Осыдан небәрі төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген әмбебеп теннис орталығының қабырғалары мен жабындыларында жарықшақтар пайда болды. Кешен 2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған. Онда жеті корт бар, төртеуі – жабық. Кенеп төсеніш те тегіс болмағандықтан жаттығулар кезінде жарақат алып қалу қаупі де бар.
Бүгінде теннис орталығында жарты мыңға жуық бала жаттығады. Олар ғимараттың қазіргі жай-күйіне алаңдаулы. Ересектер де келеді екен. Бір сағаттық жаттығу құны 2500-3500 теңге.
Кешен басшылығының айтуынша, жөндеу жұмыстары екі рет жүргізілген. Соңғы рет қаражат болмағандықтан тоқтап қалған. Дренаж жүйесінің дұрыс орнатылмауы осындай қолайсыздықтарға әкелген. “Сотқа жүгініп отырмыз. Екі рет жабындыларды қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді қаржылық мүмкіндігіміз жоқ”, – дейді әмбебап теннис орталығының спорттық директоры Алик Есімов.
Мұнда 2018 және 2019 жылдары республикалық және халықаралық жарыстар ұйымдастырылған. Алайда 2020 жылдан бастап талаптарға сәйкес келмегендіктен, жарыс өткізуге тыйым салынған. Осы себепті танымал теннисшілерді шақыру мүмкін емес.
Үлкен теннистен облыстың бас жаттықтырушысы Хайрулла Нұртазин басында бәрі жақсы болғанын, уақыт өте келе сапасы сыр бере бастағанын, тапсырыс берушілер құрылысқа 2 миллиард 640 миллион теңге жұмсағанын, шартқа сәйкес барлық ақауларды мердігер жоюға міндетті екенін айтады.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы да әмбебап теннис орталығына мониторинг жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олар – теннис корттары орналасқан негізгі спорт залдағы еденнің шөгуі және жабынындағы жарықтар. Құрылыста жүргізген серіктестікке аталған кемшіліктерді жою туралы хабарлама жіберілгенімен, қашан қалпына келтіретіні белгісіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.