Қызылжар өңірі бұқаралық ақпарат құралының қатары тағы толықты. Жаңадан ашылған “Qyzyljarnews.kz” ақпараттық порталы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын болады.
“ХХІ ғасыр – ақпараттың ғасыры, ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді”, – деген зерттеушілердің айтқанының жаны бар. Себебі алпауыт елдер арасындағы ақпараттық майдан соның айқын дәлелі. Заман талабына сай жаңалықтарды тарату құралдары да жаңаруда. Бүгінде “айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын” әлеуметтік желілер мен интернет порталдардың уақыты туды. Бұл көштен біздің елдің ақпарат құралдары да қалмағаны абзал.
Өңіріміздегі “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-ның құрамына кіретін облыстық “Soltüstık Qazaqstan” және қалалық “Qyzyljar nūry” газеттерінің өзінің тұрақты оқырмандары бар. Облыстың бас басылымының алғашқы саны жарыққа шыққанына бір ғасырдан асса, қалалық газет осыдан 16 жыл бұрын оқырманмен қауышқан еді. Енді міне серіктестік қарамағында тағы бір ақпарат құралы – “Qyzyljarnews.kz” порталы ашылып отыр.
Порталдың негізгі міндеті – жылдам әрі шынайы ақпарат тарату. Саясат пен экономика, білім мен мәдениет, денсаулық пен спорт және тағы да басқа салалардағы жаңашылдықтар жайлы білгіңіз келсе, “Qyzyljarnews.kz” ақапарттық порталынан табасыздар. Бұған қоса өңіріміздің біртуар тұлғалары, әсем табиғаты мен киелі жерлері туралы да танымдық материалдар беріледі.
“Qyzyljarnews.kz” ақпараттық порталы 9 ақпан сәрсенбінің сәтінде өз жұмысын бастады. Дүбірге толы дүниеде заман көшінен қалмай, оқырмандарымызға жедел, тұшымды ақпар беру, оқиғаны боямасыз жеткізу жолында еңбек ететін боламыз.
Сағындық Мауғазин,
“Qyzyljarnews.kz” ақпараттық порталының бас редакторы.