«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЛЫҒЫ НИЕТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қиыр Шығыстың Приморье өлкесінде әскери борышымды өтеп келгеннен кейін 1975 жылдың жазында Алматы қаласындағы ҚазМУ-дың заң факультетіне құжаттарымды тапсырып, өзім тетелес талапкерлермен бірге емтиханға дайындыққа кірісіп кеттім. Тамыз айы жақындағанда заң факультетіне оқуға түсетіндер емтиханды тек орыс тілінде тапсырады деген хабар дүңк ете түсті. Қазақ мектебін бітірген жастардың естері шығып, не істерлерін білмей сасқалақтап, үйлерімен қайта-қайта хабарласып жатты. Бәріміздің төбемізден жай түскендей болды.

Қазақстан компартиясы орталық ко­митеті жанындағы үлкен алаңға орнатылған “күн көсемнің” ескерткіші ай­наласына кішігірім топтар жина­лып, наразылық білдіре бастады. Топ­тың алдында деканның орынбасары С.Савицкий шығып, наразылықты тоқтатып, тәртіп бұзбауға шақырды. Қасымда тұрған қараторы, қияқ мұрт­ты көркем жігіт (аты-жөнін ұмытып­пын) екі көзі от шашып: “Если вас зас­тавят написать сочинение на казах­ском языке, то вы сами прямо сейчас нам напишите?” – деп оған тарпа бас салды. Сол-ақ екен бәріміз жамырап, шулап қоя бердік. “Я вас очень прек­расно понимаю. Но сейчас не делай­те глупости, пожалуйста, никуда не ходите. Чуть потерпите, вопрос ре­шается, подождите!” – деп тыныш­тан­дыруға тырысқанымен, ол әреке­тінен ештеңе өнбеді. Жоғарыдан ешқандай хабар болмаған соң. топ­тың ұйғарымымен бес-алты талапкер Қазақ КСР жоғары және орта арнаулы білім министрлігіне келдік. Мақса­ты­мыз – жоғарғы кеңес депутаты болып сайланған министр Т.Қатаевтың қа­былдауына кіріп, шағым-талаптарымызды көзбе-көз жеткізу. Екінші қабатта бізді қарсы алған қазақ әйелі министр бізді қабылдай алмайтынын, бірақ емтихандарды қазақша тапсыру мәселесі шешіліп жатқанын жеткізіп, кейін қайтуымызды өтінді. Алда­мап­ты. Алғашқы сынақты ана тілімізде тапсырғанымызды кішігірім жеңіске баладық. Бірінші емтихан – елеуіш секілді. Талапкерлердің көпшілігі шы­ғарма жазудан сүрініп, құжаттарын құшақтап, ауылдарына қайтады. Бұдан аман өткендердің бір бөлігі орыс тілінен диктант жазудан омақа­са құлайтын. Тарих пен шет тілдеріне жеткенше қатары сиреп қалатын.

Емтихандарды қазақшадан орыс­шаға ауыстырмақшы болған осы оқи­ға үнемі ойыма оралады да тұра­ды. Сол жолы жастар бас көтермей, емтихан орысша өткенде талай қара­көзіміздің оқуға түсу туралы арманы сағымға айналар еді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасса, аталмыш универси­тетте қазақша оқу мүлдем болмас па еді?

Кеңес өкіметінің тұсында сыңар­жақ идеология басты ұстанымға айналып, орыс тілінде сөйлетіп қана қоймай, іс-қағаздарын, хаттамалар, оқулықтар, кітаптар мен басқа да баспасөз өнімдерін тек “аға” тілде жазуға мәжбүрлегені есімізде. Енді қараңыз, Қазақ КСР-де қылмыстық, азаматтық және әкімшілік заңнама­ларды, іс-қағаздарын ана тілімізде жүргізу туралы арнайы баптар бол­ғанымен олар “өлі заң” күйінде қалды. Мысалды алыстан іздемейін, тер­геу­ші, прокурор, судья, адвокат, соттың хатшысы, қылмыскер, жәбірленуші, куәгерлер, яғни іске қатысушылар­дың бәрі де ана тілін білетін азамат­тар бола тұра, тексеру мен тергеу жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілгені шындық. 1981-1987 жыл­дары облыстық сотта және қазіргі Есіл аудандық прокуратурасында қыз­метте жүргенде қаншама қылмыстық және азаматтық істер тек орыс тілінде жүргізіліп, процессуальды құжаттар да тек осы тілде толтырылды. Себебі кас­сациялық, қадағалау сатылары­нан өтіп, Мәскеудегі ең жоғарғы са­тысына жеткенде оларға түсінікті тілде болуы шарт еді. Өкінішке қарай, еліміз егемендік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, бұл жаман әдеттен әлі де арыла алмай жүргеніміз ащы да болса шындық. Бірен-саран істер болмаса, әсіресе біздің өңірде, қазақ тілінде сот отырысы өте қоймайды.

1990 жылы көктемде бұрынғы Ле­нин аудандық партия комитетінің екін­ші хатшысы Талғат Теменов мені арнайы шақырып, бірден жаңадан ашылған екі қызметтің, бірі – таби­ғатты қорғау бөлімнің, екіншісі – “Қа­зақ тілі” қоғамының тізгінін ұстат­ты. Бастапқыда “Қазақ тілі” қоғамы деген атауын естігенде аң-таң күйде болғаным рас. Себебі дәл осындай ұйым басқа республикаларда мүл­дем жоқ еді. Обалы не керек, тіл жанашырларының қолдауымен жұ­мыс жандана бастады. Алдымен Пет­ропавл қаласында “Салтанат” деген атпен тұңғыш қазақ балабақшасы ашыл­ды. Іле-шала 1991 жылдың көк­темінде Явленкада “Балдәурен” ба­лабақшасы бой көтерді. Жыл өткен сайын бүлдіршіндердің саны көбейіп, оған “Огонек” орыс балабақшасының екі қабатты кең үйі берілді. Осы ғима­ратқа көшкен кезде меңгерушісі Н.Бул­гакованың: “Мне скоро уходить на пенсию, не мог ты подождать со своим казахским детсадом”, – деп ке­кете сөйлегені бар. Бұл жерде бастан өткен тағы бір оқиға есіме түседі. Бірер жыл бұрын дәл осы “Огонек” орыс балабақшасына үлкен ұлымды алып барып, біраздан кейін балам­ның орысша білмейтінін жас тәрбие­шісі бір кемістік тапқандай жеткізгені бар. Қатаң ескертуімнен кейін ол бас­қа топқа ауыстырылған.

Балабақшада қазақша тәрбие алып, мектеп табалдырығын аттай­тын балалардың саны 40-қа жеткені­мен, қазақ тілінде оқытатын сынып ашпақ болған іс-әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Қанша үгіттесек те, кейбір ата-аналар қазақ тілінің болашағына мүлдем сенбейтіндерін ашық айтты. Тіпті өз ағайындарымыздың арасы­нан келемеждеп, күле қарағандар да табылды. Кейбіреулері аудандық әкім­дікке барып “Қазақ тілі” қоғамы қазақтарды еріксіз көндіріп жатыр деген сыбыс таратып, тіпті арыздан­ған екен. Оқу бөліміне де сол керек, бірден қолдап шыққан.

Тек 1993 жылы ғана балалар са­нын 14-ке әзер жеткізіп, аудан тари­хында тұңғыш бірінші сынып ашыл­ғанда күні бүгінгідей көз алдымда. Бір “әттеген-айы” – билік тұтқасын ұста­ған белсенділер “Балдәурен” бала­бақшасында тілдері қазақша жаттық­қан ұл-қыздарын әлі сол орыс мекте­біне беруін жалғастыра берді. Бала саны жетпеген соң амалсыздан алты­ға жаңа толған кенже қызым Ақбота мен қайнағамның ұлы Олжасты қосып жібердік. Олжас кейін мектепті “Алтын белгімен” аяқтады. Қызым да жақсы оқып, өмірден өз орнын тапты.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіл еліміздің басты нышандарының біріне айналды. Қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақша­лар еселеп көбейді. 2000 жылы 25 қазанда Явленка қазақ орта мектебі екі қабатты еңселі ғимаратқа көшірі­ліп, белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Аяған Шәжімбаевтың есімі берілді.

Десек те, тіл мәселесінде шешімін таппаған түйткілдер әлі аз емес. Соның бірі – мемлекеттік қызметшінің тіл білмеуі. Менің пікірімше, қазақ тілін білу шенеуніктер үшін кәсіби біліктілік ретінде саналуы тиіс. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат” мақала­сында мемлекеттік тіл бүкіл қазақ­стандықтарды біріктіретін құндылық екеніне айрықша тоқталып, оны үйренудің маңыздылығын ашып көрсетті. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші фак­торға айналдырудың барлық құқық­тық тәсілдері мен кепілдіктері қалып­тасты. Ендігі мәселе ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты екенін Президент атап көрсетті.

Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде жоғары мәр­тебеге көтерілсін десек, бала тәр­биесіне ата-аналар мен білім меке­мелері барынша көңіл бөліп, қоғам­ның барлық салаларында қолда­нысқа енгізу керек. Алаш арысы Ах­мет Байтұрсынов: “Өз тілімен сөйлес­кен, өз тілімен жазған жұрттың ұлт­тығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлт­тың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады”, – деген екен. Тәуесіздігіміздің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тілді білмейтіндерден емес, тілді білгісі келмейтіндерден сақ­танайық!

Қайрат ДҮЙСЕНБІ,

Солтүстік Қазақстан тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының заң кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp