«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“РИНГКЕ ОРАЛУ ОЙЫМДА ЖОҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бокс – еліміздегі кең тараған спорт түрлерінің қатарында. Қызылжарлықтар да халықаралық деңгейде түрлі додалардың жеңімпазы атанып, көк Туымызды желбіретіп жүр. Облыстың бокс тарихында атын алтын әріптермен жаздырған, ел мақтанышына айналған Жанат Жақиянов былғары қолғабын шегеге ілгелі оны іздейтіндер көбейді. Жақында кәсіпқой бокстан WBA (Super) нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы, бүгінде Камиль Сафин атындағы бокс мектебінің директорымен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Жанат Ескендірұлы, еліміздің боксын екі кезеңге бөліп қарауға болатындай. Алғашқысы – кеңес­тік кезең және сол кездің бапкер­лерінен тәлім алған егемендіктің алғашқы ширегіндегі боксшылар. Екіншісі – қазіргі былғары қолғап шеберлері. Екеуінде қандай айыр­машылық бар?

– Айырмашылығы жер мен көктей. Спортшылардың техникасы жайлы әңгіме бір бөлек, психологиялық-мора­льдық тұрғыдан өзгерістерге ұшы­рады. Біздің бала кезіміздегі бокс кө­біне төбелеске ұқсайтын. Қарсылас­ты қан-жоса ғып сабап, айқын басым­дықпен ұтуға тырыстық. Қарсылас та қарап тұрмайды ғой, ол да намысқа тырысып, барын салатын. Рингте кө­рерменнің айызы қанатындай жекпе-жектер өтетін.

Қазір “мәдениетті” төбелесу үрдісі қалыптасты. Қолғабыңды қарсылас­тың денесіне тигізсең болды ұпайың түгел. Ол да дұрыс шығар. Бұл жерде айтпағым, техникаң мықты болғанымен, психологиялық жағынан әлсіз кө­рінсең жеңіске жету қиын. Қазіргі боксшылар содан ақсап тұрған сияқ­ты. Бапкерлер шебер психолог бо­луы тиіс. Мықты спортшы тәрбиелеп шығару – жаттықтырушыға аманат.

– Бұрынғы мықты боксшылардың бәрі ауылдан шыққандар. Қазір де солай ма?

– Ауылда дарындылар көп шығар, бірақ кез келген спорт түрінен қандай да бір жетістікке жету үшін ол жеткіліксіз. Биік тұғырлардан көрініп жүрген қай спортшыдан сұрасаңыз да менің сөзімді дәлелдеп береді. Өйткені жеңіске жету үшін 1 пайыз дарын, 99 пайыз жаттығу қажет.

– Камиль Сафин атындағы об­лыстық бокс мектебіне басшылық етіп отырсыз, шәкірттеріңіздің жетістіктері көңіліңізден шыға ма?

– Бүгінде облыстық бокс мектебін­де төрт жүзге жуық бала жаттығады. Спортшыларға 14 бапкер тәлім беріп, түрлі деңгейдегі сайыстарға даяр­лайды. Нәтиже жаман емес. Мамандар бүгінге дейін жүздеген спорт шеберін баптап шығарды.

– Спорт дамуы үшін жаттығу залдары, құрал-жабдықтар заманға сай болуы керек. Бұл тұрғыда бокс мектебіндегі ахуал қалай?

– Әрине, кәсіби даярлықтан бөлек жайлы орын, жаңа жаттығу құралда­рымен қамтамасыз ету маңызды. Соңғы кезде залдың іші тоза баста­ғаны рас. Ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген нысанның қабырғаларынан өң кетіп, спорттық жарақтар да ескірген еді. Сондықтан өткен жылдың сәуір айында басталған жөндеу жұ­мыстары қыркүйектің аяғында өз мә­ресіне жетіп, жаңадан құрал-жабдықтар сатып алынды. Ғимараттың терезелері, едені ауыстырылды, жарық шамдары ор­натылды. Одан бөлек, балалардың киім ауыстыруы үшін арнайы бөлме, жуынатын орын жасалды. Медициналық кабинет те жұмыс істеп тұр.

Біздің өңірде бокс мектебінен басқа да жаттығу алаңдары жеткілікті. Мықты бапкерлер де бар. Тек ерінбей жаттығу қажет. Жігіттерге көп жағ­дайда жүйелі дайындық жетіспейтін сияқты көрінеді. Бала кезімізде жер­төлелерде жаттығатын едік. Дәріге­ріміз де, анамыз бен әкеміз де – сол жаттықтырушылар болды. Қазіргі жастарға жасалып жатқан жағдайдың бірін де көрмедік. Десек те, кез келген спорттың дамуы қаржылай қол­дауға байланысты. Біздің облыс спортының даму деңгейі басқа өңірлерге қарағанда артық болмаса кем емес.

– Былғары қолғапты шешке­ні­ңізге төрт жылдан астам уақыт өте шығыпты. Сіздің жолыңызды жалғайды-ау деп жас буындар қата­рынан кімдерді айта аласыз?

– Камиль Сафина атындағы бокс мектебінен түлеп ұшқан Евгений Павлов деген спортшыны айтуға бо­лады. Бүгінгі таңда кәсіпқой дең­гейдегі жарыстарға шығып жүрген жалғыз жерлесіміз. Евгений өзінің кәсіпқой бокстағы жолын 2020 жылы бастады. Қазақстандық “Suleimen Promotions” компаниясымен келісімшартқа отырып, қазіргі уақытқа дейін сол промоушенмен жұмыс істеп ке­леді. Ол – өңіріміздің тумасы, бокс және кикбоксингтен Қазақстан Рес­публикасының спорт шебері, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарха­новты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы және “Бокс королі – 2019” халықаралық турни­рінің күміс жүлдегері атанған. Павлов кәсіпқой рингте 6 жекпе-жек өткізіп соның 4-ін нокаутпен жеңді. Бұл – жақ­сы көрсеткіш. Әрине, оның артынан еріп, жетіліп келе жатқан жас буын жетерлік.

– Жанат Ескендірұлы, енді өзіңіз туралы көпшіліктің көкейінде жүр­ген сауалдарға кезек берсек. Британдық Райан Барнетке қарсы соң­ғы өткізген жекпе-жекте жеңілгеніңізді мойындайсыз ба? Жан­күйерлер төрешілік әділ болмады дегенді айтады.

– Бұл бокс кешінде мен WBA (su­per) нұсқасы бойынша чемпиондық атақтан айырылып қалған едім. Қабырғаны қайыстырған жайт болғаны рас. Өйткені бұл титулға жету үшін мен барлық күш жігерімді салып, аме­рикалық Роши Уорренді жеңгенім жан­күйерлердің есінде болар. Бұл атақты Барнетке қарсы өткізген жекпе-жекте қорғауға тырыстым, барымды салдым. Бірақ кездесу біткеннен кейін төрешілердің қойған бағаларын көргенде өзім де, менің бапкерім Рик­ки Хаттон да қатты таңғалдық. Тағы бір күмәнданатын жайт – қарсыла­сым айқас біткеннен кейін әр боксшы тапсыруы тиіс екінші допинг тесттен өтпеді. Осы жерде де бір гәп бар екенін барлық спорт сарапшылары айтқан болатын. Жеңіліске ұшырауыма тағы бір себеп – жекпе-жек Райан Барнеттің отаны Англияда өтуінде.

– Білектің күшімен бүкіл әлемді мойындатқан Майк Тайсон, Рой Джонс сынды бокс майталмандары соңғы кезде рингке қайта оралып, жекпе-жектер ұйымдастырып жүр ғой. Кәсіпқой боксқа қайта оралғыңыз келмей ме?

– Жоқ. Мен боксқа спортшы ретінде барымды бердім. Алар асуымды ал­­дым. Бір сөзбен бар қуатымды сарп еттім десе де болады. Ендігі мақ­сатым – бокс мектебінің басшысы ретінде өңірімізде осы спорт түрін одан әрі дамыту. Барлық күш-жіг­е­рімді жас буынды тәрбиелеуге сал­ғаным дұрыс деп ойлаймын.

– Артыңыздан еріп келе жатқан ізбасарларыңызға қандай тілек айтасыз?

– Боксты енді бастап келе жатқан жастарға айтарым, армандай білің­дер және соған жететіндеріңе сенің­дер! Ешқашан мойымаңдар. “Мүмкін емес деген жалған сөз. Оның артын­да әлсіз адамдар жасырынып оты­рады”, – деген Мұхаммед Әлидің сө­зін есте ұстаңдар. Қандай кедергі бол­са да тек алға ұмтылыңдар дегім ке­леді.

Сұхбаттасқан

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp