«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫН ЕКПЕ АЛУҒА АСЫҒАР ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанар Мұсақұлова атқарылған істі саралап, 2022 жылы жүзеге асырылатын іс-қимыл жоспарымен бөлісті. Жыл басынан бері 154868 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттік сатып алу келісімдері жасалған. Оның 40 миллиарды – Петропавл қаласына, 24 миллиарды – білім беру, 16,8 миллиарды – құрылыс, 9,6 миллиарды – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, 9,2 миллиарды – денсаулық сақтау басқармаларына тиесілі. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатымен тұрақты негізде бір көзден сатып алуды барынша қысқарту жұмыстары қолға алынған. Оның үлесі 25,8 млрд. теңгені, яғни 17 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда төмен. Алайда атқарылған шараларға қарамастан бір көзден сатып алу көлемі білім беру және денсаулық сақтау басқармаларында әлі көп (тиісінше 16 және 2,7 млрд.теңге).

Баяндамашы өз сөзінде тапсырыс берушілер көбіне барлық деңгейдегі автомобиль жолдарын, елді мекендердің көшелерін орташа, ағымдағы жөндеулерден өткізу конкурстарын себепсіз созып жіберетіндерін сынға алды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 6064 млн. теңгенің 48 жобасы ұсынылып, 15 конкурс аяқталған. Өкінішке қарай, Ақжар ауданындағы Ащыкөл, Дәуіт, Талшық ауылдарына 75 млн. теңгеге электр желісін тарту конкурсы өтпей қалған. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында сумен жабдықтауға, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық жүйелер салуға 24108 млн. теңгенің 24 жобасы іске асырылуда, ал 2471 млн. теңгенің 2 жобасына тендер әлі жарияланбаған. Бұлар – Шал ақын ауданындағы Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап елді мекендеріне су құбырын тарту және тарату желілерін салу, Новоишим ауылында 50 пәтерлі тұрғын үй тұрғызу. Мемлекеттік сатып алуды уақтылы өткізбеу бюджет қаражатының игерілмеуіне және инвестициялық жобалардың мерзімінде іске асырылмауына әкеп соқтырады.

Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысына баға бере келіп, конкурстық рәсімдерді талапқа сай сапалы әрі заң аясында атқарудың маңыздылығын атап көрсетті.

– Электрондық жүйелерде әлеуетті жеткізушілердің барлық деректері орналастырылған. Мұның өзі өтініш беру мен қабылдауды жеңілдетеді. Жемқорлық тәуекелдерін азайтады, қоғамдық ұйымдардың бақылау жасауына мүмкіндік тудырады. Былтыр аудандық соттарға 53 талап арыз түскен. Осыдан кейін жобалардың орындалу мерзімі созылып кетеді, жұмыс қарқыны айтарлықтай баяулайды. Сондықтан бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне талапты күшейту керек. Келісімшарттарды мүлтіксіз орындау басты міндетке айналуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.

Әкімдік отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау барысы жайлы баяндады. Баяндамашының сөзіне қарағанда, биыл қатерлі індет күрт өсіп, ауру көрсеткіші 6,3 есеге көбейген. Жыл басынан бері “Жедел жәрдем” қызметіне 21 мыңнан астам шақырту түскен. Бір бригадаға артылған жүктеме 23-25 шақыртуға дейін жеткен. Науқастар санының артуына байланысты мобильді топтар 54-тен 116-ға дейін ұлғайтылған. Желтоқсан айында 2951 шақырту болса, қаңтарда 11126-ны құраған. Стационарларда 450 науқас ем-дом алуда. 22 науқастың халі ауыр. 204 сырқат оттегіге қосылған. Жыл басынан бері 29 адам КВИ-дан көз жұмды.

Басқарма басшысы коронавирустан қайтыс болғандардың 78 пайызы егде кісілер екенін жеткізді. Себебі 60 жастан асқандар вакцина салдыруға асығар емес. Биыл жұқпалы індеттен қайтыс болған 29 адамның 23-і – пайғамбар жасына келгендер. Індет басталғалы ауырып, жарық дүниемен қоштасқан 469 сырқаттың 72 пайызы – егде кісілер. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшелерінде жатқан науқастардың 82 пайызы – қарттар. Медициналық оттегіне тәуелді 204 адамның 160-ы – зейнеткерлер. Қаңтар айы басталғалы 6925 адамнан КВИ анықталған, олардың төрттен бірі алпысты алқымдағандар және олардың 95 пайызы вакцина салдырмаған. Өңірде 60-тан асқан 115343 адам вакцинациядан өтуге міндетті. Бүгінге дейін 65041-і ғана екпе салдырған. Диспансерлік есепте тұрған 83019 адамның 73 пайызы вакцина алыпты.

КВИ-ден қайтыс болғандардың 93,1 пайызы созылмалы аурулар бойынша есепте тұрған. Көбі қант диабеті, гипертония, обыр, жүрек және өкпе ауралары сияқты қатерлі дерттерге ұшыраған. Жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 6925 жағдайы тіркелсе, ауырғандардың ішінде тек 261 адам ғана вакцина алған. Бүгінгі күні облыста вакцина алмаған адамдардың саны – 76746 немесе 20,7 пайызды құрап отыр. 275437 адам немесе 74,29 пайызы вакциналаудың толық курсынан өткен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp