Қаңтар айының ішінде көші-қон қызметі бөліністері алты солтүстікқазақстандыққа ескі үлгідегі төлқұжаттарының орнына қазақстандық жаңа жеке куәлік берген. Өткен жылы облысымыздың 47 тұрғыны қызыл төлқұжаттарын жаңа үлгідегіге алмастырды.
Өткен жылғы қараша айында Аққайың ауданының полиция бөліміне шалғайда орналасқан Новороссийское ауылының 53 жастағы тұрғыны жүгінген. Оның жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болып шықты. 1974 жылғы үлгідегі ескі төлқұжатын да жоғалтып алыпты. Көші-қон қызметінің маманы, полиция майоры Махаббат Сейітова қысқа мерзім ішінде оның азаматтығын анықтады. Жеке куәлігін үстіміздегі жылғы ақпанның алғашқы күні табыстады. Сондай-ақ полицейлер оның аталмыш елді мекендегі шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасуына көмектесті. Ер адам “Instagram” әлеуметтік желісі арқылы тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Одан өзге, полицейлер жеке басын айғақтайтын бірде-бір құжаты жоқ 39 адамның құқықтық мәртебесін реттеуге көмектесті.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.