«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оңалту орталығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеке оңалту орталығы бір айдан бері жұмыс істеп келеді. Ерекше балалардың ата-аналарының бастамасымен ашылған орталықта осы уақыт ішінде 30-дан астам балақай терапия курсынан өтті.

Ата-аналар орталыққа елордалық мамандарды – емдік денешынықтыру дәрігерлері мен логопедтерді шақырған. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған, даун синдромы, арқа бифиді және церебралды сал ауруы бар балалар терапиядан ақылы негізде өтіп жатыр.

– Әр маман 15 баладан артық қабылдай алмайды. Біз алдағы уақытта орталықтың дамығанын, қосымша кабинеттердің ашылғанын қалаймыз. Сонымен қатар мұнда ең үздік логопед, психологтарды шақыруға ниеттеніп отырмыз, – дейді қала тұрғыны Айгүл Ешманова.

Алты жасар Артем Бормотовқа мамандар церебралды сал ауруы диагнозын қойған. Бүгінгі таңда ата-анасы Артемнің жағдайын жақсарту үшін барын салып жүр. Анасы Оксана Бормотова осыдан бес жыл бұрын елордадағы оңалту орталығы мамандарының тегін көмегіне жүгінгендерін айтты. Содан кейін оларға ешқандай қолдау болмапты.

– Біз оңалтудан дер кезінде өтпеген соң уақыт жоғалтып алдық. Өңірімізде мен сияқты мүмкіндігі шектеулі сәби тәрбиелеп отырған ана аз емес. Олардың жағдайын жақсы түсінемін. Мемлекет тарапынан төленетін азғантай ақшаға біз сәбиіміздің денсаулығын толық жақсарта алмаймыз. Бұл орталықты ашуға ұйытқы болғандардың бірі – өзіммін. Ауыр дертке шалдыққан балалар жазылып кетсе, жандары жаралы ана мен әке жыламаса, одан асқан бақыт жоқ, – деді ол.

Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі балалар мемлекеттік квота бойынша емделуге жылына бір рет қана жіберіледі. Оның курсы 2 аптаға дейін ғана созылады екен. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Ерекше балаларға терапиялық ем үзіліссіз, яғни айығып кеткенше жүргізілуі қажет. Сондықтан болар бауыр еті балалары үшін олар бәріне дайын.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp