«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНІ САУ БАЛА — ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ ежелден сәбидің тәрбие­сінен бөлек, оның денсаулығына құр­сақта жатқан кезден бастап үлкен мән берген ғой. Бүгінде жаңа туған сәби­лерге жасалатын қамқорлық қай дең­гейде? Бұл сұраққа бір сөз­бен жауап бере салуға болмас. Өйт­кені нәресте күтімі барлық отба­сында бірдей деуге тағы болмайды.

Бала өмірінің алғашқы кезеңі оның миының дамуында үлкен ма­ңыз­ға ие. Жуырда ЮНИСЕФ Бала­лар қоры “Early Moments Matter” атты сәби миының дұрыс дамуына арнал­ған бағдарлама жасап шығарды. Адам баласы шыр етіп дүниеге кел­ген сәттен басталатын 1000 күн ба­ла­ның бүкіл денсаулығына зор ық­пал етеді.

Міне, осы мәселені ЮНИСЕФ ма­ман­дары барша ата-анаға жеткізуді көздейді. Бала миының қалай дами­ты­нына әдетте ата-аналар мән бер­мейтіні байқалады. Баласы мектеп пар­тасына отырғанда ғана, оның үл­гері­міне назар аударады. Бірақ сол үл­герімнің нашарлығы немесе бала­ның психологиялық күйіндегі ақау­лық­тар нәресте кезіндегі күтімнің дұ­рыс бол­мауынан екенін ескермейді.

Бала туған сәттен бастап, бес жас­қа дейінгі сындарлы кезеңде ми жа­сушалары секундына 1000 жаңа қо­сылыс түзеді. Бұл қосылыс про­цесі со­дан кейін ешқашан қайталан­байды. Қосылыстар баланың дү­ние­ні тану­да­ғы сезім-күйіне, танымына, бола­шақтағы денсаулығына, тіпті бақытты болуы үшін де аса маңыз­ды. Осын­дай маңызды қосылыстар бала күтімі дұ­рыс болмаса, сәби ана махабба­тын толық сезінбесе, отба­сы ұрыс-ке­ріс­тен көз ашпаса және тазалық бол­маса дұрыс түзілмейді екен.

Сәби өмірінің алғашқы кезеңінде оны бағып-қағуға инвестиция құю оның болашақтағы білім алудағы қа­рым-қабілеті мен жұмысқа икемді бо­луына әсер ететін басты мәселе дей­ді, халықаралық сарапшылар. Үш жас­қа дейін баланың миына қорша­ған ортаның әсері өте күшті. Осы та­қы­рып­та зерттеу жүргізген Гарвард уни­верситетінің ғалымдары бала­ның алғашқы өмір кезеңі оның бола­шақ­тағы кәсібіне де, қоғаммен бай­ланыс орнату қабілетіне де негіз бо­лып табылатынын айтуда. Сәби дү­ние есігін ашқанда миында жасуша­лар өте көп болады. Есею барысын­да ми жасушаларының саны азая береді.

Шетел ғалымдары баланы тәр­бие­леп өсіруде тек материалдық тұр­ғыдан қамтамасыз ету ғана емес, ұл­ды да, қызды да ұдайы еңбекке бау­лу қажеттігін айтуда. Баланы ойын­нан басқа кезде бос қоймай, интел­лек­туал­дық дамуы үшін пайдалы іспен айналысуына түрткі бола біл­ген жөн. Баланың дүниетанымын ке­ңейтетін тақырыптар төңірегінде әңгі­мелесіп, сұрақтар қойып, пікірін тыңдау керек. Оған ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жасырмай ашық айтқан да абзал.

Қазіргі кезде балалардың ойна­май­тыны туралы көп айтылуда. Компьютер мен ұялы телефоннан көз алмастан уақыты өткен бүлдір­шіндер шынайы ойынның, табиғат аясында­ғы денсаулыққа пайдалы қимыл-қозғалыстың қаншалықты ма­ңызды екенін ересектер айтып, көр­сетпесе қайдан білсін? Ата-аналар баламен ойнаудың, оны табиғат аясында серуендетудің қаншалықта маңызды екенін түсінген жөн.

Ғалымдар баланың сыртқы орта­мен үйлесімді қатынаста өсіп-жетілуі үшін мынандай кеңес береді. Бала бір нәрсеге ұмтылып, талаптанса кеу­де­сі­нен кері итермей, қолдау көр­сетіңіз. Оның болашақ өмірі үшін не­гізгі бағ­дар болатындай басты нәр­сеге бе­йім­деңіз. Мысалы, ересектер кітап оқи­тын үйде бала да кітапқұмар бо­лады. Баланың іс-әрекетін тек сырт­тан бақыламай, пікірлесіп, ақыл-ке­ңес беруден тартынбаңыз. Бала сіз­ге арқа сүйеп, сырын да, шынын да айтатын сенімді адамы болуға ұмты­лы­ңыз. Балаңыз зиянды факторлар­дың зардабын тартпас үшін оның сырт­тағы тірлігін, кіммен ойнайты­нын, кіммен достасып жүр­генін біліп отыру керек.

Қазіргі заманда балалар ересек­тер сияқты электронды құралдардан бас алмайтын күйге жетті. Мектеп тапсырмасын орындау үшін ғалам­тор­ды пайдаланатын оқушыларды былай қойғанда, ауқатты ата-аналар әлі дұрыс сөйлей де алмайтын екі-үш жасар сәбиіне ұялы телефон ұстатып қоятынын қайтерсің. Бүгінде ересек­тер ұялы телефонның улы сәу­ле шығаратынын білсе де қолы­нан тастамай, тіпті ас ішіп отырғанда да айырылмай, ыдысының жанына қойып қояды. Балалар да көрген­де­рін істейді.

Жалпы электронды құралдардың жанында отырып ас ішудің зиянына аса мән бермейміз. Компьютер мен теледидар алдында тамақтану адам­­ның денсаулығына орасан зиян­ды екенін ғалымдар дәлелде­ген. Кең­сеге немесе үйдегі жұмыс ка­бинетіне ас-су қоюға болмайды. Ға­лымдар ком­пьютер мен ноутбуктың алдында отырып, монитордан көз алмастан жүрек жалғаймын деген кез келген адам ақырында қатерлі ісікке шалды­ғатынын айтуда. Сон­дықтан шаруа­ңыз шаш-етектен бол­са да, тамақты компьютері жоқ бөл­меде (ең дұрысы ас бөлме) жеген жөн. Ал кішкентай ба­лалар элек­тронды сәулелерді ағза­сына ересек­терге қарағанда жылдам қабылдап, бойына дереу сіңіретіні белгілі.

Анар САРБАСОВА,

педиатр дәрігер. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp