геевка қаласында жаңа православ шіркеуін, Бескөл және Новоишимка ауылдарында екі рухани орталық, Тайынша ауданы, Озерное ауылында құлшылық үйін ашуды жоспарлап отырмыз.

Өткен жылы Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасының төрағасы – бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлы, Қазақстан митрополиті Алек­сандр мен архиепископ Томаш Пэта өңірде жұмыс сапармен болып, дін­дарлармен, діни бірлестік өкілдері­мен кездесті. Жүздесулерде елдегі діни ахуал талқыланып, облыстағы жағдайдың тұрақтылығына байыпты баға берілді. Жастардың діни көз­қара­сын қалыптастыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екені айтылды. Мұндай ашық пікіралмасулар әр­алуан конфессиялы Қазақстанның экономикалық және рухани тұрақты­лығына қызмет етері анық. Бұдан бө­лек, діни сенім бостандығы мен мем­лекеттік-конфессиялық қатынас­тар­дың өзара ықпалдастығын қамтама­сыз етуде ақпараттық-ағарту және үгіт-насихат жұмыстарының қосып отырған сүбелі үлесін атап өткіміз келеді. Радикалды идеялардан жас буынды сақтандыруға, дәстүрлі ру­хани-діни артықшылықтарды түсінді­руге көңіл бөлінеді. Бұл жүйе мем­лекеттік саясаттың түрлі аспектілері бойынша оң қоғамдық пікір қалыптас­тырудың тегеурінді тетігі екенін айқын байқатты. Конфессияаралық қаты­нас­тарды нығайту, халықтың дінтану және құқықтық сауаттылығын артты­ру, діни экстремизм мен терроризм­нің алдын алу, сондай-ақ деструктив­ті діни ағымдардың радикалды идео­логиясына тұрақты иммунитетті қа­лып­тастыру басты бағдар болып қала береді. Бүгінде өңірде 16 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Былтыр 1936 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, 27 мың адам қамтылса, 745-і жастар аудиториясына арналды. 64 оқыту іс-шараларына 2000 адам қатысты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері коми­тетінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес, халықтың нысаналы топта­рына баса назар аударылып, ақпа­раттық-түсіндіру жұмысы жаңаша ұйымдастырылды.

Десек те шалғай елді мекендерге барып, тұрғындар арасында ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу деңгейі әлі де сын көтермейді. Бұған қоса, діни экстремизм мен терро­ризмнің алдын алуға бағытталған жобаларды қаржыландыру жағы жеткіліксіз. 2021 жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында 3102 мың теңгенің 15 жобасы ғана іске асырылды. Айыртау, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында бұл жұ­мысқа бар-жоғы 100 мың теңгеден қарастырылса, Шал ақын ауданында мүлдем қаржы бөлінген жоқ. Биыл аздап болса да ілгерілеу байқалады. Айыртау және Мамлют ауданда­ры­нан басқа аудандар 12 жобаға 5263 мың теңге бағыттап отыр. Құқық қор­ғау органдарымен, ресми дін өкіл­дерімен өзара іс-қимыл бірізділенді. Бұл тұрғыдан алғанда “Ақниет” рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің көмегі зор. Тыйым салынған діни топ­тардың деструктивті идеологиясына қарсы бағытталған кешенді іс-шаралар жанданды. “Киберқадағалау” ақ­параттық жүйесінде тыйым салынған контенттің сілтемелерін бұғаттауға ба­ғытталған жұмыс күшейтілді. Басқар­ма мамандары 884 көрнекі материал әзірлеп, жұртшылық жиі келетін қоғамдық орындарға орналастырды.

Қазіргі таңда имандылыққа бет бұрған, діннен хабары мол жастарды жиі кездестіреміз. Бұл – қуантарлық жағдай. Бес солтүстікқазақстандық сту­дент елімізде базалық теология­лық білім алып, оқуларын Түркия мен Мысырда жалғастыруда. Дін адамды төзімділікке, шыдамдылыққа, жаман әдеттерден бойды аулақ салуға тәрбиелейді. Өкінішке қарай, қарапа­йым діни сауаттылықтың болмауы салдарынан жат ағымдарға ілесіп, оның соңы лаңкестіктерге, экстре­мизмге ұрындырып жатады. Жат ағымның уытына елтіп, Сириядағы радикалдық топтардың сойылын соққан үш әйелдің жазасын Петро­павл түрмесінде өтеп жатқаны – со­ның нақты айғағы. “Жусан” опера­ция­сы барысында 157 әйелдің қайта­рылуы, олардың арасынан 18-і қол­да­рына қару алып, террорлық ұйым­дарға мүше болуы алаңдатпай қой­майды. “Ойнақтаған от басар” де­мекші, оң-солын айыра қоймаған жас­өспірімнің жаза басып, жат ағымдар­дың құрбанына айналуы, басқа идея­ның ықпалында кетуі оп-оңай. Сон­дық­тан дін мен мемлекет, дін мен тәрбие үйлесімін қамтамасыз ету – бірден-бір ізгілігі мол шапағатты жол. 2021 жылғы 29 желтоқсанда Мем­лекет басшысы “Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актіле­ріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Бұдан былай діни бір­лестіктерді тіркеу, діни іс-шараларды өткізу үшін оларды жүргізудің рұқсат беру сипатынан хабардар ету сипа­тына көшу, дінтану сарапта­масын жүр­гізуге психологтарды, әлеумет­тану­шыларды және басқа да маман­дарды тарту діни мазмұндағы ақпа­раттық материалдардың сапасын арттырары сөзсіз.

Рауза ҚАСЕНОВА,

облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp