«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

“ДІН — ҰСТАЙ АЛСАҢ ҚАСИЕТІҢ, ҰСТАЙ АЛМАСАҢ ҚАСІРЕТІҢ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабаларымыз іргелі ел болу жолында уақыттың ұлы көшіне ілесіп, ұлт тұтастығын, халық бірлігі мен берекесін көзінің қарашығындай сақтай білген. Ғасырлар тоғысып, заман алмасқан тұста да алауыздыққа жол бермей, қай ұлтқа болсын құшағын айқара ашып, жомарттық таныта білді. Бүгінде еліміздің дамуына, халқымыздың береке мен бірлігінің кемелденуіне ата дініміздің де қосып отырған үлесі зор. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбековпен болған әңгімеміз осы және өзге де тақырыптар төңірегінде өрбіді.

– Хамзат Қажымұратұлы, сіздің бұл қызметке тағайындалғаны­ңыз­ға көп уақыт өте қойған жоқ. Әйт­се де, дін саласында біраз тәжі­рибеңіздің барынан, көптеген жер­лерде қызмет атқарғаны­ңыздан ха­бардармыз. Қызылжар өлкесі сізге таңсық емес. Осынау киелі жерде дүниеге келдіңіз, білім алдыңыз, қызмет еттіңіз. Әң­гімемізді баста­мас бұрын, алдымен, өзіңізді оқыр­мандарымызға аз-кем таныс­тырып өтсеңіз.

– Мен Айыртау ауданындағы Шо­лақөзек деген ауылда дүниеге келген­мін. Жергілікті тұрғындар үшін кезінде “Алпыс үйлі Шолақөзек” атанған елді мекен болатын. Қазіргі кезде алпыс үйдің қатары сиреген, он шақты ғана шаңырақ түтін түтетіп отыр. Баста­уыш мектепті сонда оқыдым. Кейін көр­ші Егіндіағаш деген ауылда білі­мім­ді жалғастырдым. Әкем – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Өлең жазуға әуестігі бар. Ол кісінің әке­сі де ұстаз болған. Менің дін жо­лын ұстануыма әкемнің Қайрат есімді ағасы ықпал етті. Жастайымыздан иманды болудың сырын ұқтырып, оның шарттарымен таныстырды. 2001 жылы Алматыдағы “Нұр-Мү­барак” ислам университетіне оқуға түс­тім. Үздік оқыдым. Университет бас­шылығы жыл сайын жақсы білімі­мен көзге түскен бірнеше студентке қажылыққа баруға жолдама беретін. Сондай бақытты студенттердің қата­рында болғанымды мақтаныш етемін. 2004 жылы оқуымды жалғастыру үшін Ливияға аттандым. Ол елде араб тілін жетік меңгерген соң 2008 жылы ма­гистратурада оқимын деп шештім. Қазақстан мен Ливия мемлекеттерінің достық қарым-қатынастары нығайып келе жатқан тұс еді. Ливияда Қазақ­станның дипломатиялық миссия ашыл­ды. Маған сол жерде аударма­шы болу ұсынылды. Екі жыл қызмет еттім.

Елге оралған соң діни ахуалмен жіті таныса бастадым. Ата дінімізге қызмет еткім келді. Бүгінде, Құдайға шүкір, өзім туып-өскен өлкеде өкіл имаммын. Бұған дейін елордадағы “Садуақас қажы Ғылмани” мешітінде бас имам болдым.

– Қазіргі қазақ қоғамында дін тұр­ғысынан болсын, адами құн­дылықтар жағынан болсын шеші­мін таппай отырған мәселе аз деп айта алмаймыз. Осы ретте мешіт мамандары, дін қызметкерлері та­рапынан қандай шаруалар атқары­луда? Таратып айтып берсеңіз.

– Қазіргі қоғамымызда түрлі әлеу­меттік басқа да мәселелердің бар екен­дігі жалған емес. Оны бәріміз кө­ріп, біліп отырмыз. Мұның бір себебін әлем елдерін қыспаққа алған панде­мия­мен байланыстырамыз. Панде­мия кезеңінде өңіріміздегі мешіт қыз­меткерлері бірлесіп, әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған жандарға жәрдем­десті. Сондай-ақ үй-күйсіз жүрген ал­ты көпбалалы отбасына пәтер сатып алып берді. Дін қызметкерлері қайы­рымды істерге жергілікті кәсіпкер­лерді тартып, ауруханаларымызды аса қажет 70 оттегі концентраторымен, 223 пулсиксометрмен қамтыды. Былтыр еліміздің оңтүстік және батыс аймақтары қуаңшылықтан көп зардап шекті ғой. Бұл мәселені назарға алған өңір имамдары Маңғыстау облысына 5 мың тонна шөп жіберді. Жалпы иман­дылық үйі қызметкерлері тара­пы­нан атқарылып отырған мұндай қайырымдылық шаралары аз емес.

Дін қызметі өте күрделі. Әсіресе еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ата дініміздің ахуалы жақсы болды деп айта алмаймыз. Ұлттық тамырынан, мәдениеті мен ділінен ажырап бара жатқан халықты экономикалық қиын­дық­тар қыспаққа алды. Сондай қиын кезеңдерде дін саласының ақсап қалғаны рас. Мамандар тапшылығы айқын сезілді. “Қазаншының өз еркі” дегендей белгілі бір ауылдың немесе рудың төңірегінде айтылып жүрген әңгімелер дінге келіп телінді. Кімге, қалай сенерін білмеген жандар кө­бей­ді. Бүгінгі жағдайды сол кездегі­мен салыстырсақ, жер мен көктей айыр­машылықты аңғарамыз. Құран­ды жат­қа білетін адамдар саусақпен санар­лық еді. Бүгінде Алланың сөзін жатқа білмек түгілі қазақша тәржіма­лайтын адамдар, мамандар қатары қалың.

Алдағы уақытта атқарылуы тиіс көп­теген жоспарларымыз бар. Біз бі­рінші кезекте “Қызылжар” орталық мешіті жанынан медиастудия ашқы­мыз келіп отыр. Бұл игі іс жергілікті кәсіпкерлердің, мешіт жанашыр­лары­ның қолдаулары арқасында жүзеге аспақ. Діннің саласы көп қой: фиқһ, ақида, шариғат, тарихқа байланыс­ты… осылай жалғаса береді. Олар­дың әрқайсысының тереңіне бойлау үшін жұма күні ғана уағыз тыңдау не­месе имамдармен кездесулер ұйым­дастыру аздық етеді. Ол үшін жоғары білімі бар, қазақтың өткенінен хабар­дар ғалымдарды өңірімізге арнайы шақыртудың маңызы зор. Қазақ жас­тарының белгілі ғалымдардың алды­нан дәріс тыңдап, имани білімдерін ке­ңейткендері ғажап емес пе? Онлайн діни білім алудың да тетіктерін қарас­тырып жатырмыз. Ол үшін телефонға арнайы бағдарламаларды орнату қажет. Дін қызметкерлері арасында маман тапшылығы да байқалады. Өңіріміздегі имамдардың 13 пайызы ғана – жоғары білімді мамандар. Бұл көрсеткішті тым болмағанда қырық пайызға жеткізу көзделуде.

Бүгіндері облыста 136 діни бірлес­тік бар. Соңғы жылдары демеуші­лер­дің қаражаты есебінен 6 мешіт салын­ғанын айтып өткенім артық болмас.

– Аға буын өкілдері тарапынан “дін мамандарының уағыз-наси­ха­ты қазіргі өмір құбылыстарымен мүл­дем үйлеспейді” деген сынды жиі естіп қалып жатамыз. Дін ма­мандары қоғамдағы мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмайды де­ген пікір де бар. Сіз бұған не айта­сыз? Өз басым Қайрат Жолды­бай­ұлы ағамыздың посттарын, кітап­тарын жиі оқып тұрамын. Ол кісінің сөзінен, пікірінен дінге, елге, ұлтқа деген жанашырлық лебі сезіледі. Қазіргі имамдарға осындай қасиет­тер жетіспейтін сияқты.

– Имам – халықтың руханиятына жа­уапты адам ғой. Сондықтан халық имамның бойынан бірегей құнды­лық­тар, яғни көркем мінезді, әдептілікті, парасатты­лық­ты, зеректікті, білімді­лік­ті көргісі келеді. Бірақ біздің имам­дарымыздың барлығы дерлік бұл та­лаптарға жауап бере алмайды. Оның алғашқы себебін білім сапасымен байланыстырар едім. Өңір имам­да­ры­ның он үш пайызы ғана жоғары бі­лімді деп айтып өттім ғой. Енді біз олардан діни түсінікті, Құран аятта­рын, хадистерді, ғалымдардың пәл­сапаларын қазіргі қоғамның мәселе­сімен, халқымыздың мінез пайымы­мен үндестіре сөйле деп қалай талап етеміз. Кейде жұма намазынан кейін айтылатын уағыздардың өзі көңілден шықпай жатады. Олар өздері оқыған ғалымдардың айтқан ойларын дәл­ме-дәл жеткізуге тырысады. Әрине, оның бәрі дұрыс. Бірақ оған қоғамның көңілі толмай тұрғанын өзіміз де сеземіз. Екінші мәселе, имамдардың бар­лығы бірдей көркем сөзге келген­де алдарына жан салмас шешен емес екенін ескеруіміз керек. Исламның қай саласын болмасын жетік меңгер­ген ғалымдар жоқ емес, бар арамыз­да. Бірақ олардың көбі білгенін елге үйретуге келгенде сүрініп жатады.

Қоғамда діни салаға қатысты те­рең мәселелер мен өзекті сұрақтар бо­йынша мүфтияттың пәтуасы мен ше­шімі маңызды рөлге ие. Елордада қыз­мет еттім ғой. Ондағы мешіт ма­ман­дарының халыққа айтылып жат­қан насихат жұмыстарының сапасы арт­қанын байқауға болады. Дін мен дәстүр сабақтастығы жан-жақты дә­ріп­те­лу­де. Діни оңалту жұмыстарына сер­пін берілген. Қайырымдылық ша­ра­лары жаңаша сипат алды. Дін қыз­мет­керінің тұлғалық мәртебесін арт­тыру мақ­сатында, сонымен қатар діни рә­сімдердің тәртібін қалыптастыру ба­ғы­тында “Ас беру мәдениеті”, “Зи­рат жә­не зиярат мәдениеті”, “Зияткер имам” тұжырымдамалары қабылдан­ды. Бұл игілікті шаралар туралы біздің өңір тұрғындары бүгінге дейін біл­мейді.

– Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жат ағымдар. Оның салқы­нын өткенде Алматыда болған қан­ды оқиға кезінде сезіндік. Қаншама бей­біт тұрғын жапа шекті, арыстай аза­маттар ажал құшты. Жат ағым­дармен күрес бағытында қандай жұмыстар атқарылуда.

– Хакім Абай “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім “Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол” деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы дала­мызда салтанат құрып келе жатқан ис­лам дінінің қадір-қасиеті адамзат ба­ласы үшін басты құндылық. “Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын” деп таныған ата-бабаларымыздың ама­­­натына адалдық таныту – бүгінгі мін­дет. Алайда қазіргі кезде дін төңі­регінде түрлі дау-дамайдың, пікір­таластың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине, танымға талас жоқ. Бі­рақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзі­нің әр жерден естіген, көрген нәр­се­лерін дінге әкеліп таңғысы келетін­дер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адам­ның өзінің таным-түйсігіне бай­ланыс­ты болса, әсіресе жас­тарға ша­ри­ғат­тың негізгі шарттарын түсінді­ру­де имам­­дар мен теолог ғалымдардың үле­­сі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде иман­ды­лық жолына қарай бет бұрған жас­тар көбейді. Өкінішке қарай, кей­бір жас­тар дәстүрге қарсы шығып, дін­ді бұ­ра тартуда. Ел бірлігіне сызат тү­сірушілер солардың арасынан шы­ғуда.

Бір қуанарлығы, біздің өңіріміздегі жағдай өзге аймақтармен салыстыр­ғанда тұрақты. Қызылжарда жат ағым өкілдері жоқ деп айта алмаймыз. Алайда олардың көбімен жұмыстар дер кезінде жүргізіледі. Дін намаз оқу­мен ғана шектелмейді, ол – күрделі ғы­лым. Исламда намаз оқымайтын адам мұсылман емес деген түсінік жоқ. Ата дініміз адамгершілік қасиет­терді, білімді, қарапайым әрі қоғамға пайда­лы болуды, ұлтты, елді, Отанды сүюді құптайды. Жат ағым өкілдерінің көбі дінді намаз оқу деп қана түсінеді. На­ма­зы жоқ адамдарды жау көреді. Соң­ғы жылдары қоғамда діни экс­тремизм мен терроризм көрі­ністерінің қы­лаң беріп жүргенінің бір себебі осы. Бұл бағытта өңірде дін са­ла­­сын­дағы ақ­параттық-түсіндіру топ­тары облыс­тық, қалалық және аудан­дық дең­гей­лерде құрылған. Топ құ­ра­мы дінтану­шы, тео­лог және психолог мамандар­дан және дін саласына уәкілетті мем­лекеттік қыз­метшілерден жасақтал­ған.

Жат ағымдармен күресудің негізгі жолы – сауатты имамдарды көбейту. Қарапайым жұртшылық өмірінде қиындықтар орын алса, мешітке ке­ліп, ғибадат жасайды ғой. Олар жан дү­ниелерін алаңдатқан сауалдардың жауабын солай табады. Сауалына жауап іздеп келген жан білімі терең имамға жолықса ислам құндылық­тарын шынайы сезінушілердің қатары молаяр еді.

“Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің” дейді халық дана­лығы. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Ең бас­­тысы, дін – ақи­қаттың, ізгіліктің шы­рақшысы. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастау­шы ілім. Сондықтан да жат ағымның жақ­сылыққа апармай­тынын білген жөн.

– Қазір, шыны керек, дін пайда құ­ралына айналып бара жатқан сияқты. Исламның атын жамылып жұртқа ақыл айтатындар, психоло­гиялық трениг өткізетіндер, қор құ­ратындар көбейді. Бірдеңе деп уәж айтсаң болды, жаттап алған бірне­ше сүре мен аяттарды қарсы құрал ретінде пайдаланады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Өз басым ис­лам ұғымын адал еңбек деген қағи­датпен ұштастырамын. Кез келген мәселенің төркіні адал еңбекте жатыр емес пе?

– Біздің ата дініміз харам жолмен пайда табуды дұрыс деп санамайды. Өкініштісі сол, бүгінде ақша үшін ис­ламды пайдаланып жүрген жандар­дың қатары артып отыр. Олардың дені – психологтар. Әрине, кез келген ғы­лым исламмен байланысты. Пси­хо­логия да солай. Алайда солай екен деп дінді қолжаулыққа айналдыруға болмайды ғой. Психология – бөлек мамандық. Оған аят, хадистерді тық­па­лаудың қажеті жоқ. Исламның өзін толықтай меңгеру үшін адамның бір ғұмыры аздық етеді. Исламның пәл­сапасы, заңдары, Құраны, тәмсірі, ша­ри­ғаты тағысын тағылары бар. Сон­дықтан оған жеңіл қарауға, кез келген ортада ата дініміз туралы сөз айтуға болмайды. Ол үшін адамда терең білім болу керек.

Ақша, табыс табу жағына келетін болсақ, оның да екі тұсы бар. Кезінде елордада араб тілін үйрету курсын аштық. Алғашында тегін өткізіп едік. Оған ешкім қатыспады. Ақылы қылып едік, үйірмеге келушілер саны көбейіп кетті. Психологиялық тренингтердің ұйымдастырылғанына өз басым қар­сы емеспін. Оларды ашкөздік, пайда табушылық мақсатта өткізген – ол бөлек әңгіме.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp