«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірде былтыр өкпе обырынан 93 адам қайтыс болса, 210 адам есепке алынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында өкпенің қатерлі ісігі былтыр жаңадан 210 адамда анықталған. Қазіргі уақытта 400-ге жуық адам дәрігерлердің есебінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО онкологиялық орталықтың онкология блогының жетекшісі Жігер Дүйсеновтің айтуынша, өкпе обырын ерте кезеңде анықтаудың нәтижесінде бұл қауіпті дерттен жазылып шығуға болады. Сондықтан әсіресе темекі шегушілер, кәсіпорындарда өкпе обырын тудыратын канцерогендермен жұмыс істейтіндер, өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар, 50 жастан асқан ер адамдар денсаулықтарына аса мән беріп, тексерулерден өтіп тұруы тиіс.

«Тәуекел тобына кіретіндерге берер кеңесім: жылына бір-екі рет өкпені рентген арқылы тексерту қажет, жөтелгендегі қақырыққа мән беріп, онда қан болған жағдайда дереу дәрігерге көріну керек. Сондай-ақ, жөтел күшейіп, дәрі көмектеспеген жағдайда, тыныс алу ауырлап немесе кеудеде ауырсыну, температураның түсініксіз жоғарылауы пайда болғанда бірден тексеруден өткен жөн. Бұл – өкпенің қатерлі ісігін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Неғұрлым дертпен күресті ерте бастасақ, соғұрлым нәтиже береді. Ал ол үшін бізге сырқаттың көмегі аса қажет. Өйткені обыр бастапқыда сыр бермейді», – дейді Жігер Дүйсенов.

Өкпенің қатерлі ісігін емдеудің басқа онкологиялық аурулардағы сияқты бірнеше жолы бар, негізгілері – хирургиялық, сәулелік және дәрі-дәрмекпен емдеу.

«Өкпенің қатерлі ісігінде хирургиялық жол, атап айтқанда метастаздар болмаған кезде ісікті толығымен алып тастау ең тиімді болып саналады. Қазіргі уақытта 70 жастан асқан науқастарға да бұл оталар жасала береді. Сәулелік және химиотерапияның өкпе қатерлі ісігін емдеуде де маңызы зор. Оларды хирургиялық әдіспен бірге қолдану емдеу нәтижелерін едәуір жақсартады. Өкпе обырының дәріге және радиацияға аса сезімтал түрлері бар. Алайда, ауруды асқындырмай ерте көрінгендердің жазылып шығу көрсеткіші жоғары», – дейді дәрігер.

СҚО-да 2020 жылы 173 адамда өкпенің қатерлі ісігі анықталса, былтыр 210 сырқат дәрігерлердің бақылауына алынған. Екі жылда 184 адам қайтыс болған, тең жартысы өткен жылдың үлесінде. Қазір онкологиялық орталықта 383 адам есепте тұр. Олардың 123-і үшінші сатыда болса, тағы 24 науқастың жағдайы нашар.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp