Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлғалардың мерейтойына орай “Шоқтығы биік есімдер” атты көрме салтанатты түрде ашылды. Мерекелік жиынды “Қуанамын” би студиясының мың бұралған қыздары “Нәзік сезім” туындысымен ашты. Содан кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университет ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ибраева сөз сөйледі. “Биыл Алаш қайраткері, публицист Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Ғалымның мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілмек. Осындай ерекше көрменің тарихи-өлкетану музейінде ашылғанына қуаныштымыз”, – деді Ақмарал Ғосманқызы.
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толады. Көркем сөздің хас шебері Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы да тойланады. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің туғанына – 105 жыл.
“Шоқтығы биік есімдер” көрмесінде жоғарыда аталған талант иелерінің өздері мен отбасыларының фотосуреттері, құжаттары және ақын-жазушылардың қаламынан туған кітаптар қойылған. Сөреге қойылған құнды дүниелердің ішінде Ғабит Мүсіреповтің қолданған жеке заттары да бар. Әсіресе жерлесіміздің бала күніндегі ер-тоқымы бірден көзге түсіп, ерекше назар аудартады. Сонымен қатар ғарыш кеңістігін бағындырған, биыл туғанына 95 жыл толатын Владимир Шаталов жайлы тың деректермен танысуға болады.
Ұлт мақтаныштарының өмірі және шығармашылығымен жақынырақ танысу үшін көрме жыл бойы жұмыс істейді.
Алтынай ҚАЗИҚАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.