Қазақ ежелден сәбидің тәрбиесінен бөлек, оның денсаулығына құрсақта жатқан кезден бастап үлкен мән берген ғой. Бүгінде жаңа туған сәбилерге жасалатын қамқорлық қай деңгейде? Бұл сұраққа бір сөзбен жауап бере салуға болмас. Өйткені нәресте күтімі барлық отбасында бірдей деуге тағы болмайды.
Бала өмірінің алғашқы кезеңі оның миының дамуында үлкен маңызға ие. Жуырда ЮНИСЕФ Балалар қоры “Early Moments Matter” атты сәби миының дұрыс дамуына арналған бағдарлама жасап шығарды. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен басталатын 1000 күн баланың бүкіл денсаулығына зор ықпал етеді.
Міне, осы мәселені ЮНИСЕФ мамандары барша ата-анаға жеткізуді көздейді. Бала миының қалай дамитынына әдетте ата-аналар мән бермейтіні байқалады. Баласы мектеп партасына отырғанда ғана, оның үлгеріміне назар аударады. Бірақ сол үлгерімнің нашарлығы немесе баланың психологиялық күйіндегі ақаулықтар нәресте кезіндегі күтімнің дұрыс болмауынан екенін ескермейді.
Бала туған сәттен бастап, бес жасқа дейінгі сындарлы кезеңде ми жасушалары секундына 1000 жаңа қосылыс түзеді. Бұл қосылыс процесі содан кейін ешқашан қайталанбайды. Қосылыстар баланың дүниені танудағы сезім-күйіне, танымына, болашақтағы денсаулығына, тіпті бақытты болуы үшін де аса маңызды. Осындай маңызды қосылыстар бала күтімі дұрыс болмаса, сәби ана махаббатын толық сезінбесе, отбасы ұрыс-керістен көз ашпаса және тазалық болмаса дұрыс түзілмейді екен.
Сәби өмірінің алғашқы кезеңінде оны бағып-қағуға инвестиция құю оның болашақтағы білім алудағы қарым-қабілеті мен жұмысқа икемді болуына әсер ететін басты мәселе дейді, халықаралық сарапшылар. Үш жасқа дейін баланың миына қоршаған ортаның әсері өте күшті. Осы тақырыпта зерттеу жүргізген Гарвард университетінің ғалымдары баланың алғашқы өмір кезеңі оның болашақтағы кәсібіне де, қоғаммен байланыс орнату қабілетіне де негіз болып табылатынын айтуда. Сәби дүние есігін ашқанда миында жасушалар өте көп болады. Есею барысында ми жасушаларының саны азая береді.
Шетел ғалымдары баланы тәрбиелеп өсіруде тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету ғана емес, ұлды да, қызды да ұдайы еңбекке баулу қажеттігін айтуда. Баланы ойыннан басқа кезде бос қоймай, интеллектуалдық дамуы үшін пайдалы іспен айналысуына түрткі бола білген жөн. Баланың дүниетанымын кеңейтетін тақырыптар төңірегінде әңгімелесіп, сұрақтар қойып, пікірін тыңдау керек. Оған ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жасырмай ашық айтқан да абзал.
Қазіргі кезде балалардың ойнамайтыны туралы көп айтылуда. Компьютер мен ұялы телефоннан көз алмастан уақыты өткен бүлдіршіндер шынайы ойынның, табиғат аясындағы денсаулыққа пайдалы қимыл-қозғалыстың қаншалықты маңызды екенін ересектер айтып, көрсетпесе қайдан білсін? Ата-аналар баламен ойнаудың, оны табиғат аясында серуендетудің қаншалықта маңызды екенін түсінген жөн.
Ғалымдар баланың сыртқы ортамен үйлесімді қатынаста өсіп-жетілуі үшін мынандай кеңес береді. Бала бір нәрсеге ұмтылып, талаптанса кеудесінен кері итермей, қолдау көрсетіңіз. Оның болашақ өмірі үшін негізгі бағдар болатындай басты нәрсеге бейімдеңіз. Мысалы, ересектер кітап оқитын үйде бала да кітапқұмар болады. Баланың іс-әрекетін тек сырттан бақыламай, пікірлесіп, ақыл-кеңес беруден тартынбаңыз. Бала сізге арқа сүйеп, сырын да, шынын да айтатын сенімді адамы болуға ұмтылыңыз. Балаңыз зиянды факторлардың зардабын тартпас үшін оның сырттағы тірлігін, кіммен ойнайтынын, кіммен достасып жүргенін біліп отыру керек.
Қазіргі заманда балалар ересектер сияқты электронды құралдардан бас алмайтын күйге жетті. Мектеп тапсырмасын орындау үшін ғаламторды пайдаланатын оқушыларды былай қойғанда, ауқатты ата-аналар әлі дұрыс сөйлей де алмайтын екі-үш жасар сәбиіне ұялы телефон ұстатып қоятынын қайтерсің. Бүгінде ересектер ұялы телефонның улы сәуле шығаратынын білсе де қолынан тастамай, тіпті ас ішіп отырғанда да айырылмай, ыдысының жанына қойып қояды. Балалар да көргендерін істейді.
Жалпы электронды құралдардың жанында отырып ас ішудің зиянына аса мән бермейміз. Компьютер мен теледидар алдында тамақтану адамның денсаулығына орасан зиянды екенін ғалымдар дәлелдеген. Кеңсеге немесе үйдегі жұмыс кабинетіне ас-су қоюға болмайды. Ғалымдар компьютер мен ноутбуктың алдында отырып, монитордан көз алмастан жүрек жалғаймын деген кез келген адам ақырында қатерлі ісікке шалдығатынын айтуда. Сондықтан шаруаңыз шаш-етектен болса да, тамақты компьютері жоқ бөлмеде (ең дұрысы ас бөлме) жеген жөн. Ал кішкентай балалар электронды сәулелерді ағзасына ересектерге қарағанда жылдам қабылдап, бойына дереу сіңіретіні белгілі.
Анар САРБАСОВА,
педиатр дәрігер.