Адам жанының арашашысы бола білген ақ халатты абзал жандар құтқарушылардың арасында да бар. Солардың бірі – Мейрамбек Батырбаев. Бүгінгі таңда ол облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық-қорғаныс бөлімінің фельдшері болып қызмет атқаруда. Өткен жылдың 31 желтоқсанында ол Нұр-Сұлтан қаласында өткен медицина қызметкерлерінің республикалық конкурсында жүлделі екінші орынға ие болды.
– Мен дәрігер болу оңай еместігін о бастан білгенмін. Ал фельдшер болу, тіпті бір басқа. Ол үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық керек. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпау қажет, – дейді жас маман.
Жедел қызмет пен қауырт еңбек төтенше оқиғалар туындаған кезде қауіптің алдын алатыны, тосқауыл болатыны белгілі. Бұқара халық та осындай жағдайда төтеншеліктерден көмек күтеді.
– Елордада болған медицина қызметкерлерінің республикалық конкурсында мен облыстың азаматтық қорғау саласындағы фельдшерлерінің атынан өңір намысын қорғадым. Сайыстың негізгі мақсаты қызметкерлердің түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған жұмыстарын жетілдіріп, медицина қызметкерінің кәсіби шеберлігін дамыту. Әрине, әр жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Күндіз-түні адам өмірі үшін арпалысу оңай емес. Сондай кезде мені өз мамандығыма деген сүйіспеншілік қанаттандырады, – дейді ол.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».