Солтүстік Қазақстан облысына нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2017-2021 жылдар аралығында 2700 отбасы қоныс аударды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, мемлекеттік бағдарламаның арқасында облыс тұрғындарының саны 9120 адамға артқан. Олардың 3874-і еңбекке қабілетті жастағылар, 3100-і еңбекпен қамтылған. Ал 550 адам бала күтіміне байланысты демалыста отыр, 220-сы зейнеткер. Көшіп келгендер арасында 4300 бала, 276 студент бар. Қоныс аударушылардың қажетіліктерін өтеуге осы аралықта 1,9 млрд. теңге жұмсалған.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс күші мол өңірлерден ерікті түрде қоныс аударушыларға көшуге материалдық көмек көрсетіліп, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық ақысын төлеу шығындары өтелді. Қысқамерзімді курстардан өтіп, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берілді. 20 жылға жалдамалы тұрғын үй ұсынылды. Ай сайынғы төлем шамамен 10 мың теңгені құрайды. 5 жылдан кейін тұрғын үйді қалған құнын өтеп, сатып алуға болады. Бағдарлама 2021 жылы аяқталды. Биыл “Қуатты өңірлер” ұлттық жобасы аясында көші-қон жалғасын таппақ, – дейді басқарманың бас маманы Назерке Тасқұлова.
Көшуге материалдық көмек ретінде отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайын, отбасы құрамы мен қоныстандыру орнына байланысты он екі ай бойы 15-30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат төленеді.
– 600-дей адам келген жақтарына қайтадан кетіп қалды. Негізгі себеп – отбасылық жағдай, ауа райының қолайсыздығы. Баспананың жайсыздығына байланысты кеткендер де бар, ол жайында әлеуметтік желіде айтылды. 2020 жылға дейін келушілерге көшіп келген аймақта бір жыл тұру міндеті қойылды. Сондықтан олар әлеуметтік талапты орындағандықтан, мемлекеттен алған көмекті қайтармайды. Ал талапты орындамағандар өз еріктерімен, болмаса сот арқылы жұмсалған ақшаны қайтарады, – дейді Назерке Тасқұлова.
Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аудару мәселесіне қатысты ақпарат “Enbek.kz” электрондық еңбек биржасы порталында “Азаматтарға арналған қызметтер” қосымшасының “Қоныс аудару” бөлімінде орналастырылған. Порталда қоныс аударуға жәрдемдесу туралы ақпаратпен, көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен, нормативтік-құқықтық актілермен танысуға болады.
Анастасия Дроняк,
журналист.