М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті төртінші жыл қатарынан Білім және ғылым министрлігі мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп өткізетін білім беру бағдарламаларының рейтингіне қатысуда. Тәуелсіз бағалау 19 өлшем бойынша жүргізіледі. Мәселен, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі мен орташа жалақысы, оқытушылар құрамының сапасы, аккредиттеу және білім беру бағдарламаларының өзектілігі сынды бағыттарды қамтиды.
Біздің университет 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында 7 білім бағдарламасы бойынша жүлделі орынға ие болды. Агрономия, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен жеңімпаз атанса, дизайн, мәдени-тынығу жұмысы мен екі шет тілінен екінші, ал құқықтану пәнінен жүлделі үштікке ілінді.
– Білім беру процесіне тұрақты қызмет ететін профессор-оқытушылар құрамымен қатар өндірісте жұмыс істейтін тәлімгерлер де қатысады. Жұмыс берушілер қажетті қызметкерлер мен бейінді мамандарды өздері таңдап, даярлайды, – дейді университеттің академиялық қызмет департаментінің директоры Майра Валиева.
Былтыр университетті тамамдаған түлектердің 85 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасыпты. Көрсеткіш жалпыреспубликалық деңгейден 7 пайызға жоғары. Бақылау нәтижесіне сүйенсек, жас мамандардың қазір алып жүрген орташа жалақысы 120 мың теңгені құрайды.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиаорталығының бас редакторы.