Ата-бабаларымыз іргелі ел болу жолында уақыттың ұлы көшіне ілесіп, ұлт тұтастығын, халық бірлігі мен берекесін көзінің қарашығындай сақтай білген. Ғасырлар тоғысып, заман алмасқан тұста да алауыздыққа жол бермей, қай ұлтқа болсын құшағын айқара ашып, жомарттық таныта білді. Бүгінде еліміздің дамуына, халқымыздың береке мен бірлігінің кемелденуіне ата дініміздің де қосып отырған үлесі зор. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбековпен болған әңгімеміз осы және өзге де тақырыптар төңірегінде өрбіді.
– Хамзат Қажымұратұлы, сіздің бұл қызметке тағайындалғаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Әйтсе де, дін саласында біраз тәжірибеңіздің барынан, көптеген жерлерде қызмет атқарғаныңыздан хабардармыз. Қызылжар өлкесі сізге таңсық емес. Осынау киелі жерде дүниеге келдіңіз, білім алдыңыз, қызмет еттіңіз. Әңгімемізді бастамас бұрын, алдымен, өзіңізді оқырмандарымызға аз-кем таныстырып өтсеңіз.
– Мен Айыртау ауданындағы Шолақөзек деген ауылда дүниеге келгенмін. Жергілікті тұрғындар үшін кезінде “Алпыс үйлі Шолақөзек” атанған елді мекен болатын. Қазіргі кезде алпыс үйдің қатары сиреген, он шақты ғана шаңырақ түтін түтетіп отыр. Бастауыш мектепті сонда оқыдым. Кейін көрші Егіндіағаш деген ауылда білімімді жалғастырдым. Әкем – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Өлең жазуға әуестігі бар. Ол кісінің әкесі де ұстаз болған. Менің дін жолын ұстануыма әкемнің Қайрат есімді ағасы ықпал етті. Жастайымыздан иманды болудың сырын ұқтырып, оның шарттарымен таныстырды. 2001 жылы Алматыдағы “Нұр-Мүбарак” ислам университетіне оқуға түстім. Үздік оқыдым. Университет басшылығы жыл сайын жақсы білімімен көзге түскен бірнеше студентке қажылыққа баруға жолдама беретін. Сондай бақытты студенттердің қатарында болғанымды мақтаныш етемін. 2004 жылы оқуымды жалғастыру үшін Ливияға аттандым. Ол елде араб тілін жетік меңгерген соң 2008 жылы магистратурада оқимын деп шештім. Қазақстан мен Ливия мемлекеттерінің достық қарым-қатынастары нығайып келе жатқан тұс еді. Ливияда Қазақстанның дипломатиялық миссия ашылды. Маған сол жерде аудармашы болу ұсынылды. Екі жыл қызмет еттім.
Елге оралған соң діни ахуалмен жіті таныса бастадым. Ата дінімізге қызмет еткім келді. Бүгінде, Құдайға шүкір, өзім туып-өскен өлкеде өкіл имаммын. Бұған дейін елордадағы “Садуақас қажы Ғылмани” мешітінде бас имам болдым.
– Қазіргі қазақ қоғамында дін тұрғысынан болсын, адами құндылықтар жағынан болсын шешімін таппай отырған мәселе аз деп айта алмаймыз. Осы ретте мешіт мамандары, дін қызметкерлері тарапынан қандай шаруалар атқарылуда? Таратып айтып берсеңіз.
– Қазіргі қоғамымызда түрлі әлеуметтік басқа да мәселелердің бар екендігі жалған емес. Оны бәріміз көріп, біліп отырмыз. Мұның бір себебін әлем елдерін қыспаққа алған пандемиямен байланыстырамыз. Пандемия кезеңінде өңіріміздегі мешіт қызметкерлері бірлесіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға жәрдемдесті. Сондай-ақ үй-күйсіз жүрген алты көпбалалы отбасына пәтер сатып алып берді. Дін қызметкерлері қайырымды істерге жергілікті кәсіпкерлерді тартып, ауруханаларымызды аса қажет 70 оттегі концентраторымен, 223 пулсиксометрмен қамтыды. Былтыр еліміздің оңтүстік және батыс аймақтары қуаңшылықтан көп зардап шекті ғой. Бұл мәселені назарға алған өңір имамдары Маңғыстау облысына 5 мың тонна шөп жіберді. Жалпы имандылық үйі қызметкерлері тарапынан атқарылып отырған мұндай қайырымдылық шаралары аз емес.
Дін қызметі өте күрделі. Әсіресе еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ата дініміздің ахуалы жақсы болды деп айта алмаймыз. Ұлттық тамырынан, мәдениеті мен ділінен ажырап бара жатқан халықты экономикалық қиындықтар қыспаққа алды. Сондай қиын кезеңдерде дін саласының ақсап қалғаны рас. Мамандар тапшылығы айқын сезілді. “Қазаншының өз еркі” дегендей белгілі бір ауылдың немесе рудың төңірегінде айтылып жүрген әңгімелер дінге келіп телінді. Кімге, қалай сенерін білмеген жандар көбейді. Бүгінгі жағдайды сол кездегімен салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылықты аңғарамыз. Құранды жатқа білетін адамдар саусақпен санарлық еді. Бүгінде Алланың сөзін жатқа білмек түгілі қазақша тәржімалайтын адамдар, мамандар қатары қалың.
Алдағы уақытта атқарылуы тиіс көптеген жоспарларымыз бар. Біз бірінші кезекте “Қызылжар” орталық мешіті жанынан медиастудия ашқымыз келіп отыр. Бұл игі іс жергілікті кәсіпкерлердің, мешіт жанашырларының қолдаулары арқасында жүзеге аспақ. Діннің саласы көп қой: фиқһ, ақида, шариғат, тарихқа байланысты… осылай жалғаса береді. Олардың әрқайсысының тереңіне бойлау үшін жұма күні ғана уағыз тыңдау немесе имамдармен кездесулер ұйымдастыру аздық етеді. Ол үшін жоғары білімі бар, қазақтың өткенінен хабардар ғалымдарды өңірімізге арнайы шақыртудың маңызы зор. Қазақ жастарының белгілі ғалымдардың алдынан дәріс тыңдап, имани білімдерін кеңейткендері ғажап емес пе? Онлайн діни білім алудың да тетіктерін қарастырып жатырмыз. Ол үшін телефонға арнайы бағдарламаларды орнату қажет. Дін қызметкерлері арасында маман тапшылығы да байқалады. Өңіріміздегі имамдардың 13 пайызы ғана – жоғары білімді мамандар. Бұл көрсеткішті тым болмағанда қырық пайызға жеткізу көзделуде.
Бүгіндері облыста 136 діни бірлестік бар. Соңғы жылдары демеушілердің қаражаты есебінен 6 мешіт салынғанын айтып өткенім артық болмас.
– Аға буын өкілдері тарапынан “дін мамандарының уағыз-насихаты қазіргі өмір құбылыстарымен мүлдем үйлеспейді” деген сынды жиі естіп қалып жатамыз. Дін мамандары қоғамдағы мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмайды деген пікір де бар. Сіз бұған не айтасыз? Өз басым Қайрат Жолдыбайұлы ағамыздың посттарын, кітаптарын жиі оқып тұрамын. Ол кісінің сөзінен, пікірінен дінге, елге, ұлтқа деген жанашырлық лебі сезіледі. Қазіргі имамдарға осындай қасиеттер жетіспейтін сияқты.
– Имам – халықтың руханиятына жауапты адам ғой. Сондықтан халық имамның бойынан бірегей құндылықтар, яғни көркем мінезді, әдептілікті, парасаттылықты, зеректікті, білімділікті көргісі келеді. Бірақ біздің имамдарымыздың барлығы дерлік бұл талаптарға жауап бере алмайды. Оның алғашқы себебін білім сапасымен байланыстырар едім. Өңір имамдарының он үш пайызы ғана жоғары білімді деп айтып өттім ғой. Енді біз олардан діни түсінікті, Құран аяттарын, хадистерді, ғалымдардың пәлсапаларын қазіргі қоғамның мәселесімен, халқымыздың мінез пайымымен үндестіре сөйле деп қалай талап етеміз. Кейде жұма намазынан кейін айтылатын уағыздардың өзі көңілден шықпай жатады. Олар өздері оқыған ғалымдардың айтқан ойларын дәлме-дәл жеткізуге тырысады. Әрине, оның бәрі дұрыс. Бірақ оған қоғамның көңілі толмай тұрғанын өзіміз де сеземіз. Екінші мәселе, имамдардың барлығы бірдей көркем сөзге келгенде алдарына жан салмас шешен емес екенін ескеруіміз керек. Исламның қай саласын болмасын жетік меңгерген ғалымдар жоқ емес, бар арамызда. Бірақ олардың көбі білгенін елге үйретуге келгенде сүрініп жатады.
Қоғамда діни салаға қатысты терең мәселелер мен өзекті сұрақтар бойынша мүфтияттың пәтуасы мен шешімі маңызды рөлге ие. Елордада қызмет еттім ғой. Ондағы мешіт мамандарының халыққа айтылып жатқан насихат жұмыстарының сапасы артқанын байқауға болады. Дін мен дәстүр сабақтастығы жан-жақты дәріптелуде. Діни оңалту жұмыстарына серпін берілген. Қайырымдылық шаралары жаңаша сипат алды. Дін қызметкерінің тұлғалық мәртебесін арттыру мақсатында, сонымен қатар діни рәсімдердің тәртібін қалыптастыру бағытында “Ас беру мәдениеті”, “Зират және зиярат мәдениеті”, “Зияткер имам” тұжырымдамалары қабылданды. Бұл игілікті шаралар туралы біздің өңір тұрғындары бүгінге дейін білмейді.
– Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жат ағымдар. Оның салқынын өткенде Алматыда болған қанды оқиға кезінде сезіндік. Қаншама бейбіт тұрғын жапа шекті, арыстай азаматтар ажал құшты. Жат ағымдармен күрес бағытында қандай жұмыстар атқарылуда.
– Хакім Абай “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім “Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол” деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ислам дінінің қадір-қасиеті адамзат баласы үшін басты құндылық. “Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын” деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет. Алайда қазіргі кезде дін төңірегінде түрлі дау-дамайдың, пікірталастың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине, танымға талас жоқ. Бірақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзінің әр жерден естіген, көрген нәрселерін дінге әкеліп таңғысы келетіндер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адамның өзінің таным-түйсігіне байланысты болса, әсіресе жастарға шариғаттың негізгі шарттарын түсіндіруде имамдар мен теолог ғалымдардың үлесі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде имандылық жолына қарай бет бұрған жастар көбейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар дәстүрге қарсы шығып, дінді бұра тартуда. Ел бірлігіне сызат түсірушілер солардың арасынан шығуда.
Бір қуанарлығы, біздің өңіріміздегі жағдай өзге аймақтармен салыстырғанда тұрақты. Қызылжарда жат ағым өкілдері жоқ деп айта алмаймыз. Алайда олардың көбімен жұмыстар дер кезінде жүргізіледі. Дін намаз оқумен ғана шектелмейді, ол – күрделі ғылым. Исламда намаз оқымайтын адам мұсылман емес деген түсінік жоқ. Ата дініміз адамгершілік қасиеттерді, білімді, қарапайым әрі қоғамға пайдалы болуды, ұлтты, елді, Отанды сүюді құптайды. Жат ағым өкілдерінің көбі дінді намаз оқу деп қана түсінеді. Намазы жоқ адамдарды жау көреді. Соңғы жылдары қоғамда діни экстремизм мен терроризм көріністерінің қылаң беріп жүргенінің бір себебі осы. Бұл бағытта өңірде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде құрылған. Топ құрамы дінтанушы, теолог және психолог мамандардан және дін саласына уәкілетті мемлекеттік қызметшілерден жасақталған.
Жат ағымдармен күресудің негізгі жолы – сауатты имамдарды көбейту. Қарапайым жұртшылық өмірінде қиындықтар орын алса, мешітке келіп, ғибадат жасайды ғой. Олар жан дүниелерін алаңдатқан сауалдардың жауабын солай табады. Сауалына жауап іздеп келген жан білімі терең имамға жолықса ислам құндылықтарын шынайы сезінушілердің қатары молаяр еді.
“Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің” дейді халық даналығы. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Ең бастысы, дін – ақиқаттың, ізгіліктің шырақшысы. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастаушы ілім. Сондықтан да жат ағымның жақсылыққа апармайтынын білген жөн.
– Қазір, шыны керек, дін пайда құралына айналып бара жатқан сияқты. Исламның атын жамылып жұртқа ақыл айтатындар, психологиялық трениг өткізетіндер, қор құратындар көбейді. Бірдеңе деп уәж айтсаң болды, жаттап алған бірнеше сүре мен аяттарды қарсы құрал ретінде пайдаланады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Өз басым ислам ұғымын адал еңбек деген қағидатпен ұштастырамын. Кез келген мәселенің төркіні адал еңбекте жатыр емес пе?
– Біздің ата дініміз харам жолмен пайда табуды дұрыс деп санамайды. Өкініштісі сол, бүгінде ақша үшін исламды пайдаланып жүрген жандардың қатары артып отыр. Олардың дені – психологтар. Әрине, кез келген ғылым исламмен байланысты. Психология да солай. Алайда солай екен деп дінді қолжаулыққа айналдыруға болмайды ғой. Психология – бөлек мамандық. Оған аят, хадистерді тықпалаудың қажеті жоқ. Исламның өзін толықтай меңгеру үшін адамның бір ғұмыры аздық етеді. Исламның пәлсапасы, заңдары, Құраны, тәмсірі, шариғаты тағысын тағылары бар. Сондықтан оған жеңіл қарауға, кез келген ортада ата дініміз туралы сөз айтуға болмайды. Ол үшін адамда терең білім болу керек.
Ақша, табыс табу жағына келетін болсақ, оның да екі тұсы бар. Кезінде елордада араб тілін үйрету курсын аштық. Алғашында тегін өткізіп едік. Оған ешкім қатыспады. Ақылы қылып едік, үйірмеге келушілер саны көбейіп кетті. Психологиялық тренингтердің ұйымдастырылғанына өз басым қарсы емеспін. Оларды ашкөздік, пайда табушылық мақсатта өткізген – ол бөлек әңгіме.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.