Есіл ауданына қарасты “Красный бор” жануарларды қорғау аймағындағы маралдардың саны кейінгі кездері көбейіп келеді. 40 жыл бұрын әкелінген 20 лақ бүгінде үйір-үйір кермаралға айналған. Қазір қорық аумағындағы даланың маңғаз жануарының саны 1500-ге жуықтаған.
Маралдар мемлекет қорғауына алынған. Табиғатта оларды өте сирек кездестіруге болады. Ал мұндағы жабайы жануарлар адамға әбден үйреніп алған. Тіпті қолдан жем жей береді. Жазда кербұғылар емін-еркін жайылса, қыста қорықшылар қолдан қоректендіреді. Маралдарды мемлекеттік мекемеге қарасты 6 инспектор күтіп бағады. Табиғат қорғаушыларының басты жауы – браконьерлер. Мамандар күн сайын 60 гектар аумақты арнайы көлікпен шарлап шығады.
Руслан Құсайыновтың инспектор-орманшы қызметін атқарып жүргеніне 20 жыл. Жалақысы мардымсыз болып, осы уақыт аралығында жұмысынан үш рет кетіп, қайта оралған. Атасы мен әкесі де өмір бойы осында еңбек еткен. “Маралдарға біз жазда үш мың центнер шөп дайындадық. Маусымның басында олар төлдей бастайды”, – деді Руслан Құсайынов.
Маралдың әрқайсысына күніне орта есеппен 600 грамм жем беріледі. Жабайы жануарлар қайың жапырақтарын да қорек қылады. Инспекторлар шөпті жаз бойы өздері шауып, өздері үйеді. “Биылғыдай жайлы қыстың бұрын қашан болғаны есімде жоқ. Қар аз, күн әдеттегіден жылы. Марал, еліктер өздері тебінге шыға береді”, – дейді қорық директоры Николай Гусельников.
Қорықта 400-ге тарта қабан да бар. Олар негізінен көлдің маңайын мекендейді. Марал сынды адамға жақын емес. Биыл арнайы аймақтағы жануарлардың санын нақты анықтау үшін есеп жүргізілмек.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.