Қазақ халқының тарихында қайғылы оқиғалар аз болмаған. Ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен жерімізді қорғау жолындағы қанды шайқастары, өткен ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу, “халық жауы” деп жала жауып, азаматтарды қуғын-сүргінге ұшырату – қаншама қандастарымыздың шейіт болып кетуіне, көпшілігінің шетелге қашып, тарыша шашылуына әкеліп соққаны белгілі. Соның ішінде қатарымызды селдіретіп кеткен ашаршылық жылдарының салған жарасы әлі де толық жазыла қойған жоқ.
Бұл зұлмат неден басталып еді? Тарихи деректерге жүгінер болсақ, 1924 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының он төртінші съезінде елді индустрияландыру жөнінде шешім қабылданған. Бұл дегеніміз – заводтар мен фабрикалар салу, ірі құрылыс ұйымдарын құруды меңзейді. Әрине, олар негізінен Ресейдің еуропалық бөлігінде ашылуға тиіс. Ал шикізатты шеткері аймақтардан, соның ішінде Қазақстаннан жеткізетін болған. Осындай ауқымды істі жүзеге асыру үшін қалаларға көптеген адамдарды шоғырландыру, оқыту, жұмысқа тарту керек. Ал оларды жатын орынмен, азық-түлікпен қамтамасыз ету жағы ше? Осы арада басшылардың ойына қазақтардың малды көп ұстайтыны түсе қалса керек. Қазақстанға азық-түлік, әсіресе ет дайындаумен айналысатын адамдар жіберіле бастайды. Олар әр қазақ отбасындағы малдың есебін алуға кіріседі. Міне, осындай солақай саясаттың салдарынан сол кездегі есепте болған 400 миллион ірі қараның 1931-1933 жылдар аралығында 4 миллионы ғана қалады. Қазақтың ежелден малмен күнін көретінін ескерсек, арты қайғылы оқиғаға соғатыны айдан анық еді. Солай болды да. Мен бұл арада тұтастай қазақ даласында орын алған жағдайға тоқталмай-ақ қояйын. Оны оқырмандар біледі. Мен тек өзім естіп-білген, көзім көрген жергілікті жердегі оқиғаларды айтпақпын.
Кеңес өкіметі орнағанға дейін Керей руы ішіндегі Самай тайпасына жататын Қапсыт атасынан тараған сексен үй қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Қарақамыс пен Жалтырша ауылдары маңындағы орман-көлдерді мекен еткен. Бірде Анасьтас (Анастасьевский), енді бірде Аққусақ болыстарына қараған олар 1928 жылы ғана біріктіріліп, екі ауыл болған. Орталығы Майбалықта орналасқан Төңкеріс ауданына қараған.
Қыста орман баурайларында, кейбіреулері қойнауларында қыртыстан салынған үйлерді паналап, жазда жайлауға көшіп, киіз үй құрып, малдарын баққан ата-бабаларымыз Ресейдің бізбен шектескен елді мекендерінің тұрғындарымен де байланыс орнатса керек. Селолар мен хуторларда тұратындар егін себеді, картоп, көкөніс өсіреді. Қазақтар өздеріне жақын орналасқан Макарьевка, Исаевка, Песчанка, Темное деп аталатын және басқа да мекендердің тұрғындарын хохолдар деп атайтын. Өйткені орталық Ресей мен Украинаны аштық жайлаған кезде, яғни патша өкіметінің 1843 жылғы жарлығымен осында көшірілгендердің негізі украин шаруалары болатын. Қазақтар жаңа қоныстанғандардың, ал олар жергілікті тұрғындардың тілін білмесе де араларында сауда-саттық орныққан. Тіпті бір-бірімен “тамыр” болып алған. Қазақтар торпақтарын, сүт өнімдерін оларға апарса, көршілер картоп, бидай, көкөніс беретін. Әлі есімде, менің кішкентай кезімде, атам Қырықбабайдың Жантемірі Исаевкаға торпақ апарып, бір көрмеңке картоп әкелді. Көрмеңке дегенің ат арбаға орнатылған қорап. Оған шамамен төрт-бес қап картоп сияды.
Қоныс аударушылар мен жергілікті халықтың арасында орнаған “тамырлық” қатынастың арқасында екі жақтың да тұрмыс жағдайлары жақсара түскен. Бірақ партияның 1927 жылғы XV съезінің жеке қожалықтарды 1932 жылдың көктеміне, яғни егін сепкенге дейін ұжымдық шаруашылықтарға (колхоздарға) айналдыру жөніндегі шешімі жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді. Бытыраңқы отырып, малмен күнкөріп келген халықты алдымен қожалықтарға біріктіріп, артынан колхоздар құру мақсатында бір жерге көшіріп, шымнан үйлер, қамыстан қора-қопсы салғызу оңай іс емес еді. Әрине, ұжымдық шаруашылық (колхоз) құру үшін ортақ мал, жүк тасымалдау үшін арба-шана, ер-тұрман, басқа да құрал-саймандар керек. “Жұт жеті ағайынды” дегендей дәл осы кезде қазақ жерінде де қыс қатты болып, малдың көбі қырылып қалады. Соған қарамастан үкімет халықтың қолындағы аман қалған төрт түлікті тәркілеуге кіріседі.
Досым, қазіргі Жамбыл ауданындағы Жалтырша ауылының тумасы, ардагер-ұстаз Сайран Сұлтанұлының айтуынша, 1932 жылы оның ұлы атасы Жаманқұлдың Жақыбының жалғыз атын арбасымен және ер-тұрманымен алып қояды. Енді не істеу керек? Ойланып-толғанып бір түні аты мен арбасын ұрлап алады да, әйелі мен бір ұл, бір қызын салып алып, қашып отырады. Колхоз басшылары мал-мүліктің ұрланғанын ертеңінде білсе де, артынан қуып бара алмайды. Оның үстіне ол кезде ат жолы көп, олардың қай жаққа бет алғанын қайдан білсін? Ауылдан түн жамылып қашып шыққандар қанша уақыт жүргенін кім білсін, әйтеуір, Ресейдің Лебяжье станциясына жетеді. Сонда ат-арбаларын сатып, алдымен Қорғанға, одан әрі Кемерево қаласына бет алады. Кемероваға баратыны онда жақын ағайындары Әбікен Елеусізұлы шахтада жұмыс істейді екен. Ол ертеректе кетсе керек. Хат алысып тұрған. Шахтада жұмыс істегендерге еңбекақыға ақша беретінін, тұрмыстары жақсы екенін жазатын көрінеді. Кемерево – сол кезде де, қазір де ірі көмір өндірісі орналасқан қала.
Діттеген жерге жетсе де тепсе темір үзетін жастағы жігітке шахтаға жұмысқа тұру оңайға соқпайды. Медициналық комиссия өкпесінің қарайғанын көрсетеді. Енді не істеу керек? Өзінің орнына басқа бір жігітті рентгеннен өткіздіріп, өкпесі таза деген анықтама алып, әйтеуір, жұмысқа тұрады. Абырой болғанда, шахтада оған вагонвожатый деп аталатын жұмыс беріледі. Көмір тиелген вагонды рельс арқылы итеріп, жоғарыға, яғни жер бетіне шығаратын көтерме құралға дейін жеткізіп отыратын болады. Осылайша ақша тауып, отбасын асырайды. Ел жақта жағдай түзеле бастағасын, 1935 жылы туған жерге бет алады. Өкініштісі, Жалтыршаға әкесі екеуі ғана оралады. Шешесі мен қарындасы Рысты мен Нұрқияға топырақ Кемерево жерінен бұйырады.
Кеңес Одағы тұсында, біздің бала кезімізде ауылдың атқамінер пысықтары күз болса, Түмен облысынан мәстек әкеліп, ауылдастарына сатып жүретін. Семіртіп, қысқы соғымға соятын жылқыны қазақ мәстек деп атайтын. Тегі нашар, тұтынуға, мініске жарамайтын жылқыны солай атайды. Сөйтсек, ол жақта, нақтырақ айтсақ, Қорған облысының Мокродусово, Түмен облысының Заводоуков, Ялуторов аудандарында тұратын Самайдан тараған Қалсыт ұрпағы көп екен. Керей – Уақтан тарағандар да аз емес. Олардың да ата-бабалары негізінен аштық жылдары сол төңіректегі ормандарды паналаған көрінеді. Қазір олар орыс селоларында бір-екі үйден ғана тұрады. Бірақ бір-бірімен аралас-құралас. Той-думанда да, жаназа-дұғада да алыс-жақында тұратындарына, қызметтеріне қарамастан бастары қосыла қалады.
– Сендер бұлай тарыша шашылмай, бір жерге жиналып, ауыл құрып, неге бірге тұрмайсыңдар? – деймін.
– Біз бірге тұра алмаймыз, өйткені малды көп ұстаймыз, біріншіден, көзге түсеміз, екіншіден, жайылым жетпей қалуы мүмкін, – деседі олар.
– Біздің отбасымыз 1932 жылы Жалтыршадан бір түнде қашып шыққанда мен бес жастағы бала екенмін. Қорған мен Түмен облыстарының шекарасындағы қалың орманға барып тоқтаппыз. Бұл колхоздың жайылым жері екен. Әкем Әбу мал бағуға тұрыпты. Тұрмысымыз жаман болған жоқ. Орыс арасында болсақ та тілімізді ұмытқан, дінімізді жоғалтқан жоқпыз, – дейтін марқұм Сағындық Итішев.
Еліміз егемендік алғасын біраз қандастарымыз көшіп те келіп еді. Солардың ішінде Дүйсенбі Тоқаев Қызылжарға, Серікбай Әубәкіров қала маңындағы Бәйтерек ауылына қоныстанды, бір атаның баласы болғандықтан отбасымызбен араласып кетіп едік. Екі азаматқа топырақ ата-бабаларының өскен-өркендеген жерінен бұйырды. Ал көптеген қандастарымыздың сүйегі жат жерде қалды.
Серікбай Қапаров деген азаматтың әңгімесі әлі есімнен кетер емес. Оның ата-бабаларының кіндік қаны тамған жер қазіргі Жамбыл ауданындағы Ақбалық ауылы. Кезінде Молотов атындағы миллионер колхоздың орталығы, бертінде “Озерный” совхозының бөлімшесі болып, егін егіп, мал өсіргенімен, өкінішке қарай, қазір картада да жоқ. Серікбай Саянұлының айтуы бойынша, ұлы кәмпеске кезінде оның ата-бабалары, алдымен Қорған, кейін Түмен облысына қашып, қалың орманды паналап аман қалыпты. Ел есін жиып, шаруашылық нығайып, алыс-жақын ағайын-туғандар бір-біріне қатынаса бастаған шақта “есіміз барда елімізді таниық” деген бітімге келеді. Алдымен Ақбалыққа бірнеше қарияларын жібереді. Оларды туған-туысқандары қуана қарсы алып, қойларын сойып, қонақ қылады. “Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма” дегендей, ағайындарының сәлемін жеткізіп, жоспарларын айтады. Әрине, мұндағылар негізінен қуанған кейіп танытады. Бірақ бір үйде қонақта отырғанда ауыз үйдегілердің бір-бірімен сыбырласып: “Кеше ел басына күн туғанда бассауғалап, қашып кеткен бай-кулақтар қайтып келіп, бізді жарылқай қоймас”, – деген сөздерін құлақтары шалып қалады. Содан кейін тез хош айтысып, келген жақтарына қайтып кетеді. “Бұл жақта бізді ешкім күтіп отырған жоқ екен” деп айтып барады. Осылайша қандастарымыздың ойлаған ойлары жүзеге аспай қалады. Елге көшеміз деп қамданып отырған қырық шақты отбасы амалсыздан шекараға жақын Сладков ауданына келіп орналасады.
Кеңес Одағы кезінде көршілес орналасқан облыстар, аудандар, шаруашылықтар арасында социалистік жарыс ұйымдастырылатын. Әсіресе Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аудандарындағы жарыстар халықтар арасындағы достықты нығайтуға оң әсер ететін. Қазіргі Мағжан Жұмабаев және Түмен облысының Сладков аудандары арасындағы жарыс шеңберінде делегаттар алмасу барысының бірінде совхозда зоотехник болып қызмет атқарып жүрген қазақтың жігерлі, іскер жігітін “Молодежный” (соңынан Мағжан Жұмабаев атындағы) совхоздың директоры Оралбай Сағындықов көріп қалып, елге оралуға кеңес береді. Осылайша Серікбай Қапаров ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың кіндік қаны тамған Сарытомарға көшіп келіп, бөлімше басқарушысы қызметіне тұрады.
Қазақтың “ағайын жоқ болса бере алмайды, бар болса көре алмайды” деген нақыл сөзі тауып айтылған екен-ау. Әкем Жантемірдің Мырзахметінің айтуы бойынша, мал-мүлікті тәркілеу науқаны кезінде “шолақ белсенділердің” шаш ал десе бас алатын әрекеттерін былай қойғанда, ауылдардағы ағайындылардың өздері бірін-бірі көрсете бастаса керек. Соның салдарынан біраз отбасылар туған жерлерін тастап қашса, ауылдан асып кете алмағандары қуғын-сүргінге ұшыраған. Жандайшаптар ауылдан қашқандардың бос қалған шым үйлерін, тіпті абақтыға айналдырып, мал-мүлкін өз еріктерімен беруге қарсы шыққандарды сонда қамап, ұрып-соғатын болған. Менің ұлы әкемнің інісі – Байтемір жалғыз сиырын бермеймін деп қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалып, ақыры ауылға оралмаған. Қайда жерленгені де белгісіз. Қазақ халқының ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қинамайды дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп бекер налымаған-ау!
Ауылдарда қалған халықтың жағдайы да күн санап қиындай түскен. Аш адамдар қоралардағы иттерін сойып жей бастаған. Біздің Қарақамыс ауылында колхоз құрылғанда тұрғындардан жиналған малға арналып салынған қоралардың маңында астық және жем сақтайтын қойма болған. Онда егеуқұйрықтар көп болса керек. Адамдар сол егеуқұйрықтарды аулап жеуге мәжбүр болған екен. “Күн сайын бірнеше адам өлетін. Аштықтан өлген адамның басы қазандай болып ісіп кетеді екен. Қорқынышты. Оларды көмуге мұршамыз келе бермейді. Кейбіреуі екі-үш күндеп жатып қалады”, – деп күрсініп, көзіне жас ала, еске алушы еді марқұм әкем.
Аштықтың салдарынан адамдар жаппай ауыра бастаған. Сондай аурудан әрі аштықтан біздің үйден жиырма бес күнде бес бала қайтыс болған. Осы қайғыдан біз жынданып кете жаздадық деп еске алатын анам Көкеш Шәймерденқызы. Енді не істеу керек? Бұдан әрі ауылда қалу қауіпті. Не жұмыс, не ішерге тамақ жоқ. Отбасы ақылдаса келе, Ресей асуды ұйғарады.
Қарақамыста ол кезде он шақты түйе болса керек. Қариялардың айтуларына қарағанда, ағылшындар қазақ жерінің астынан қазба байлықтарын іздеген. Ол кезде ен далада ауа райының қандай жағдайында болмасын жүріп-тұруға түйеден артық көлік жоқ. Сондықтан олар түйелерді пайдаланған. Ал кеңес өкіметі орнығып, қазақ елі оның құрамына енген кезде ағылшындар елдеріне қашқанда түйелер осында қалып қойған. Оларды колхоз ауыр жүк тасуға пайдаланған. Әсіресе көршілес Қорған облысының Лебяжье станциясынан колхоздың бар-жоғын таситын болған. Ұсталар үлкен арба, ал қыста жегуге шана жасаған.
Жұмыс іздеп, сырт жерге кетуге ыңғайланған бірнеше адам, тіпті тұтас отбасылары осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келіп, керуеннің келесі баратын уақытын тосқан. Әрине, олардың бәрі арбаға сыймайтыны анық. Сондықтан көбі керуенге еріп, жаяу жүріп отырған, шаршағандары ғана арбаға кезектесіп мініп, дем алатын болған. Жол алыс, Лебяжьеге дейін біздің ауылдан кемінде жүз елу шақырым. Оның үстіне түйенің жүрісі де шабан. Бірнеше күн жүріп баратын жер.
Бұл жолы сапарға шыққандардың арасында менің әке-шешем Жантемірдің Мырзахметі мен Көкеш Шәймерденқызы, Бікейдің Сембайы әйелі Бөпетаймен, Жұрқаның Қабдені, Байтемірдің Қасені және басқалары бар. Біразының балалары да болса керек. Қарны аш адам ұзақ жолға қайтып шыдасын? Арасында діттеген жерлеріне жете алмай, көз жұмғандары да болыпты. Оларды жол бойындағы ормандардың шеттеріне жерлеп, белгі қойып кетіп отырған.
Арып-ашып Лебяжьеге жеткен адамдар құлап-сүрініп темір жол вокзалына келеді. Олардың ойы енді Челябіге бару. Ұзынқұлақтан онда қара жұмысқа адамдар керек деп естиді. Бірақ ол күні пойыз бола қоймайды. Келесі күні пойызға мінер алдында Бікейдің Сембайы өздерімен бірге еріп келе жатқан екі баланың бірін осы жерде қалдырып кетуді ұйғарады. Оған әйелі Бөпетай қарсы болады. Туған баласын қай ана қаңғыртып жібергісі келеді? Күйеуіне жалынып, аяғына жабысып жылайды. “Тоқтат жылағаныңды, ол жақта бізді ешкім күтіп отырған жоқ. Жатар орын таппасақ, жұмыс болмаса, бала түгілі өзіміз де аштан өлеміз. Ал баланы осында тастап кетсек, біреу тауып алып, жетімдер үйіне береді. Сонда ол аман қалады”, – деп әйелін тыйып тастайды. Осылайша өксіп жылаған бала Лебяжьеде қала береді. Қарақамыстан Челябіге жеткен адамдардың көбі жұмысы ауыр, ақысы аз болса да “екі қолға бір күрек” табады. Қазақтар Челябіні “Селебе” деп атайды. Өйткені қаланың атауы башқұрт тіліндегі селебе сөзінен шықса керек. Ол ойпаң жер деген мағына береді. Осында ер адамдар қала ішінде ор қазуға тұрса, әйелдер тігін фабрикасына, асханаларға ыдыс, кір жууға және басқа да жұмыстарға жалданады.
Менің шешем тігін фабрикасында тігінші болса керек. Қолы шебер еді. Отбасымыздың барлық мүшелеріне, сондай-ақ ауылдастарға көйлек-дамбалды былай қойғанда, күпі, сырма шалбар, қолғап, басқа да киімдерді тігіп беруші еді. Күпі дегенің қазіргі пуховик тәрізді. Қазір құс қауырсыны пайдаланылса, ол кезде түйе жүні салынатын. Әрі жеңіл, әрі жылы болушы еді. Ұзын болғандықтан тізең де тоңбайды. Ал әкем болса етік, мәсіні жақсы тігетін. Ол үшін малдың терісін өзі илеп алатын. Ер-тұрманға, қамшыға қайыс тілетін. Етікке шегені кепкен қайың ағашынан жасап алатын. Жоқшылық бәрін үйретті-ау…
Селебеде екі-үш жыл жұмыс істеп, азын-аулақ ақша тапқан олар елге оралады. Бірақ бұл жақта да жеңіл тұрмыс күтіп тұрмаған еді. Азып-тозған халық әлі оңала қоймаған. Ол кезде лобогрейкамен жиналған егіннің дәні басылмаған масақтары танапта көп қалады екен. Ауылдың “шолақ белсенділері” солардың өзін ешкімге жинатқызбайды. Сондықтан ауылдың біраз азаматы Тайыншаға, Бейнетқор (қазіргі Аққайың) ауданының “Қиялы” совхозына бір жағынан қора салуға, екінші жағынан масақ теріп әкелуге тағы да жаяулап-жалпылап жөнелсе керек. Тайыншада мал қорасын салған жер Қараман деген байдың қыстауы екен. Сонда жұмыс істеген Темірбайдың Сағындығы ауылға келгенде әйелі Шәпен ер бала тауып, атын Қараман қояды. “Біздің көрген бейнетімізді бастарыңа бермесін”, – деп отырушы еді әкем.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Қарақамыспен көршілес Ақбалық, Жалтырша, Октябрь, Жаңажол, Нұрымбет ауылдары бірде жеке, енді бірде ірілендірілген колхоз болып құрылады. Ең соңында осы ауылдардың негізінде Молотов колхозы ашылады. Алғашында артта қалған ұжымдық шаруашылықтың экономикасы біртіндеп нығайып, миллионер атанады.
Көрші елді мекендердің тұрғындары той-думанда болсын, жаназа-дұғада болсын кездеспей тұрмайды. Біздің ауылдың ақсақалы, Қызылжардағы №2 қазақ мектеп-интернатында мұғалім болып істеген, бүкіл облысқа танымал ұстаз Мәриям Мырзатаеваның әкесі, бұрын колхоз басқармасы болған Мырзатайдың Нығманы бір күні көршілес “Украин” совхозына тойға барады. Сонда Қали Бікеев деген азаматты кездестіреді. Аты да тегі де таныс. Кескіні де, дауысы да Сембайға ұқсайды. Біздің ауылда екі Сембай болды. Бірін Құтты Сембай, екіншісін тез сөйлейтіндіктен болуы керек Кідігай Сембай деп атайтын. Міне, қызық! Баяғыда ашаршылық жылы сонау Лебяжьеде қалтырып кеткен бала ғой бұл. Сенерін де сенбесін де білмейді. Құшақтап жылап жібереді. Ал анау жігіт аң-таң. Ақсақал жігітті оңаша шақырып алып, әңгімеге тартады. Ол балалар үйінде тәрбиеленгендігін, артынан бір орыс кемпірінің асырап алғанын айтады. Сол кезде екі-үш жастағы бала атын, тегін қайдан білсін. Тегінде оның аты-жөнін әкесі қағазға жазып, қалтасына салып кеткен екен. Сондықтан ата-тегін ешкім өзгертпеген. Өзі қазақ екенін білген, бірақ әке-шешесі кім, мұнда қай жерден келгенін білмеген. Соня деген қызға үйленген. Елімізде тың игеру басталғанда өз еркімен Қазақстанға келген. Сөйтіп, Тимирязев ауданындағы “Восход” совхозына орныққан. Жүргізуші болып жұмыс істейді екен. “Украин” совхозына тойға адамдарды әкелсе керек.
Қария ауылға келгесін бірнеше ақсақалды ертіп алып, Сембай мен Бөпетайға ашаршылық жылы қалдырып кеткен баласының тірі екенін, оның қазір көршілес Тимирязев ауданында тұратынын айтады. Әке-шешесі жылап-сықтап, балаларынан кешірім сұрайды. Артынан әйелі екеуі ауылға келіп, туған ағасы Мұқашпен, інісі Қайырмен, басқа да туған-туыстарымен танысады. Олар кезек-мезек шақырып, қонақ қылады. Осылайша тастанды бала отыз жылдан кейін әке-шешесімен қауышады. Сембайұлы Қалидан екі ұл, бір қыз қалды.
Иә, кеңес өкіметінің сол кездегі “солақай” саясаты қаншама адамның болашағына балта шапты, қаншамасының тағдырына кері әсер етті. Оны мен келтірген мысалдардан да айқын көруге болар. Ал біздің білмейтініміз қаншама? “Мың өліп, мың тірілген” қазақтың басынан өткерген талай қиын-қыстау кезеңдердің ішінде, әсіресе ашаршылық, одан көрген қайғы-қасірет өте ауыр. Ол ешқашан ұмтылмақ емес. Ұмытылмайды да.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.