Петропавлдағы медициналық мекемелерде “Денің сау болсын десең, екпе ал!” атты акция өтуде. Оған вакцинаның бірінші компонетін салдырған кез келген тұрғын қатысып, шипажайға жолдама және тісті емдетуге сертификаттар ұта алады.
Қаңтардың 27-сі күні басталған акция үш кезеңнен тұрады. Әр апта сайын курорттық шипажайға жолдамалар және тіс емханасына сертификаттар ойнатылады. №3 қалалық емханада екінші кезеңнің жеңімпаздарына сертификаттар табысталды.
– Акцияға қатысу үшін қандай вакцина алғаныңыз маңызды емес. Тек алғашқы компонентті қабылдаған болсаңыз жеткілікті. Акцияға 110 адам қатысты. Біз емхананың инстаграм парақшасында тікелей эфирге шығып екінші кезеңнің жеңімпаздарын анықтадық, – дейді №3 қалалық емхана директорының орынбасары Алтын-Сара Қарабалина.
Аталмыш акция қаланың барлық емханаларында жүргізіліп жатыр. Шараның екінші кезеңі қалалық №1 емханада ұйымдастырылды.
– Біздің емханада өткен акцияға вакцинаның алғашқы кампонентін қабылдаған 91 адам қатысты. Нәтижесінде бір жеңімпаз Бурабай демалыс орнына жолдама ұтып алса, тағы бір тұрғын 50 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сонымен қатар 20 мың және 10 мың теңгелік сертификаттар да өз жеңімпаздарына табысталды, – дейді №1 қалалық емхана директорының орынбасары Әлия Жанботина.
Акция бір айға созылмақ. Жеңімпаздар “randomus.ru” сервисі арқылы анықталады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.