«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІНЕ ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық мәдениетіміздің жауһарына баланатын қобыз аспабы ғасырды ғасырға жалғап, сазды сарынын үзбей, халқымыздың қуанышы мен мұңын жеткізіп келеді. Көненің көзіндей болған аспапты дәріптеу рухани жаңғырудың өзегі екенін түсінетін жастар қатары да артуда. 19 жасар қобызшы Жан Өмірзақ көптеген жасқа үлгі. Жас музыкант оқу мен жұмысты қатар алып жүр, былтыр ол Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаты атанды.   

Есіл ауданындағы Явленка ауылының тумасы бесінші сыныптан бастап «Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатында» оқып, қолына қобыз алған. Бүгінде ол төртінші курса оқып жүр, қобыз-прима мамандығын игеруде. Сонымен қатар «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінде қобызда ойнайды.

– Өнер бізге қанмен келіп, тұла бойымызға дарыған десем артық болмас. Атам Өмірзақ Рамазанов Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Саналы ғұмырын мәдениетке арнап, балаларын да өнерге баулыды. Туған ауылымыз – Орталықта Мәдениет үйінің салынуына бастамашы болды. Кейін осы ауылда қазақ-халық театрын ашты. Атам театрдың жетекшісі, режиссері, актері және Орталық Мәдениет үйінің директоры болды. Сондай-ақ Рамазановтар отбасылық ансамбілін құрып, жетекшілік етті. Отбасылық ансамбль еліміздің түкпір-түкпірінде концерт қойды. Жетістіктері үшін атам талай марапатталды да. Күләш әжем де өнерден құралақан емес. Жас кезінде ауылдық клубтың меңгерушісі болған. Спектакльдерде ойнап, концерттерге қатысқан. Әкем Спартак Рамазанов 5 жасынан сахнаға шығып, ән айтып, еңбек жолын ауылдағы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастады. Қазір Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры. Осындай отбасында дүниеге келгендіктен мен де кішкентайымнан өнерге  жақын болдым. Әкем ән айтқанда бірге қосыла шырқайтынмын. Музыкант болуды кішкентайымнан армандадым. Егер бұл салаға келмесем мүмкін тіл маманы немесе журналист болар ма едім, –дейді Жан Спартакқызы.

Жанның айтуынша, оның өмірде де, өнерде де үлгі тұтатын жандары – ата-әже, әке-шешесі. Өмірлік ұстанымы адал, ешкімнің ала жібін аттамайтын, арам пиғылсыз адам болу. Болашақта  халқымыздың төл музыкасының алға басуына, өркендеуіне ат салысқысы келеді.

– Өнерпаз отбасы болғандықтан бізде отбасылық мерекелер қобыз-домбырасыз өтпейді. Дастарқан басында күй тартамыз, ән шырқаймыз. Қобыз үні менің жаныма жақын. Әрі отбасымызда барлығы домбырада ойнағандықтан, мен «басқа бір аспапты меңгерейін» деген ой болды. Қобыз – қазақ халқы үшін өте киелі, ертеден келе жатқан ғажайып музыкалық аспап қой. Жойылып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында қалған қобызды ата-бабаларымыз кие тұтқан. Қобыз тартқан бақсылар оның үнімен адам бойындағы әлсіздікті сыртқа шығарып, күш-қуат берген. Тембрге бай, ол арқылы қуаныш пен қайғыны жеткізуге болады. Мен қазір қобыздың оркестрге лайықталған прима түрін тартамын. Репертуарымда бірнеше шығарма бар, – дейді жас өнерпаз.

Жанның қатысқан байқаулары мен жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2017 жылдан бастап түрлі байқауларда бағын сынап келеді. Өткен жылы «Astana music games» республикалық байқауында, Қарағанды қаласында өткен ІІІ халықаралық «Ақ сұңқар-Белый сокол» конкурсында және Омбыда өткен «Золотая Сибирь» халықаралық байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. 2018 жылы Көкшетауда өткен халықаралық «Жас талант» және елордада өткен «Еліме қосар үлесім» байқауларында да бағы жанды. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Ұлы дала сазы» атты халық музыкалық фестивалінде дипломант атанды.

– Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев қоры стипендиясының иегері атандым. Мұны мақтан тұтамын. Бұл стипендия үздік оқитын студенттерге және қоғамдық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарға белсенді қатысушыларға, студенттер мен оқытушылар арасында беделге ие жастарға беріледі. Мен оқу мен жұмысты қатар алып келемін. Сондықтан маған жүктелген жауапкершілік екі есе. Сол үдеден шығуға тырысып жүрмін, – дейді талантты жас.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp