«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕН АРҚАЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданына қарасты Андреевка ауылында қымызханасымен көпшілікке таныс «Арқалық» шаруа қожалығы барын құлақпен естігеніммен, көзбен көрудің орайы болмай жүрген. Басшысы Нағашыбай Барлыбаев ұлттық сусынның мәртебесін биіктету мақсатында республикалық, аймақтық, тіпті халыақаралық байқаулар мен көрме-жәрмеңкелерге жиі қатысатынынан да хабардармын. 2008 жылы «Эрнст энд Янг» халықаралық компаниясы ұйымдастырған байқауда «Ең үздік кәсіпкер» атағын иеленсе, оның қымызы «Үздік ұлттық тағам» номинациясын жеңіп алған екен. Сондай-ақ ол «Алтын сапа» байқауында «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша жүлделі ІІ орын алса, Алматыда өткен 10-шы халықаралық жәрмеңкеде «Тентек» және «Қызыл ой» қымыз өнімдері үшін қос алтын медальді еншіледі. «KazFOOD-2010» көрмесінде де  алтын медальді қанжығаға байласа, «Парыз-2010» сайысында «Үздік әлеуметтік-жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясы бойынша Гран-приді иеленді.

 

Мың естігеннен бір көрген артық. Жақында Андреевка ауылына барудың орайлы сәті туды. Мамлютка мен ауылдың аралығы бір сағаттық жол. Ақ қайыңы бұрала биге басқан кең дала бүгінде ақ көрпесін мықтап қымтап алған. Аппақ қардың арасынан көліктің қос дөңгелегінен түскен екі тарам жол ғана қарайып көрінеді. Андреевкаға жеткенше Воскресеновка, Становое, Токаревка, Новомихайловка және Бостандық сынды ауылдарды жанай өттік.

Бізді шаруа қожалығының бригадиры Әсет Аяғанов қарсы алды. Үлкен жолдан бұрылып кірер жарде ақтөс жирен айғырдың еңселі мүсіні көрінді. Бұл осындағы жылқы шаруашылығының символдық белгісі екенін бірден аңғарасыз. Одан әрі үлкен темір қақпа, қақпаның бетінде де жылқы суреті бедерленіпті. Әсет мырза оң жақ қапталдағы үлкен қоршаудың ішінде тұрған айғырларды көрсетпекке солай бастады. Оншақты айғыр бар екен. Екеуі жергілікті жылқы тұқымы. Қалғандары шетелден әкелініпті. Орыс жылқысы сүтті болғанымен, оларда қазы болмайды екен. Ал франциялық айғырдың  ерекшелігі –  ет пен сүтті тең береді. Күлтелі шөпті күрт-күрт шайнаған апайтөс айғырлар анда-санда бір-бірімен тебісіп, айбат шегісіп тұр. Жалы тізесін соққан, сауырына қазан төңкергендей болған олар үдірейісе қарап, осқырынып қояды. Біреуі басын жерге сала құлағын жымырып, бізді жолатқысы келмей тұрған сыңайлы. 

Қымызхана мен бие сауатын орын бірге орналасыпты. Өйткені саумал автоматты түрде қызмызханада тұрған үлкен екі бөшкеге құйылады екен. Неміс технологиясымен орнатылған нысан былтыр қазан айында қолданысқа берілген. Оң жақта сүтті ірітпей сақтайтын құрылғы орнатылған. Саумалды қалыпты температурада ұстап, тоқтаусыз айналып тұрады. Оның қасында төрт-бес ағаш күбі тұр. Қор қосылған қымызды арнайы құрылғының көмегімен піседі. Әбден ашыған қымыз еппен қотарылып, қайыңның жапырағымен ысталады. Қымыз құятын бөтелкелердің шыны түрі де, пластик түрі де бар. Дайын қымыз бөтелкеге құйылғаннан кейін аузын жабатын аппаратты іске қосады. Осылайша ішсең сарайыңды ашатын, дәмді «Арқалық» қымызы тұтынушыларға жол тартады.

– Қазір сауын биелердің саны аз болған соң күбілердің бірнешеуі бос тұр. Автоматтандырылған пісу аппаратын қоспадық. Тек екі күбіге құйып, қолмен пісіп жүрміз. Жаздыгүні бұл күбілер тоқтаусыз жұмыс істейді. Жазда күніне 4-5 сауымнан 300-400 литр қымыз алып жүрдік. Ал қыста 70-80 литр шығады. Өйткені биелер суалады. Биыл жазда сауын биелердің санын 150-ге жеткізу ойда бар, – дейді шаруашылық бригадирі.

Шаруашылықта жаздың аптабы мен қыстың қақаған суығында дамылсыз еңбек етіп жүргендерге табысына қарай көмек те көрсетіледі. Мәселен, соғым кезінде әр отбасына төмен бағамен ет үлестіріледі. Оның сыртында отын, жем-шөпті де арзанырақ ұсынады.  

– Айтуға оңай, бірақ 600 бас жылқыны қарап, күтіп, қымыз дайындау оңай шаруа емес. Құлындарды таңғы төртте енесінен айырып, басқа қораға қамаймыз. Онда жем-шөбін жейді.Биелерді сауу таңғы сағат сегізде басталады. Бізде етке тапсырылатын жылқылар да бар. Оларды тірідей немесе сойып сатамыз. Биыл жиырма шақты семіз жылқы соғымға сатылды. Қорада тағы қырық шақтысы бордақылануда. Жуырда сатылымға шығарылады. Биыл қыс жайлы болғаннан кейін, 300-дей жылқыны тебінге жібердік. Жабағылар бөлініп, қорада қалды. Құлындайтын мезгілі жақындаған биелер де қамалды. Әдетте биелер наурыздан бастап құлындайды. Құдайға шүкір, мал басы өсіп келеді. Екі жылқышы өрістегі жылқыларға бас-көз. Ат құлағында ойнайтын жылқышылар екі күнде бір алмасады. Далада бел шешіп, көсіле тынығатын ағаш үйлер бар. Қорада сауын биелерге қарайтын екі жылқышы да екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Сондай-ақ Шопан ата түлігіне қарайтын қойшы жігітіміз бар, – дейді Әсет Маратұлы.

Мұнда әркімнің өз жұмыс бөлісі бар. Ал жаздыкүні жұмыс күші көп керек. Себебі жем-шөп дайындау оңай емес. Күзде тұздалған сүрлем дайындалады. Жылқы жүдей бастаса, жарма жем беріледі. Қораның айналасында арпа, бидай, жүгерінің сабаны да молынан жиналыпты. 6,5 мың гектар жерге мал азығынан басқа бидай, зығыр сынды дақылдар егіледі.

Ауылда Нағашыбай Сапарұлынан бөлек, тағы екі шаруашылық бар екен. 1996 жылы жұмысы 40 биемен басталған «Арқалық» шаруа қожалығы бүгінде қанатын кеңге жайып, 600 бас жылқысы бар іргелі шаруашылыққа айналған. Шаруашылыққа ауылдың бұрынғы атауы берілген. Мұндағы жұрт Андреевканы қазақша Арқалық деп атайды.         

Ауылға арнайы келген соң тұрғындардың тыныс-тіршілігімен таныспаққа округ әкімі Берік Жүкішевке жолығуды жөн көрдік. Әкімдік кеңес заманында салынған тозығы жеткен ескі Мәдениет үйінде орналасқан екен. Қабырғасының сылағы түсіп, едені қопарылып тұр. Кеңсе ішінде аңырап жел соғып тұрғанына қарағанда терезелері тозған немесе жылу жүйесі дұрыс істемейтін сияқты.  

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Андреевкада 174 отбасы түтін түтетіп отыр. Тұрғындар осындағы үш шаруа қожалығында еңбектеніп, нәпақасын айырып отырған жайлары бар. Округке Бостандық пен Владимировка елді мекендері де қарайды. Бостандықта келер жылы жаңа медпункт салынады деп жоспарлануда. Владимировканы тұрғындар «Қостомар» деп атап кеткен. Онда 11 отбасы ғана қалған. Мектеп жоқ. Оқушылар Андреевка орта мектебінің интернатында жатып оқиды екен. Балалар мектептің арнайы «ГАЗель» көлігімен тасымалданады.  

– Мен бұл ауылға әкім болғалы 9 жыл болды. Алғашқы кезде көшеде жарық жоқ еді. Кейін орнаттық. Көп өтпей, су мәселесі де шешілді. Қазір әрбір үйде ауызсу бар. Биыл Андреевканың ішкі көшелеріне асфальт төсеуге 250 миллион теңге бөлу туралы жоспары бар. Өзің көріп отырғандай, Мәдениет үйінің жағдайы мәз емес. Биыл жазда күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Клубтың іші суық, жылу батареялары дұрыс орнатылмаған. Бұл іске осындағы «Андреевка СК» ЖШС-ның директоры Серәлі Шәріпов те қол ұшын беруде,  – дейді ауыл әкімі.   

Бұл ауылдың тұрғындары үшін де жайылым жер таршылық етуде. Олар қолындағы аз ғана малын қайда бағарын білмейді. Мал санын арттыруға мүмкіндік аз. Бұл жалпы осы өңірдің шешімін таппайтын даулы мәселесіне айналған тәрізді. Халық саны аз, айналаға қарасаңыз, көз жетпейтін сары дала жатыр. Бірақ бос жер жоқ. Бұл «Еңбек» бағдарламасымен қоныс аударып келушілер үшін де үлкен кедергі болып отыр.

Биыл Новомихайловкадан Андреевкаға дейінгі 20 шақырым жол жөнделеді. Ауыл әкімі қазір Бостандық елді мекеніне интернет желісін қосудың қамымен жүр екен. Биік мұнара тұрғызу үшін 18 млн. теңге қажет. Бостандық демекші, биыл осы ауылдың іргетасының қаланғанына – 90 жыл. Онда 74 үй шаңырақ бар. Ауылдың негізгі көшесіне асфальт төселген. Енді балалар ойын алаңын орнату қолға алынбақшы.

Мектеп – ауыл айнасы. Үш қабатты Андреевка орта мектебіне де бас сұқтық. Мектеп директоры Мейірхан Жумуковтың айтуынша, бала саны артып келеді. Былтыр 77 оқушы оқыса, биыл 119 бала білім нәрімен сусындауда. 26 мұғалім сабақ береді. Аралас білім ордасы болғандықтан сыныптар қазақша-орысша болып бөлінеді. Биыл 8 бала мектеп табалдырығын аттапты. Шағын орталықта 20 бүлдіршін тәрбиеленуде.

– Мектептің іргетасы 1979 жылы қаланған. Өткен жылы есік-терезелері мен линолеумы ауыстырылып, баспалдақтары мен қабырғалары сырланды. Мектептің шатыры екі жыл бұрын жаңартылған. Жылу жүйесін жөндеу келер күннің еншісінде. Ұстаздар ұжымы алты жас маманмен толықты. Мамандар жеткілікті, әркім өз жұмысымен айналысады. Мектептің техникалық жабдықтары да толық. Химия-физика кабинеттері зертханамен жабдықталған. 10 компьютер, 4 интерактивті тақта, 1 лингофон кабинеті, алты ноутбук оқушылардың заман талабына сай білім алуына мүмкіндік береді. Қолөнер сабағында ер балалар ағаштан түрлі заттар жасаса, қыздар тігін тігумен айналысады. Спорт залда түрлі шаралар өтеді. Оқушылар қыста шаңғы, коньки тепсе, бос уақытында волейбол, теннис, тоғызқұмалақпен айналысады. Әдетте, ауылда қосымша білім алу мүмкін болмай жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, өнер мектебінің филиалын ашуға ықылас таныттық. Егер қаражат бөлінсе, вокал, фортепиано сабақтары тегін оқытылатын болады. Домбыра үйірмесін ашу да ойымызда бар, – дейді Мейірхан Серғалиұлы.

Ауылдағы үш іргелі шаруа қожалығы білім ордасына көмектесіп тұрады екен. Мәселен, биылғы оқу жылында «Андреевка СК» ЖШС-ның директоры Серәлі Шәріпов интернатта жатып оқитын оқушыларға диван алып берсе, «Арқалық» шаруа қожалығының директоры Нағашыбай Барлыбаев үлкен экранды телевизор тарту етті. Ал «Андреевка-Агро»-ның басшысы Владимир Ткаля акт залындағы ескірген орындықтардың сыртқы тысын ауыстырып беріпті.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp