«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІСТЕР УАҚЫТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген мемлекеттің дамуы тұрақтылық пен келісімге, тыныштық пен тұтастыққа негізделеді. «Қаңтар қасіреті» біртұтас ел болып ұйысудың, ауызбірліктің, өзара түсіністіктің қаншалықты маңызды екенін айғақтап берді. Сүттей ұйыған бірлікке сызат, жарықшақ түссе, оны елемеудің, ескермеудің  ақыры  адам айтқысыз ауыр қасіреттерге, қантөгістерге, небір лаңкестік  әрекеттерге соқтыратынын  көзбен көріп, жүрекпен сезіп отырмыз.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынақтарға тап болсақ та, еңсере білгенімізді, бірақ дәл осындай қарақшылардың қатыгез әрекетін көрмегенімізді, еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайтынын ашық айтты. «Мәселеге  жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік астар жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті», – дей келіп, қоғамды зор саяси  реформалар күтіп тұрғанын, наурыздың ортасында халыққа Жолдауында ұсынатынын мәлімдеді. «Сіздің ойыңызша, Қазақстанның болашағы қалай болады? Кешегі оқиғалардан кейін көпшілігімізге «Егемегендігімізді сақтап қала аламыз ба? деген ой келгені рас», – деген журналист сұрағына: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Ал егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен емес, нақты іспен дәлелдей білген  ел», – деп жауап беруі  бойларына қорқыныш ұялап, әбден секем алып қалған адамдардың күдікті ойларын сейілтіп, болашаққа деген сенімдерін нығайтты. Кез келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұратынын ұқтырды. Соның көзін тауып, барлық күш-қуатымызды елімізді өркендетуге жұмсай білсек,  түбегейлі өзгерістерге қадам басарымыз анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы  «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» ұстанымына берік екенін тағы бір қуаттап берді. Алда ұсынылатын реформалардың басты бағыты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету болмақ. «Жаңа Қазақстан» саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуға жол бермейді, заң үстемдігі қамтамасыз етіліп,  әділетті қоғамға қызмет етеді.  Кез келген өркениетте елде заң қоғамның басты өлшемі саналады. Экономика саласында саны шектеулі адамдардың ел байлығының басым бөлігіне қожалық етуі, ерекше артықшылықтарға ие болуы, атап айтқанда, заң нормаларын өз шешімі деңгейінде шешулері, жалған мәмілелер жасау жолымен капиталды шетелге жылыстатуы, әділ бәсекелестіктің жоғалуы, бюрократизмның, жемқорлықтың етек жаюы – мұның бәрі әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелді. Осындай жағымсыз құбылыстарды көріп-өскен жастарымыз  ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге үйренді. Маңдайы терлеп, еңбек етудің орнына тез баюдың, «ауадан ақша жасаудың» жолын қуалап кетті. Олардың санасында ақша бәрін шешеді деген ұғым, теріс көзқарас, масылдық пиғыл   қалыптасты,  жауапкершілігі жоқ үйреншікті жайтқа айналды.

Бізге қазір ең керегі – қоғамымызбен қатар болмысымызды, ішкі жан дүниемізді өзгерту, ортақ мәмілелерде ауызбірлігімізді таныту, тың идеяларды, экономикалық, саяси жаңғыртуларды Қазақстан халқын бірріктіре алатын күшке айналдыру, кез келген серпінді өзгерістерге дайын болу. Бұлар шыдамдылықты, төзімділікті, ең бастысы, уақытты қажет етеді. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде экстремизм, терроризм  өкілдері әртүрлі айла-шарғылар арқылы  жас буынның санасын улап, өздеріне еліктіріп әкету қаупі барын жоққа шығаруға болмайды. Өте қауіптісі – діни  радикализм. Осы идеяның жетегінде кетіп, небір адасушылықтарда жүргендер – тал шыбықтай бұралып, өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз. Мұның өзі  балабақша, мектептегі тәлім-тәрбие ісін бір сәт те босаңсытуға болмайтынын айғақтайды.  

Азаматтарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, ұлттық мұраттарға адалдығы, еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі Жаңа Қазақстан саястының пәрменді тетігіне, қозғаушы күшіне айналарынан үміттіміз.

Ақмарал ИБРАЕВА,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ ректорының кеңесшісі,

тарих ғылымдарының докторы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp