Петропавлға танымал қазақстандық футболшылар Давид Лория мен Самат Смақов келді. Олар Солтүстік Қазақстан облысы футбол федерациясының мүшелерімен және жаттықтырушылармен кездесу өткізді.
Жиын барысында отандық футболдың қазіргі жай-күйі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер футболы туралы егжей-тегжейлі әңгіме болды. Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынғанын хабарлады. Ол федерация бірінші кезекте өңірлердегі балалар мен жасөспірімдер футболына жағдай жасап, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, қайта даярлауға, спорттық инфрақұрылымды дамытуға назар аударуы тиіс екенін айтты.
– Менің ойымша, Қазақстанның барлық өңірлерінде, бірінші кезекте, отандық футболдың болашақ жұлдыздары – балалар мен жасөспірімдерге арналып халықаралық стандарттарға сай келетін футбол алаңдары, стадиондар салынуы қажет. Біз бүгін соларға назар аударып, барлық қажетті жағдайларды жасауымыз керек, – деді Давид Лория өз сөзінде.
Ақпанның 28-і Қазақстан футбол федерациясының президенті сайланатынын айта кеткен жөн. Үміткерлер қатарында Олжас Абраев, Әділет Барменқұлов, Давид Лория, Берік Қаниев және Қайрат Оразбеков бар.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.