«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Оқушылар сарайында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының алқа мәжілісі өтіп, тіл төңірегіндегі түйткілдер әңгіме өзегіне айналды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Алқа мәжілісін құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіруші рөліне тоқталып, оны дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша айтып берді. «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісін ақпанның 21-і өткізудің өзіндік мәні бар. Дәл осы күні дүние жүзі халықтары Ана тілі күнін атап өтеді. Бұл дата 1999 жылы 17 қарашада «ЮНЕСКО»-ның бас конференциясының 30-шы сессиясында бекітілген. Тіл және мәдени алуандықты сақтау мақсатында 2000 жылғы 21 ақпаннан бастап атап өтіледі.

«Қазақ тілі» қоғамы Қызылжар өңірінде ел егемендегінің елең-алаң тұсында белсенді жұмыс істегенін білеміз. Ұлт жанашырларының басын қосқан ұйым қазақша мектептер мен балабақшалардың ашылуына, көшелер мен елді мекендерге ұлы тұлғаларымыздың есімдерінің берілуіне бастамашы болды. Кейінгі жылдары әкімдік жанынан тіл басқармасы құрылып, негізгі жұмыс соларға жүктелгені белгілі. Өкінішке қарай, оңтайландыру деген желеумен басқарма жабылып, жұмысы мәдениетке апарып қосақталған болатын. Облыс әкімінің орынбасары тілді дамыту үшін қайтадан дербес тілдер басқармасын құру қажет екенін, бұл бастаманы қолдап «Қазақ тілі» қоғамыұ сыныс жасаса деген ойын айтты.

Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев өңірде тіл саясаты қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Ономастика – жұмысымыздың бір тармағы. Соңғы екі жылда 400-ден астам атау қазақшаланды. Үш ауыл, екі ауылдық округтің атауын өзгерттік. Облыс көлемінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 13 ауылдық округ, 33 ауыл және 300-ге жуық көшенің аты ауыстыруды қажет етеді. Петропавлдағы үш бірдей білім ордасына алаш қайраткерлері ӘлиханБөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін беру ұйғарылды. Ал спорт мектебі күш атасы Қажымұқанның атымен аталады, – деді Нұрлан Жамантаев.

Медициналық колледжге Жұмағали Тілеулиннің, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шаймерденовтің есімдерін беру ұсынысы қарастырылу үстінде. Бұдан бөлек, облыстық ономастикалық комиссияда Петропавл қаласындағы көшелерге атау беру туралы қырықтан астам ұсыныс жатыр.

«Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат қазақшалау керек екен деп көшеге кім көрінгеннің есімін бере беруге болмайтынын ескертті. Соңғы уақытта облыс басқарған, түрлі мекемелердің тізгінін ұстаған шенді-шекпенділерге көше беруді сұрайтындар көбейген. Олардың лауазымды қызметін емес, елге, ұлтқа сіңірген еңбегін таразыға салып барып шешім қабылдаған абзал.

Қызылжар өңірінде жалпы білім беретін 461 мектеп бар, соның 112-сі қазақша оқытады, ал 92 білім ошағы аралас мектеп саналады. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, соңғы 3 жылда өңірде 4 қазақ мектебі бой көтерген.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі Ақмарал Ибраева жоғары оқу орны америкалық Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға берілгенімен қазақ тілін оқытуға еш нұқсан келмейтінін айтты. Қайта шетелдіктердің тіл үйрету технологиясын пайдалану арқылы қазақшаға шорқақ студенттерді қатарға қосу көзделіп отырған көрінеді. Ақмарал Ғосманқызы «Қазақ тілі» қоғамының өңіріміздегі ірі мекемелерде филиалдарын ашу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады.

Бүгінде қоғамдық бірлестіктің қалалық және аудандық филиалдарын құру жүргізіліп жатыр. Ғани Нығыметов алқа мәжілісіне қатысқан аудан әкімдерінің орынбасарларына филиалға жетекшілік ететін адамдарды іріктеп, оларға қаржылай қолдау көрсетуді тапсырды.

Жиынға қатысушылар ономастикалық өзгерістерді түкпірдегі ұсақ-түйек ауылдардың көшелерінен емес, күре жол бойындағы көзге оғаш көрінетін елді мекен атауларын ауыстырудан бастауды ұсынды.

Алқа мәжілісінің соңында мемлекеттік тілді дамыту және тиімді әріптестік орнату мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов пен облыстық ішкі саясат, білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармаларының, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың басшылығы екі жақты меморандумға қол қойды.

– Тіл үйрету балабақшадан басталуы қажет. Сондықтан қазақша тәрбие беретін сәбилер үйлерінің санын көбейтуіміз қажет. Қазіргі таңда өңірдегі балабақшалардың 40 пайызы қазақша немесе аралас мекемелер саналады. Алда бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру міндеті тұр. Колледждерде лингвистикалық орталықтар ашылып, мемлекеттік тіл тереңдетіліп оқытылуда, – деді Нәзір Жәшібеков.

https://qyzyljarnews.kz/news/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp