«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Делдалсыз сауда – қолжетімді азық-түлік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын толықтыру, бағасының қолжетімділігі – Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің алдында тұрған негізгі міндет екенін, егер сауда нүктелерінде қажетті өнімдер болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өткен болатын. Мемлекет басшысы алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірлеуді, импортқа тәуелділікті жоюды тапсырды. Жергілікті билік орындары бұл ретте бағаны бақылауда ұстаудың, тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың барлық жолдары мен мүмкіндіктерін жете қарастырып келеді.

Қазіргі уақытта өңірлік тұрақтандыру қорында бірінші сұрыпты 1900 тонна ұн, 124,3 тонна макарон өнімдері, 55,2 тонна күріш, 42,6 тонна қарақұмық жармасы, 96,8 тонна тұз, 2,3 тонна құс еті, 138,4 тонна қырыққабат, 323 тонна сәбіз, 944 тонна картоп, 182,4 тонна пияз, 262 тонна күнбағыс майы, 219,4 тонна қант бар.

Сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тиімді шараларының бірі ретінде кәсіпкерлік субъектілеріне “айналым” схемасы бойынша қарыз беру тәсілі кеңінен қолданылады. Бұл жүйе шеңберінде саланы қаржыландыру 1,3 млрд. теңгеден 1,9 млрд. теңгеге, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу көлемі 1,5 есеге дейін ұлғайды. Барлық өнім түрлері жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады. Атап айтқанда, тұрақтандыру қорынан тауар интервенциясы жүргізіліп, өнімді өткізу ірі сауда желілері мен тұрақтандыру қорының нүктелері арқылы жүзеге асырылады.

Ұн өңдеу кәсіпорындарына 3 мың тонна көлемінде астық сатып алуға қаражат бөлінеді. Әлеуметтік нан мен макарон өнімдерін өндірушілерге ұн қолжетімді бағамен босатылады. Айына жарты миллион бөлке нан пісіретін Петропавл нан-тоқаш комбинатына да осындай жеңілдік жасалған. Қазір ұн, макарон және әлеуметтік нанның бағасы тұрақты. Жарма зауытына күріш сатып алуға және бөлшек сауда желісіне төмендетілген бағамен жеткізуге бір жылға айналым қаражаты беріліп, қарақұмық сатып алу көлемі артты.

Бүгінгі таңда сауда желілерінде күріштің әр килосы 230 теңгеден, қарақұмық 330 теңгеден сатылуда. “Айналым схемасына” күнбағыс майы мен қант өнімдері де енгізіліп, 635 және 312 теңгеден босатылуда. Сәбіз, қырыққабат, пиязды тікелей, делдалсыз және арзан бағамен жеткізу мақсатымен кәсіпкерлерлерге де айналым қаражаты беріледі. Тұрақтандыру қорынан алынған картоп, сәбіз – 115, пияз, қырыққабат 95 теңгеден сатылуда. Жыл сайын жергілікті құс фабрикаларымен екіжақты меморандумға қол қойылады. Ол бойынша он дана жұмыртқаның бөлшек сауда желісінде бекітілген бағасы – 280 теңге.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 883 кәсіпкермен 617 меморандум жасалды. Олардың арасында көтерме және бөлшек сауда, сүт өңдеу кәсіпорындары, құс фабрикалары бар. Жәрмеңкелерді жүйелі түрде өткізу тәжірибесі жалғасуда. 2021 жылы 112 жәрмеңке ұйымдастырылып, 214,8 млн. теңгеге 180,5 тонна өнім, оның ішінде 652,8 мың дана жұмыртқа саудаланды.

Бұдан бөлек, “Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерлерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы” Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы әзірленді. Тұтастай алғанда, сауда орындарында азық-түлік тауарлары жеткілікті, тапшылық байқалмайды. Жағдай тұрақты бақылауға алынған.

Данияр ИСАЕВ,

облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp