Газетіміздің 2022 жылы 25 қаңтар күнгі санында “Қазақ мектебіне қатынау қиын” деген атаумен Мамлют қазақ мектеп-интернатына қатысты мақала жарияланған болатын. Онда “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасымен көшіп келген тұрғындардың балаларының мектепке қатынауы сөз болған еді. Ал басылымның 28 қаңтардағы санында қаланың іргесіндегі Воскресеновка ауылындағы оңтүстіктен көшіп келген қандастардың жанайқайын “Қазақ сыныбы ашылып, жайылым берілсе” деген тақырыппен берген едік.
Тарқата айтсақ, бірінші мақалада хат иесі мектепте оқитын қызының қаланың екінші шетіндегі мектепке жетуі қиын екенін, таксимен апаруға қалтасы көтермейтінін, Мамлют қазақ мектеп-интернатындағы “ГАЗель” көлігі тасымалдаса деген ұсыныс білдірген еді. Қаланың Жұмысшы кентінде басқа да ана-алалар балаларын сабаққа апаруға қиналып отырғаны айтылған. Кейбірі амалсыздан жақын жердегі орыс мектебіне беруге мәжбүр болғаны да жызылған.
Екінші мақалада Мамлютка қаласының іргесіндегі Воскресеновка ауылында қазақ мектебі тұрмақ, қазақ сыныбы да жоқ. Көшіп келген отбасылар ауылдағы білім ошағында қазақ сыныбы ашылып, аралас мектеп болғанын қалайды.
Газет бетіне шыққан түйткілді мәселеге “Facebook” әлеуметтік желісін қолданушылар да пікір білдірген болатын. Олар бір ауыздан қазақ мектебінің немесе қазақ сыныбының болуы ең негізгі қажеттілік екенін, жергілікті билік басындағылар осы жағын ойластыруы керектігін жарыса жазды. Расында оңтүстіктен қоныстанушылар үшін ең бірінші керегі баспана, екіншісі балалары оқитын мектеп. “Өзекті мәселе! Дереу қолға алатын және шұғыл түрде шешетін сұрақ деп санаймын. Жыл сайын колледж, университет түлектері оқу бітіріп жатыр. Мамандар жеткіліксіз деп айта алмаймын. Көлік мәселесін шешу (оқушыларды тасымалдайтын) аудан әкімдігіне соншалықты қиын емес. Мектептің материалдық базасы мен оқушылар санын, жалпы әлеуетін жан-жақты талдаудан өткізіп отырған облыстық білім басқармасы бар. Бұл мәселенің туындауына не себеп болды екен? Жан-жақтан көшіп келіп жатқан ағайындарымыздың қажеттіліктеріне бірінші кезекте жайлы орта, жылы үй, одан кейін жұмыспен қамтамасыз ету және міндетті түрде мектепте қазақша оқыту мүмкіндіктерін ойластыру қажет”, – деп жазды Жанар Таласбаева есімді желі қолданушысы. “Егер ата-аналар өтініш жазса, онда келесі оқу жылында мемлекеттік тілде сынып ашу мүмкіндігі болады”, – деп пікір білдірді Бағдат Мұқанова.
Қоғамдық пікір тудырған бұл мәселеге қатысты білім басқармасы жауап жазды. “Балаларды тасымалдау мемлекеттік қызмет болып табылады және мектебі жоқ елді мекендердің балалары үшін жүзеге асырылады. Мамлютка қаласында 4 мектеп бар, сондықтан тасымалдау мемлекеттік қызмет шеңберінде ұйымдастырылмайды. Сонымен қатар ата-аналар өтініштерінің негізінде Мамлют мектеп-гимназиясымен тасымалдау жүзеге асырылады және 1 ақпаннан қамқоршылық кеңеспен келісім бойынша қаланың алыстағы шағынаудандарынан Мамлют қазақ мектеп-интернатына оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылатын болады.
“Воскресеновка орта мектебінде 131 оқушы бар. Қазақ сыныптарын ашу мәселесімен биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін ата-аналардан өтініш түскен жоқ. Өтініш болған жағдайда жаңа оқу жылында қазақ тілінде сыныптар ашу мәселесі қарастырылатын болады”, – делінген басқарма берген жауапта.
Мамлютка қаласындағы ата-аналармен хабарласқан едік, білім бөлімі балаларды жеңіл көлікпен мектепке апарып-алып келіп жатқанын қуанышпен жеткізді. Ал Воскресеновкадағы қандастар мәселенің шешілуін келесі қыркүйекке дейін күтуге әзір. Тек айтылған сөз жерде қалмай, жүзеге асса игі.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.