«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА БЕЙМЕЗГІЛ ЖҮРСЕ, КІНӘЛІ КІМ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда елімізде жастардың тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер аз емес. Оның бір ұшығы жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалана білмеуіне, ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсіреуіне, тағы басқа жайттарға тіреліп, салдарынан кәмелетке толмағандар арасында жасалатын қылмыстардың өсуі көпшілікті қатты алаңдатып отыр.

Бұған ғаламтордан, теледидардан көрсетілетін  адам өлтіру, кісі тонау сияқты ұлттық тәрбиемен үш қайнасы қосылмайтын арзанқол, жілігі татымайтын, жүйкесін жұқартатын дүниелерді қоссақ, шешімін табатын түйінді мәселелер жетіп артылады. Жасыратыны жоқ, ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін жете біле бермейді. Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде отбасының маңызы зор екенін сезінетін уақыт жетті деп ойлаймын.

Былтыр жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайту үшін өңірдегі тұрмысы нашар отбасылар мен  ойын-сауық орындарына бір мыңға жуық рейд жүргізілген. Бұдан басқа, балалармен әңгімелесу, онлайн-конференциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Ювеналды полицейлер білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен, криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатқан. Өткен  жылдың деректеріне сүйенсек, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде жүрудің 2373 оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ балалардың кіруіне тыйым салынған орындарға рұқсат бергені үшін 27 кәсіпкер, алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 133 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ювеналды полиция инспекторларының басты міндеттерінің бірі болып табылғанымен, қоғамдық ұйымдардың, ата-аналардың, білім беру ошақтарының қолдауынсыз нақты нәтижеге жету қиын. Қазіргі уақытта полиция есебіне 150 «қиын мінезді» жасөспірім, 315 «қолайсыз» ата-ана алынған. Отбасында түсінушілік, бірлік-береке болмағандықтан, балалар түн кезіп жүріп, кездейсоқ топтарға қосылып кетеді. Оның ақыры небір келеңсіздіктерге ұрындырып жатады. Десек те, құқық бұзушылықтың алдын алу – ең маңызды шарт. Субъективтік себептердің бірі – отбасында бала үшін қалыпты тұрмыстық жағдайдың жасалмауы дер едік. Әлеуметтік мүмкіндіктердің төмендігінен балабақша мен мектептерге бара алмай, қараусыз қалған, тастанды, үй-жайы жоқ балалар көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Демек, әлеуметтанушылардың балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық деңгейінің  артуына ықпал ететін факторлардың бастысына ата-аналардың төлем қабілеттілігінің төмендеуі және бос уақытты өткізудің барлық түрлерінің коммерциялануын жатқызуы тектен тек емес.

Бұл мәселенің бір жағы. Екінші астарына үңілсек, ауқатты әулеттердің ұл-қыздары астарында автокөлігі, қалтасында шытырлаған  ақшасы болғандықтан, не кием, не жеймін демейді. Өмір бойы үлде мен бүлдеге оранып жүремін деп ойлайды. Осындай еркетотай қылықтары, ешнәрседен тарықпайтын шалқып өмір сүру тірлігі небір қылмыстарға жетелейтініне көптеген мысалдар келтіруге болады. Бұған алдымен балам ақшадан қысылмасыншы, өзгелерден кем болмасыншы деп бетін қақпай өсіретін ата-аналар кінәлі. Кержалқаулар, масылдар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тұрмыс құруға бейім жандар осындай санаттағылардан шығатынын өмірлік тәжірибе көрсетіп жүр. Ата-ана балаға жаман болсын деп тәрбие бермесі белгілі. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылып жататындары өкінішті.

Тұрмысы жайсыз отбасылардан шыққан оқушылар бұрын мектеп басшылығы тарапынан үнемі бақылауда болатын.  Бүгінде бұл үрдіс босаңсып  кеткендей. Оның бір себебі ретінде карантиндік шектеулерге байланысты сабақтың онлайн өтуін атауға болады. Мұғалім мен оқушы жанды диалог құрмағандықтан  бұл мәселе ушыға түсті.

 Ыбырай Алтынсариннің «Асан мен Үсен» ертегісін еске алсақ, бүгінгі қоғам ортасында бай мен кедей деген түсінік айқын көрінеді. Бұл да қазіргі жасөспірімдерді теріс әрекетке итермелейді деп ойлаймын. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» дегендей, бүгінгі таңдағы жасөспірімдер  байлықтан көзін аша алмай еріккеннен құқық бұзады, жағдайы төмен жасөспірімдер жетіспеушіліктен құқық бұзушылыққа барады.

Статистикаға сүйенсек, карантин кезінде көптеген отбасылар ажырасты, бұл отбасылық жағдайға кері әсерін тигізіп, балалардың эмоционалды көңіл күйінің нашарлауына себеп болады. Өз тәжірибемізде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар, мамандармен кездесулер, «дөңгелек үстелдер», сынып сағаттар, тренингтер  өткізіледі.

Шетелдік тәжірибеде, мысалы, Жапонияда қазіргі  профилактикалық бағыттағы әртүрлі қоғамдық қозғалыстардың тармақталған  желілері  жұмыс істейді. Олардың ішінде ең белгілісі – қылмысты ескерту ассоциациясы. Барлық жерлерде полицияның мектептермен және өнеркәсіп корпорацияларымен байланысы жөніндегі комитеттер құрылған. Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде күншығыс елінде «түрмеде отырғандар» көрсеткіші 100 мың тұрғынға 50 тұтқыннан келеді. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіш. Ал заң бұзатын жасөспірімдер жоқтың қасы.

Жүгенсіз жасөспірімдер мәселесі бір ғана біздің өңірімізге қатысты емес, тұтас елімізді алаңдатып отыр. Соңғы уақытта осы мәселені қаузап жүрген сарапшылардың аузынан кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның, полиция, сот-тергеу органдарының қызметін жетілдіре түсу керек деген әңгімені жиі естіп жүрміз. Яғни балалар мен жасөспірімдердің заң сыйлаушылық мінез-құлқын қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, қылмыстардың салдарын зерделеу, жедел-профилактикалық іс-шаралар және ақцияларды мазмұнды ұйымдастыру жұмыстары әлі де ширата түсуді талап етеді. Тағы бір айтпағым, білім ордалары тәртіп сақшыларымен қоян-қолтық жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Әсел ҚАРШАЛОВА,

психолог.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp