«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қыста қауіп еселенеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орын­басары Марат Қанғожинов, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас­тығы Дмитрий Растихин өңірлік коммуникациялар қызметінде өт­кен брифингте қыс маусымы кезінде қызыл жалыннан сақтану шара­лары және қар құрсауында қалғандарды құтқару туралы айтып берді.

Дмитрий Растихин өз сөзінде 2021-2022 жылғы жылыту маусымы бастал­ғаннан бері облыста 195 өрт болғанын жеткізді. 12 адам “тілсіз жаудың” құр­баны болған. Түрлі дәрежеде дене жа­ра­қатын алғандардың саны – 13. 20 адам уланған. Келтірілген материал­дық залал – 12 млн. теңге. Өткен аптаның ішінде 14 өрт фактісі тіркеліпті. Қызыл жалын қаупі туралы 90 мыңнан астам жадынама таратылған. Рейдтер кезінде 1952 үйде электр жабдықтары мен жылыту жүйелерін пайдалануда кемшіліктер бары анықталған. Қыс бас­талғаннан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 981 дабыл­қаққыш орнатылған.

Дмитрий Растихин адам өміріне қауіп төндіретін, соңы қайғылы оқиға­ларға соқтыратын оқыс жағдайларды болдырмау, алдын алу үшін электр сымдары мен түрлі аспаптардың жа­рамдылығына ерекше назар аударуға, пеш жағылған үйлерді қараусыз қалдырмауға кеңес берді.

Департамент бастығының орынба­са­ры Марат Қанғожиновтың айтуынша, қыста тұрғындардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету шаралары күнібұрын ойластырылған. Дауылды ескертулер, ав­томобиль жолдарындағы қозғалыстың жабылуы немесе шектелуі жайлы ұялы телефондарға хабарлама жіберіледі, “Дәрмен” мобильді қосымшасы, әлеу­мет­тік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да хабарланады. Биыл 54 дауылды ескерту жария­лан­ды. Автожолдардағы қозғалыстарға 12 рет шектеу қойылған. Алайда тұрғын­дар арасында бұл ескертулерді елей бермейтіндер бар. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 13 техника, 38 адам құтқарылды. Жалпы өңір бо­йынша ауа райы күрт бұзылған жағ­дайда қосымша 39 техника, 14 мобиль­ді іздеу тобы көмектесуге әзір.

– “Қазгидрометтің” болжамы бойынша ақпан айында бұрқасын болып, тем­пература айтарлықтай төмендеуі мүмкін, көктайғақ болады. Осыған байла­нысты қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды. Су айдындарында қауіп­сіздік ережелерін елемеу салдарынан қысқы кезеңде 4 адам суға кеткенін айта кеткен жөн, – деді Марат Қанғожинов.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp