Петропавл қалалық соты Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына қатысты үкім шығарды.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, сотталушы Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы бола жүріп, М. деген адамды салық көрсеткіштерін өзгертуге көмектесемін деп алдап, 1 млн. 250 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, жазбаша материалдармен дәлелденді. Прокурор сотталушыны өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындағандықтан сот тергеуі қысқартылған тәртіппен жүргізілді.
Қылмыстың бұл түрі үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайды – оның істеген ісіне өкінетінін, жас баласы бар екенін ескерген. Сот заңсыз иеленген мүліктің 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Оның тергеу барысында қамауда отырғаны ескеріліп, айыппұл сомасы 10 млн. 271 мың теңге деп белгіленді. Сондай-ақ эксшенеунік өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Ал 1 млн. 250 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.