Мен ескіше жыл басы деп есептелетін “Наурыз күні” киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы XX ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен.
Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген.
Әрине, ол күннен менің есімде қалған ешнәрсе жоқ. Болысым кім, патшам кім, пайғамбарым кім, табым кім, онда менің жұмысым болмауы керек. Кейін ондайды ұнатпаса да ол кезде тістеген мен шаққанға да енжар болған сияқтымын: жылауық болмаппын.
– Қайсар болушы ең, жыламайтын едің, – деп, шешем осы күнге дейін әр кезде айтып отырады.
Тегі, ол кезде біздің ауылдарға көп оқиғалар соқпай өте берген сияқтанады. “Асау той, тентек жиын”, қызыл жон қырғын, батырлық, ерлік жайларын шалдар ғана ертегі ретінде айтып отырушы еді. Апталап, айлап көшетін кездер де атам заманғыға айналған. Қақ қасымызда, төрт-ақ шақырым жерде, Торсан ауылы бар. Оның екі баласы болыс, бір баласы төре: безектеген қос қоңырау ол ауылға күнде бір соқпай өтпейді. Ол қоңыраулар осы елдің тыныштығы үшін, қуанышы үшін шылдырамайтынын қай ауыл болса да біліп отырады.
– Тағы да қандай алым-салық келер екен? – десіп, күңкілдесіп те қояды. Бірақ бай ауылын айнала қоршаған кедей ауылдар әр кезде сыртта, әр кезде қағыс: заман оларға салмағын салады да әңгімесіне араластырмайды.
– Апыр-ай, осы жылда алатын алым-салық қайда кете береді екен? Біздің бір ауылдай елдің бір жылғы төлейтін алым-салығы бір үйді он жыл асырауға жетпей ме? Патша дегеннің өңеші кең бола береді екен-ау! – дейді Рақмет деген момын адам.
– Пәлі! Алым-салық төлейтін сенің бір ауылнайың ғана ма екен, мың-мың ауылнай, мың-мың болыс бар емес пе! – дейді, оның інісі Қожаң.
– Мың-мың ауылнай жоқ шығар… Ол тым көп қой. Сонша жұрттан жылда алым-салық алып отырса, қанша патша болғанымен жарылып өлер! – дейді үйкүшіктеу, он сомнан арғы есепті біле бермейтін Досан деген адам.
– Жарылып өлер? Әкеңнің әкесінен бері төлеп келе жатқанда балаңның баласына дейін төлейсің. Патша сонда да жарылып өлмейді, – дейді Қожақ. Ол Қорған қаласына жүкші болып кеткен адам. Елге анда-санда ғана бір соғады. Сондықтан оның сөзі нанымды сияқтанады.
Осы сияқты терең тамыры бар сөздер әлденеге байланысты қозғалып кетеді де аяқталмай үзіледі. Тағы бір ретте қайта жаңғырады. Бірақ мұның тамырлы сөз екеніне көпшілік мән бере алмайды. Үлкен әңгімелер бұл маңайда емес, болыс-би маңайында деп ойлайды. Оған бұл маңай қатынаса да алмайды.
Әсіресе “үлкен” әңгімелерден – “төрт үй түрікпен” аталатын – біздің ауыл сырт отырады. Сондықтан менің балалық шағымда есте қаларлық бір оқиға болмаған сияқты. Бұл не деген жадау өмір деп мұңайған да ешкім ойымда жоқ. Болмаған болу керек.
Сондай болымсыз өмірден менің есімде қалғандары да болымсыз. Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жақындап, шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болу керек. Әр қыста бір тосып алатын жұт пен әр жылда егіздей беретін алым-салықтар кейде тұқыртып кетсе, кейде біржола тұралатып кетуші еді.
Төртте шығармын деймін, Хамит, Сәбит дейтін екі ағам мен үшеумізді, мұсылмандық белгісін салу үшін, “сүндетке” отырғызатын болыпты… Бастыра киген бөркімен, бөркіне түстес буырыл сақалынан бет-аузының пернесі айқын аңдалмайтын тәйпік бір молда қылт-жылт еткізіп, бәкісін қайрап отыр. Өткен түні осы бәкісімен бастың құлағын кесіп отырған. Анда-санда бәкісін төбеден сорғалаған тамшыға тосып алады. Қайрақтың татын тамшы жуып жібергенде бәкі бізге қарай сумаңдап-сүйреңдеп, жұтынып қоятын сияқтанады. Әке-шешелеріміз әр баласының жақсы мінездерін көтере мадақтап, жоқ мінездерді де тауып мақтап, “сүндетке” бейімдеп келеді. Бір-бір “сүндет атымыз” болады екен, “сүндет тойы” болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екенбіз, ендігі жылы оқу оқиды екенбіз, ақылды болады екенбіз… Киіз үйдің, бір қабырғасына көрпе төселіп, жастықтар тасталып жатыр. Тұғжың молда намазға да отырды.
Әзірлік аяқталып болғанша үш бала көз құйрығымен ұғынысып, сыртқа шығып кеттік. Ауыл ағаш арасында болатын, тез жүгіріп, ауылдан ұзаңқырап алдық. Үйімізде жалғыз кәрі бурыл ат болатын. Үшеуміздің ойымызға да сол жануар түсіпті: “сүндет” арқылы бір-бір ат аламыз да, ат жетпегеніміз “сүндеттен” аман қалатын сияқтандық: бірақ мұның бірі де болмай шықты.
Естиярымыз Хамит інілерінен гөрі тереңірек бір сырды ұстап қалған екен:
– Сүндеттелмеген балаға қатын да әпермейді! – деді.
Біздің:
– Әпермесе, әпермесін! Қатын не керек? Ойнап жүре береміз! – дегенімізге тағы да бірталай салмақты тойтарыс беріп, ағалығын істеп сабарман мінез көрсете бастады. Сәбит екеуміз беріспеуге бет алып, ағаш арасымен зыта жөнелгелі тұрғанымызда сыртымыздан кұшақтай алған бауырмал қолдар үйге қарай алып кетті.
Енді, міне, үш бала қаз-қатар жатырмыз. Енді бурыл атқа екінші жағынан жабысқымыз келеді. “Сүндет атың қандай?” деп молда сұрап қалғанда – “бурыл ат!” десек болды ғой! Ат сенікі болад та…
Төр жақ шетте Хамит, ортада Сәбит, мен есік жақ шеттемін. Молда менен бастаса, бурыл ат маған тиетін сияқтанады. Ортада жатқан Сәбит Хамитқа бата алмай, менімен орын ауыстырғысы келіп еді, мен көнбедім. Ол мені шымшып, аяғымен теуіп қалып, сыбырлап боқтап та жатыр…
Молда үлкендете бастады да:
– Сүндет тойына мініп шығатын “Сүндет атың қандай?” – деп, ең алдымен, Хамиттан сұрады.
О да қауіптеніп жатыр екен “бурыл ат!” деп тез жауап берді. Тегінде молданың аңдитыны да баланың көңілі алаң болатын осы бір кез екен. Хамит: “Ойбай-ай!” деп, бақырып та жіберді: өткір бәкі ащы сезілді білем…
Бурыл атты Хамит атап қалғанда Сәбит кемсеңдеп жылай бастады. Біржола қара жаяу қалғандай, егіліп жылап кетті.
Кезегі келіп “сүндет атын” сұрағанда Сәбит: – “А-т-ы-м жоқ”, – деп тіпті қатты өксіп жіберді: көзімен ғана емес, бүкіл денесімен, жанымен, тәнімен жылады, әлдеқандай ауыр қорлық алқымына тығылып, буынып жатқандай сезіледі. Сәбит “Атым жоқ” дегенде менің жүрегімде атым жоқтық жарасы тереңдей түскенімен, қожаға беретін жауапты Сәбит тауып бергендей азырақ жеңіліп те кеттім.
Бірақ өзіме кезек келгенде, едәуір тоқталып барып: – “Менің де атым жоқ”, – дедім. Безеріп, қайсарлана айттым да қасарып қалдым.
Әркімге жаутаңдай қарап, шешем егіліп жылап отыр. Ботбай деген жақын ағамыз бар еді, ол да намыстанып жылап отыр екен:
– Немене қайта-қайта аты жоқтығын айтқыза беріп!.. Бір-бір ат беруші ме едің? – деп молдаға ақырып қалды.
– Өзім ат әперем… Жыламаңдар, мына шірік әкелерің ат әперуші ме еді! – деп бізді де уатты. Қуанып қалдық… Кейін “сүндет тойы” болмағанына одан да артық қуандық. Өйткені бізге ешкім ат әперген жоқ еді…
– Әке-шешеден күнде еститін көп жақсы тілектердің өзгесі келмесе де “оқу оқисыңдар” дегендері екі жылдан кейін келіп еді. Жаз бір көлдің басында, қыс айларын әр ағаштың қойнауында өткізетін бес-алты ауыл “балалардың тілін сындыру үшін” молда жалдапты. Молданың жылдық еңбегіне құнажын бұзаулаған бір сиыр, алты ауылдың пітір-садақасы берілмекші. “Аузының салымына қарай”, өліктің жаназасы да соныкі. Бейсенбі күні балалар молдасына “жұмалық” беріп тұруға тиісті: екі тиыннан кем болмасын, бес тиыннан артық та болмасын… Үлкендер кешқұрым осы “жалақыны” бөлісіп, қыр басында ұзақ отырысып қалды.
Молда әр үйде бір жетілеп оқытады. Оқуға бала берген үйлер кезектесіп, бір жеті молданың тамағын да көтереді, балалар оқитын мектеп те болады. Бір жеті өткеннен кейін молда келесі үйге ауысады.
Алғаш “оқуға” барған күні арабтың жиырма тоғыз харпі түгел тізілген бір жапырақ қағазды молда барлық баланың қолына түгел ұстатты. Сарғыш мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан шақар жас молданың алдында өрімдей көк шыбық жатыр. Шыбықтың үш жағы жыланның құйрығындай сүйірленіп, балаларға қарай қозғалақтап қояды. Оны көріп отырған балалардың оқымауына да болмайды, бірақ үйренуіне де болмайды. Қорқыту еш нәрсе үйретпейді.
Балалар төрден есікке қарай үлкендете отырғызылды. Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді. Кей үйде қозылақпен етектесе отырамын. Кейбір үйдің иті қасымда жатады.
Молда ең жасы үлкен баланы алдына шақырып алды да әлгі айтылған бір жапырақ қағазды тырнағын әдемілеп алған сұқ саусағымен нұқып көрсетіп:
– Әліп, би, ти… – деді. Содан кейін балаға өзі айтқанын үш рет қайталатып:
– Бар, орныңа бар, оқы, – деді де келесі баланы алдына шақырды…
Осы тәртіппен молда оқушы балалардың нақ жартысын алдынан өткізгенше, өзгеміз “әліп, би, ти” деген үш сөзді жаттап та алдық. Тек бір де бірінің мағынасын аңдай алмай отырмыз. Екі жыл оқытып, екі бұзаулы сиыр алып, он шақты адамға жаназа шығарып, алты ауылдан екі жылғы бітір-садақасын алып, молда еліне қайтар кезде де біз ол мағынадан еш нәрсе аңғармап едік. Ескі оқудың әдісі бойынша бір харып баланың алдынан сегіз-тоғыз түрлі өзгеріп өтеді. Мысалы, “а” харпын алайық. Бұл ең әуелі “а” емес “ә”, “әліп” деген аты да бар, таяқ сияқты таңбасы да бар. Алдымен бала оның сол атын бір жаттайды, әліп…
Келесі жолы оның асты-үстінде нүкте жоқтығын жаттайды.
– Әліпте жоқ, би астында бір нүкте, ти үстінде екі нүкте…
Бірақ бұның қандай дыбыс беретінін бала әлі білген жоқ…
Үшінші кездескенде жаңағы “ә” қатарынан үш дыбыс ретінде оқытылады:
– Әліпсін – ә, әлбәсін – и, әліптүр – ө, ә-и-ө…
Осы ә-и-ө деген үш дыбысты араб харпында жазылатын түрімен қазіргі жаңа алфавитқа көшірсек, былай таңбаланар еді: – а, аи, ао…
– Ұлы, өндіріс, он, ер деген сөздер – аоғлы, аендирис, аои, анр – деп таңбаланар еді.
Төртінші оралғаныңда сол бір “әлігі” тағы да үш түрлі өзгеріс табады:
– Әліпкі-күсін – ән, әліпки-кәсін – ен, әліпки-күтірөн – ән-ен-өн…
Енді бір кезде жаңағы жұмсақ әліп (ә) “а” болып кетеді. Ол қай жерде ер жетіп, жуандап кеткенін балалар да аңдамай қалады, молданың өзі де ұғындыра алмайды.
Сонымен бір харыптың сегіз-тоғыз рет өзгертіліп оқытылатынын еске алсақ, араб әліппесінің жиырма тоғыз дыбысы 232-261 харып болып шығады. Сонша шытырманға кіріп кеткен бала кейде соны жыл бойы оқып та хат танымай қала береді. Дыбыс не, харып не, таңба не, оны ешбір бала айыра алмайды. Ең жақсы оқиды деген бала – жаттауға ғана машық болғаны. Сол машықтардың бірі мен болсам керек.
Қобызшы, домбырашы, әнші, жүйрік ат, қыран құсқа құмар Ботпай деген жақын ағамыз улап-шулап отырған балалардың арасына жиі келіп отырады. Үлкендерден біреу келгенде балалар тіпті әндетіп кетеді (ескі оқудың әдісінде үндемей оқу атымен жоқ қой!):
– Әліпкі-күсін – ән, әліпкі-кәсін – ен, әліпкі-күтірөн – әи-ен, өн!
Жарықшақсыз жас дауыстарға елтігендей, Ботпай біраз мүлги тыңдап отырады да молдаға наразылық айта бастайды.
– Осы сенің “әліпки-күсін-ән” дегенің немене өзі? Осы да құдай сөзі ме? – деп, қадала сұрайды. Мінезі оқыс, түсі суықтау кісі болушы еді, молда да оған ығыса жауап береді:
– Оқу ғой, Ботеке… Не екенін бір Алланың өзі білмесе, біз қайдан білейік… – дейді. Молданың көкшіл көзі айранданып, сирек мұрты дірілдей бастағаны aңдалады. Бізге ылғи ызғарлы көрінгісі келетін бейшара молданың ығысар бір жаны болғанына біз қуанып қаламыз.
– Cенің үйретейін дегенің “он, ен, өн” болса, соның өзін ғана үйретіп қоймаймысың, қу мұндар! “Әліпки-кәсін” деген ішіңді ұрайының неме керек? Енді бір жетіден кейін балам тағы да осыны оттап отыратын болса, оқуыңнан шығарып алам! – деп, Ботпай молдаға ұрт мінездер көрсетіп қояды.
Әрине, келер жетіден кейін де балалар баяғы маңда жүреді, бірақ Ботекең де баласын оқудан шығарып әкете алмайды.
Анда-санда Ботпайдың басқа елге ұзатылған жалғыз қызы Бәтима үйіне келеді. Сұлу емес сүйкімді, елжіреген балажан, ерке жүректі адам еді. Ескі ауылда сирек кездесетін, ерекше тұратын, не ойлай қалғаны жүзіне шыға келетін нәзік сезімнің адамы еді. Сол бір жылы бейне балалық шақтың ұмытылмас сағынышы сияқты менің ойымда әлі бар, әлі сыны жоғалған жоқ.
Бәтима қобыз бен домбыраға бірдей жүйрік. Елге қашаннан бері таныс күйлер мен жұпыны ғана әндер оның саусағына іліккенде құлпыра жөнеліп, жаңа бірдемелерді пайымдап кетеді. Басқалар тартқанда сақау қалатын домбыра пернелері ең жанына тиетін дыбыстар береді. Бәтиманың даусы да сазды болушы еді. Әсіресе қалың топ қоршап алып қысталағанда, жарқырап шығатын қазақ қызын бірінші көргенім сол. Ол ән салғанда, домбыра тартқанда әкесінен басқа әнші, күйшілердің бәрі де құба төбелденіп, жасып қалатын еді. Әкесі ғана тасып отыратын.
Кешқұрым айдын көлдердің жағасында әкесі қобызды алып, қызы домбыраны алып қосыла тартып кеткенде, әр ауылдан шұбырған жұрт андай бастайды. Ол екеуінен басқа ешбір адам қобыз бен домбыраның үнін қоса да алмайды.
Бәтима үйіне келгенде Ботпай үйі ұзақ думанға айналады. Жақын елдердің әнші, домбырашылары жиналып, алыстан талықсып-талмаурап жеткен Ақан, Біржан әндерін салады, Арқа күйлерін әкеледі. Қараңғы елге Абай әлі естілген жоқ, Құрманғазы күйлері Октябрь революциясына дейін жете алмай қойды. Қалай да Ботпай айналасы домбыра, қобыз үйренуге, жастардың еркіндік сезінуіне сеп болды.
Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған “қиссалар” тасқыны басталды. Қараңғы ауыл үшін “Сал-сал” да қисса, “Қыз Жібек” те қисса. Бірақ Ботпай “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш”, “Көр ұғылыны” жаттап алыпты, өзгелерін жаттамаған. “Қозы Көрпешті” айтып отырып, Қодарды боқтап алады да “Қыз Жібекті” айтып отырып:
– Көріңді ұрайын бір қожа мен бір молда мына жерін бұзып қойыпты, бұрын былай айтылушы еді, – деп, ара-тұра түзеп айтады. Сол кезде құлаққа сіңгеннен қалған бір-екі жол өлеңді мен ерте кезде жарияладым. Ол Жібектің әмеңгерлікке қарсылығын көрсететін сөздер еді:
– Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,
Не болды жас басыңнан, сорлы бала?
Ботпай бұл сөздерді ширатыңқырай да қадағалай айтады. Жеңгесін алған, келінін алған адамдар отырса, өлеңнің әнін кілт үзіп:
– Сендерге айтады! – дейді. Олар ұялып, жауапсыз ыржиысады.
Біз үш жаз, екі қыс молдадан оқып, қиссаларды едәуір кеуделей бергенде, Доңыз жылының атақты жұтына ұрынып, бәрінен біржола ажырастық. Молда босанып кетті. Содан кейін мен не ескіше, не жаңаша, қазақша оқыған емеспін. Әкемнің орташаға қарай ойыса беріп сылқ етер кезеңі келіп қалған екен, сол жұтта тұралады да қалды.
Ескі ауыл шаруа бағуға қандай қырсыз, қандай бейғам екендігін мен кейінірек түсіндім. Ол кезде бір жалқаулықты, барлық олақтықты тек қана “Доңыздың” ылаңына жауып, ақтаушылармен ойлас едім.
Біздің құба-төбел ауылдар оп-оңай жұтап қалды. Жайлауда отырып-ақ шөбін шаптыра берген бай ағайындарынан жырылып кете алмай, етек басты болып отыра берген орташа-кедей күздікке келгенде, жаз бойы ескен аңызақ жердің түгін ұшырып әкеткен екен. Жұт сол қызыл іңір, күзден-ақ басталып кетті. Біздің үйде сол жылы дәл он алты жан бар еді. Мұның ішінде төрт-ақ адам жұмысқа жарайды, өзгесі өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқ балалар мен қартаңдар болатын. Жұмысқа жарайтындардың үшеуі есікте, жалшылықта еді.
Азғана жылқыны “жынды боран” алды, азғана қой аштан, азғана сиыр тістен таусылды. Сүйегі саудыраған, жағы суалған, көзі үңірейген, тәлтірек аштық жер үйдің төрт бұрышында түгел орнай қалды. Сүйек, тері, сақармен қақтап алған сүйектің майы, өлімтік жылбысқысы, бәрі де тесік тамақтан өтіп жатты.
Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шөген қайнап тұрады. Шөгеннің ішінде сықыр-сықыр еткен өңкей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке секілді сүйектер асылған күні сорпаның бетіне май көбірек шығады да, шөгеннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасық ұрлап алып, көзтаса бола бергенде әлгі майды қалқып кеп әкетеміз… Жер үй бу басқан караңғы… Тағы қайталаймыз… Қолға түсіп қалсақ, бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір…
Шай келеді, шаймен бірге қуырылған бидай келеді. Бидайды кемпір шешеміз бөліп береді, үлкендерге 2 қасық, балаларға сыла қасық тиеді. Бидайды бөлгенде барлық көз кемпірдің қасығында болады да, әркім өз пайдасына қарай түрлі “замечаниялар” жасап отырады:
– Қасығыңды сілікпесейші!
– Батыра түс!
– Маған дегенде қасығың ылғи қалқи бастайды-ау! – десіп қалады.
Кемпірдің бүкір қолдарының қалай қозғалуы мәселені шешеді: жарты аймақ, болмаса он шақты түйір бидай қосса, не алып қалса, 32 көз соған қарай түрлі белгілер білдіреді. Кемпір қалыпты бір “кәперетіп” секілді.
Балалар шамамыз келгенше кемпірдің қасына жақын отыруға, кеш болса арқасын қасуға, жалпы айтқанда, кемпірге жақсы көрінуге жанталасамыз. Кемпірге жанаса алмағанымыз, шалға, әкеге, болмаса басқа бір беделі бар біреуіне жақын отырамыз. Өйткені олардың көзіне жаутаңдай берсең, шыныаяғын әперіп жіберсең, дер кезінде “бидайың шашылып барады” деп қала алсаң, шырайына қарай әртүрлі жағымпаздық істей алсаң, бес-он бидай ауысып та салады. Бірақ басқа уақытта қарым-қатынасы түзу адамдар да, шай үстінде ысқырынып, көбінесе ырай бермей қояды.
Кейде шыныаяғын әпере беріп үлкен біреуінің алдындағы бидайын өзімізге қарай шашыңқырап та жібереміз… “Қайда апарасың?” – деп сол секундында-ақ жалғыз түйіріне дейін жинап алады, бұрынғысынан көрі де өзіне жақындатып, ықшамдап қояды. Көздері жайнап, бізге қарақұстай түйіледі. Біз оған ұялмаймыз, өзімізге тиген бір қасық бидайды бірдей қылып, 7-8-ге бөліп, 7-8 шәшке қайнаған ақ су “шай” ішеміз. Суды қанша сораптасаң да ешкім қарсы болмайды…
Көп жан – “жақ жұты”. Доңыздың қысы да, жазы да аштық болып еді. Бірін-бірі оғымен атып отырған 32 көз бір жерге сыя алмай, әкем еншісін алды: бізге бір ала қой, бір қысыр қызыл сиыр, бір кер тай тиді. Менен үлкен екі баласын әкем кісіге жалдады да, менің жалданар кезегім бірер жылдан кейін келді…
Белгілі 16-шы жылы қара жұмысқа іліккен нағашым мені шаруасына бас-көз етіп қалдыруға сұрап әкетті. Дөңгелек қана шаруалы, екі жас баласы бар адам еді. Ол ел Обаған өзенінің жағасында отырады да, қысы-жазы балық аулап, аздап егін салады екен. Қыстау түрлері әлі де баяғыдай үйме-жүйме болғанымен, отырықшылыққа бейімделіп қалған ел. Жаздыгүні қыстау маңынан 4-5 шақырым жерге ғана жылжып қонады. Обаған өзенінен Қостанайға жақындаған сайын отырықшылық тіпті айқындай береді.
Мен бұл мойны алыстықтан бұрын келіп көрмеген елге егін жинау үстінде келіп едім. Егіннен кейін балық ауласып кеттім.
Көкше мұз екі еліге ілексе-ақ балықшы ел балыққа аттаныс жасайды екен. Обаған өзенін мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі… Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапалақтайды да жатады… Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қарабалык, күмістей жылтылдаған ақ шабақ…
– Жиен бала, балықты жинай бер, – дейді нағашым.
Балық науқаны қыс ортасында саябырлады. Көрші ауылда екі класты орысша мектеп бар екен. 6 сом пара алып, “учитель” мені январь айында бірінші класқа кіргізді. Атын әлі күнге білмеймін, “Ақтөбе жігіті” дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді…
Ұзамай ол орнынан алынып, мектеп белгілі оқытушы Бекет Өтетілеуовке көшті. Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе өзі аударған Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды. Бірақ балалар ойы ұғындырғанды да ұмыта береді. Бекеттің өз айтқандарынан есте қалған бір ауыз сөз:
– Қандай іске кіріссең де таза қолмен кіріс! – дегенді көбірек айтушы еді. Тақтаға барып есеп шығарғаннан кейін, болмаса, жазуға отырарда біз ылғи қолымызды жуып әдеттендік. Оның айтатыны бұл ғана еместігін мен кейінірек аңғардым. Қолың таза болуы шынында да көп нәрсені аңғартпай ма?
Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі “Жиған-терген” деген өзі шығарған өлеңін берді. “Жиған-терген” маған өте ұнады. Бірақ “Кәне, несі ұнады?” деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым. Содан соң ол маған бір жетіге “Шаһымаран” қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты. Тыңдаушылар мені мақтасып тарасты. Өнерсіз-білімсіз елге ертегіші де, бірдемені оқи алған да өзге жұрттан биігірек тұратын еді.
Бұрын бірер жыл молда алдын көрген балаға бірінші кластың сабағы өте жеңіл болып еді. Оның үстіне аздаған мақтаншақ та болуым керек, мені өзіне жақынырақ ұстайтын оқытушыма еркіндік жасап, айналасы бір айдан кейін былай дегенім әлі есімде:
– Мен бірінші класты бітірдім… Екіншінің кітаптарын оқып жүрмін, – дедім.
– Қалай бітірдің? – деп, ақкөңіл оқытушым таңданып та, абыржып қалды.
– Оқытып көріңіз… Букварь да бітті, есеп те бітті, – дедім.
Ғабит МҮСІРЕПОВ.
(Жалғасы бар).