«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады». Тарихқа көз салсақ алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың бұл айтқандарына дәлел болар мысалдар көп. Қазақ халқының өзі егемендік сәл кешеуілдетіп келгенде асыл қазынасы – ана тілінен айырылып қалуы мүмкін еді. Азаттық алғанымызға 30 жыл толғанымен тілге төнген қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан 1989 жылы құрылып, қазақ тілін, мәдениетінәдебиетін, тарихын оқып-үйренуді, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуды мақсат тұтқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қайта жандандыру қолға алынды. Петропавлдағы Оқушылар сарайында қоғамдық бірлестік филиалының алқа мәжілісі өтіп, тіл төңірегіндегі түйткілдер әңгіме өзегіне айналды.

Алқа мәжілісін құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіруші рөліне тоқталып, оны дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша айтып берді. «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісін ақпанның 21-і өткізудің өзіндік мәні бар. Дәл осы күні дүниежүзіхалықтары Ана тілі күнін атап өтеді. Бұл дата 1999 жылы 17 қарашада «ЮНЕСКО»-ның бас конференциясының 30-шы сессиясында бекітілген. Тіл және мәдени алуандықты сақтау мақсатында 2000 жылғы 21 ақпаннан бастап атап өтіледі.

«Қазақ тілі» қоғамы Қызылжар өңірінде ел егемендігінің елең-алаң тұсында белсенді жұмыс істегенін білеміз. Ұлт жанашырларының басын қосқан ұйым қазақша мектептер мен балабақшалардың ашылуына, көшелер мен елді мекендерге ұлы тұлғаларымыздың есімдерінің берілуіне бастамашы болды. Кейінгі жылдары әкімдік жанынан тіл басқармасы құрылып, негізгі жұмыс соларға жүктелгені белгілі. Өкінішке қарай, оңтайландыру деген желеумен басқарма жабылып, жұмысы мәдениетке апарып қосақталған болатын. Облыс әкімінің орынбасары тілді дамыту үшін қайтадан дербес тілдер басқармасын құру қажет екенін, бұл бастаманы қолдап «Қазақ тілі» қоғамы ұсыныс жасаса деген ойын айтты.

Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарамасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев өңірде тіл саясаты қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Ономастика – жұмысымыздың бір тармағы. Соңғы екі жылда 400-ден астам атау қазақшаланды. Үш ауыл, екі ауылдық округтің атауын өзгерттік. Облыс көлемінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 13 ауылдық округ, 33 ауыл және 300 көшенің аты ауыстыруды қажет етеді. Петропавлдағы үш бірдей білім ордасына алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін беру ұйғарылды. Ал спорт мектебі күш атасы Қажымұқанның атымен аталады, – деді Нұрлан Жамантаев.

Медициналық колледжге Жұмағали Тілеулиннің, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шаймерденовтің есімдерін беру ұсынысы қарастырылу үстінде. Бұдан бөлек, облыстық ономастикалық комиссияда Петропавл қаласындағы көшелерге атау беру туралы қырықтан астам ұсыныс жатыр. «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат қазақшалау керек екен деп көшеге кім көрінгеннің есімін бере беруге болмайтынын ескертті. Соңғы уақытта облыс басқарған, түрлі мекемелердің тізгінін ұстаған шенді-шекпенділерге көше беруді сұрайтындар көбейген. Олардың лауазымды қызметі емес, елге, ұлтқа сіңірген еңбегін таразыға салып барып, шешім қабылдаған абзал.

Қызылжар өңірінде жалпы білім беретін 461 мектеп бар, соның 112-сі қазақша оқытады, ал 92 білім ошағы аралас мектеп саналады. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, соңғы 3 жылда өңірде 4 қазақ мектебі бой көтерген.

– Тіл үйрету балабақшадан басталуы қажет. Сондықтан қазақша тәрбие беретін сәбилер үйлерінің санын көбейтуіміз қажет. Қазіргі таңда өңірдегі балабақшалардың 40 пайызы қазақша немесе аралас мекемелер саналады. Алда бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру міндеті тұр. Колледждерде лингвистикалық орталықтар ашылып, мемлекеттік тіл тереңдетіліп оқытылуда, – деді Нәзір Жәшібеков.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі Ақмарал Ибраева жоғары оқу орны америкалық Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға берілгенімен қазақ тілін оқытуға еш нұқсан келмейтінін айтты. Қайта шетелдіктердің тіл үйрету технологиясын пайдалану арқылы қазақшаға шорқақ студенттерді қатарға қосу көзделіп отырған көрінеді. Ақмарал Ғосманқызы «Қазақ тілі» қоғамының өңіріміздегі ірі мекемелерде филиалдарын ашу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады.

Бүгінде қоғамдық бірлестіктің қалалық және аудандық филиалдарын құру жүргізіліп жатыр. Ғани Нығыметов алқа мәжілісіне қатысқан аудан әкімдерінің орынбасарларына филиалға жетекшілік ететін адамдарды іріктеп, оларға қаржылай қолдау көрсетуді тапсырды.

Жиынға қатысушылар ономастикалық өзгерістерді түкпірдегі ұсақ-түйек ауылдардың көшелерінен емес, күре жол бойындағы көзге оғаш көрінетін елді мекен атауларын ауыстырудан бастауды ұсынды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының атауын Қызылжар облысы деп өзгерту туралы да ұсыныс айтылды.

Алқа мәжілісінің соңында мемлекеттік тілді дамыту және тиімді әріптестік орнату мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов пен  облыстық ішкі саясат, білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармаларының, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың басшылығы екіжақты меморандумға қол қойды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp