Мамлютка қаласындағы “Жастар” саябағында кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған күніне арналған жастарға патриоттық тәрбие беретін шара өтті. Оған аудан басшылары, ауған соғысының ардагерлері және қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, он жылға созылған бұл соғыста көптеген ана баласыз, жар панасыз, бала әкесіз қалды. Жер бетіндегі бейбітшілік үшін шайқасқан қаһарман ұлдарын ешкім ешқашан ұмытпақ емес. “Ауған жерінен кеңес жауынгерлерінің шыққанына биыл 33 жыл толып отыр. Дәл осы күні біздер интернационалдық борышын өтеуде қаза болған қаруластарымызды еске аламыз. Қыршын кеткен жауынгерлердің қазасы әлі күнге естен кеткен жоқ”, – дейді ауған соғысының ардагері Қабдол Сүлейменов.
Бұл күн еліне аман-есен оралғандар үшін мереке болғанымен, құрбан болған сарбаздардың туыс-туғандары үшін орны толмас қайғы, өзекті өртер өкініш. Жиналған жұрт туған жерден топырақ бұйырмаған азаматтардың рухына бастарын иіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Айсұлу Тайменова ауған соғысына қатысқан ардагерлерді құттықтап, интернационалист жауынгерлердің жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде қосып отырған үлесіне ризашылығын білдірді. Ауданда қазір аталмыш майданға қатысқан 23 адам тұрып жатыр. “Ауған соғысы жүректегі жазылмаған жараға айналды. Жауынгерлер әскери борыштарын абыроймен атқарды, ерлік ешқашан ұмытылмайды”, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 10 жылға жуық жалғасқан соғыста Қазақстаннан 22269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. “Олардың жауынгерлік ерлігі мен қайтпас қайсарлығы қазіргі жастарға лайықты үлгі. Осы арқылы жастар Отанды сүюді, оны қалай қорғап, қастерлеуді үйренеді”, – дейді ауған соғысының ардагері Иван Калугин.
Шара барысында патриоттық әндерге де кезек берілді. Соңынан көпшілік қауым марқұм болған интернационалист жауынгерлердің есімдері жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.