Солтүстік Қазақстан облысында экономиканың негізгі салаларында оң өсім бар. Өңірде өнеркәсіптің, инвестиция тартудың және баспана салудың өсу қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында 2021 жылдың қорытындысы шығарылғанын жазды.
Өңір басшысының айтуынша, коронавирус індеті, құрғақшылық пен құрылыс материалдарының қымбаттауы сияқты қиындықтарға қарамастан, 12 айда облыс экономикасының негізгі салаларында өсім сақталған.
«Өңірде өнеркәсіптің, инвестиция тартудың және баспана салудың өсу қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. 2021 жылы өнеркәсіп саласындағы өсім 105,8 %-ды құрады. Бір жылда өндірілген өнім көлемі 315 млрд теңгеден 365 млрд теңгеге дейін өсті. Біздің зауыттар тапсырыстар портфелін 30 %-ға көбейтіп, 58 млрд теңгеге жеткізді. Ауыл шаруашылығында индекс көлемі 87,9 % құрады. Бұған құрғақшылық әсер етті. 2020 жылға қарағанда астықтың көлемі төмен болғанымен, бидай мен майлы дақылдарға деген жоғары бағаның арқасында жағдайды түзей алдық», – деп жазды Құмар Ақсақалов.
СҚО – инвесторлар үшін тартымды. СҚО әкімінің айтуынша, бұл инвестицияның өсімін 110,1 % -ға жеткізуге мүмкіндік берді.
Барлығы 332 млрд теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, жеке инвестицияның үлесі – 83 %, бұл – жақсы көрсеткіш.
«Құрылыс саласында 105,8 %-ға өсім бар, көлемі 107 млрд теңгені құрады. Бұл құрылыс және жөндеу жұмыстарының барлық түрін қамтиды. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 114,7 %-ға өсті. 2021 жылдың басында біз 340 мың шаршы метр баспана салу міндетін қойдық, нақты 351 мың шаршы метр тұрғызылды. Биылғы жоспар – 400 мың. 50 бюджеттік және коммерциялық үйдің құрылысын жалғастырамыз және бастаймыз», – дейді СҚО әкімі.
https://www.inform.kz/