Қызылжар өңірінде қаңтар айында облыстық көші-қон қызметінің мамандары 39 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты, оған негізгі себеп – Қазақстан Республикасында болу мерзімін бұзу. Бұдан бөлек, облыстың 58 тұрғыны да жазаға тартылды, олардың басым бөлігі шетелден қонаққа келген азаматтар туралы үш жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарын хабардар етпеген.
Осындай фактілерді анықтау бойынша жұмыс облыста өткізіліп жатқан “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіпті күшейтілді. Көші-қон қызметінің мамандары базарларды, құрылыс алаңдарын, шаруашылықтар мен заңсыз еңбек мигранттарын жиі кездестіруге болатын өзге де орындарды тексеруде. Петропавлда жұмысқа орналасуға құқығы жоқ өзге елдің тұрғынын жөндеу жұмыстарына жалдаған кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта біздің облыс аумағында 2593 шетел азаматы жүр. Қаңтар айында шетелдіктерге жұмысқа орналасуға 105 патент берді. Жалпы өңірдегі көші-қон жағдайы тұрақты. Шетелдіктер мен оларды қабылдаушы адамдарға Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарын қатаң сақтауға кеңес береміз.
Талғат ӘБІЛОВ,
облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.