«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп айтқандай, әр оқушының  сапалы  білім, саналы тәрбие алып,  өмірде өз орындарын ойып тұрып алуларына ықпал ететін жанның бірі – мұғалім.Ұстаздық –  ұлы қасиет. Бүгінде еліміздің педагогтары жас ұрпаққа заман талабына, әлемдік жүйеге  сай сапалы білім, саналы тәрбие беруге барынша ден қойып келеді.

Мен – Шымкент қаласының тумасымын. 2014-2018 жылдары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алып, 2018-2020 жылдары магистратураны аяқтадым.

Еңбек жолымды Петропавл қаласындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте бастадым. Биыл бұл білім ошағында қызмет атқарып жүргеніме  екі жыл. Осы уақыт  ішінде балалармен бірге жұмыс істеуді үйрендім. 2020-2021 оқу жылында тәлімгерім Толқын Жылқыбайқызымен «Өрлеу» мекемесі ұйымдастырған «Педагогикалық дуэт» конкурсына қатысып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталдық.

Бала күнімнен сәбилерді жанымдай жақсы көретінмін. Осы қасиетім болашақ мамандығымды дұрыс таңдауыма көп әсер етті. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына сіңіру. Ол үшін мұғалімге тек  білімді болу аздық етеді. Менің ойымша, ұстаз болуға, ең алдымен, мейірбандылық аса қажет. Ұстаздың көзінен мейірім көріп тұрған бала, жалтақтамай, қорықпай өз ойын ашық айта алады және ішкі жан сырымен бөліседі.

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың жетістікке жетуі ұстаздардың еншісінде ғой. Бір өкініштісі, қазіргі таңда жүрек қалауынсыз мұғалім мамандығын тамамдап, жұмыс істеп жатқандар аз емес. Олардың өз мамандықтарын сүймейтіні бірден байқалады. Соның салдарынан оқуға ынтасы аз оқушылар шоғыры көбеюде. Әр оқушыны өзінің баласындай жақсы көретін, оның болашағының нұрлы болғанын жан-жүрегімен қалайтын адамда  шаршау, шалдығу деген болмайды.

Отбасымда әпкем екеуіміз ұстаздық жолда қызмет етіп келеміз. Мамандығым өзіме қатты ұнайды, осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Жас маман болғандықтан үйренерім өте көп. Сондықтан басты жоспарым білімімді шыңдап, ұстаздықтың қыр-сырын үйрену.

Биыл оқушыларым төртінші сыныпты тамамдайды. Жүрегімде қазірден қимастық сезімі бар. Білім беру, оқыту мен тәрбиелеу – үздіксіз жүргізілетін процесс. Бұл саладағы басты мақсат жан-жақты, білімді, өнерлі, өзіндік ой-талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Қазіргі заман мұғалімнен тек өз пәнінің терең білгірі ғана емес, тарихи танымдық, педагогика-психологиялық, саяси экономикалық және ақпараттық сауаттылықты талап етеді.

Жас жеткіншектердің ұшқыр қиялын, шығармашылығын дамытатын тұлға – ұстаз. Оқушыларымды түрлі шараларға, байқауларға тарта отырып, өзім де білгеннің үстіне біле түсудемін.

«Елдің қарыштап дамуы да, құлдырап жоқ болуы да менің шәкірттерімнің қолында». Әрбір жас ұстаз осы сөзді өздерінің ұстанымы етуі тиіс.  Өз басым жас ұрпаққа тек білім ғана емес, оған қоса тәрбие де беру керектігіне баса назар аударамын. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – дейді әл-Фараби. Әрбір мұғалім оқушының тек біліміне емес өміріне тікелей жауапты. Шәкіртті үлкен өмірге қалай даярласақ, біздің еліміздің болашағы да дәл сондай болмақ.  Ұстаз – оқушының жолын айқындайтын шамшырақ бола біліуі керек.

Бүгінгі жас мамандар – еліміздің ертеңі. Олар – Қазақстанның дамуына үлесін қосар азаматтар, болашақ білікті мамандар, өз ісінің шеберелері. Заман талабына сай қызмет еткен жас маманның нағыз майталманға айналмауы мүмкін емес. Ол үшін, әрине, әрбір жас өз-өзімен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімдерін, кәсіби құзыреттіліктерін арттырулары қажет.

Айкүміс ӘБІЛДА,

№25 жалпы білім беретін орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp