Николаевка – өңірдегі іргелі ауылдардың бірі, тұрғындар саны 1400-ге жуық. Мұнда ісі өрге басқан шаруашылықтар баршылық. Дүкен, екі дәмхана, астық қабылдау пункті, дәріхана, монша, қарттар үйі жұмыс істейді. Былай қарасаң, барлық әлеуметтік жағдай жасалғандай көрінгенімен, көптен бері ауылішілік жолдың жайы қатты қинап отыр. Сайланғанына жарты жылдай ғана болған Николаевка ауылдық округінің әкімі Нұрбек Сапаровтың есеп беру жиынына аудан әкімі Медет Оспановтың қатысатынын естіп, кездесуге арнайы қатыстық. Мен осы ауылда жарты ғасырдан астам тұрып келемін. Содан бері жол дұрыс жөнделген емес. Ойдым-ойдым жерлерін жамап-жасқағанымен, тіркемелі жүк көліктері әп-сәтте тас-талқанын шығарады.
Обалы не керек, Медет Дулатұлы өтінішімізді ақырына дейін сабырмен тыңдап алғаннан кейін бұл жайттан хабардар екенін жеткізді. “Қазіргі күні қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзір. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында өтінім жолданып, облыстық бюджеттен қаражат күтіп отырмыз. Қолдау тапса, Николаевка, Тораңғұл, Чириковка ауылдарының жолдары бірінші кезекте жөнделеді. Сіздерде ауызсу мәселесін шешуді де қарастырып жатырмыз”, – деді әкім.
Николаевкаға тіршілік көзі тартылған. Кей отбасылар үйлеріне дейін кіргізіп алған. Алайда ауызсу ақпай қалатын сәттер аз кездеспейді. Өйткені жұмыс істеп тұрған резервуардың сыйымдылығы – 50 текше метр ғана. Ол барлық қажеттілікті өтей алмайды. Әсіресе жазда бау-бақшаны суаруға жетпей қалады. Жиында кеңес өкіметі кезінде орнатылған бір мың текше метрлік резервуарды қайта қалыпқа келтіру жайы айтылды. Жобалық-сметалық құжаттама дайын көрінеді.
Кей көшелерде жарық жоқ деген сауалға Нұрбек Сапаров Мектеп, Автобаза, Интернационал, Ленин көшелерін жарықтандыруға 4,4 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын, биыл шаруаны бастайтынын айтты. Ауылда талапты, өнерпаз жастар көп. Оларды қатты қинап тұрғаны – клубтың жоқтығы. Күре жолдың бойында орналасқан елді мекенге бір мәдениет ошағы керек-ақ.
Қайыржамал ҚАДЫРБАЕВА,
Николаевка ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы.