Еліміздің экономикалық дамуында оң үрдістер бар. Алдағы міндет – өндірілетін тауарлардың түрлерін, экспорт географиясын кеңейте отырып, сыртқы нарықта да елеулі бәсекелестікке ие болу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында ортамерзімді саясатымызды айқындап, стратегиялық мақсаттарымызды белгілеп берді. Оның ішінде экономикаға тікелей инвестиция тарту, ұлттық жобаларды іске асыру мәселелері бірінші кезекке шығарылды.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы саналатын «Масло-Дел» компаниясы – бүгінде өз өнімдерінің сапасы мен көлемі жағынан әлемге танылған, сыртқы нарыққа бағдарланған еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Бастапқыда өз қызметін әртүрлі тауарларды сатудан бастап, 1999 жылы «Масло-Дел» сауда белгісімен өз өнімдерін шығарып, таныла бастады. Бүгінде 280-нен астам өнім түрі бар, Қазақстанда 23 филиалы, Қытайда еншілес кәсіпорны орналасқан, дистрибьюторлық желісі қуатты, штатында 2500-ге жуық адам істейтін бірегей компания болып табылады. Соңғы жылдары сүт және май өнеркәсібі өндірісі кеңейіп, сыртқы нарықтағы үлесі арта түсті. Жалпы өнім өндіру көлемі 2 млрд. теңгеден 17 млрд. теңгеге дейін жетіп, жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз ету мүмкіндігі молайды.
Компанияның іргелі өзгерістерге бет бұруы өңірлерде заманауи технологияларға негізделген өндіріс ошақтарын құрудан басталды. Петропавлда 2004 жылы бой көтерген зауытта сарымай, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, қышқыл сүт, басқа да өнім түрлері шығарылады. Қуаттылығы тәулігіне 200 тонна сүт, 15 тонна сарымай, 10 тонна құрғақ сүт өндіруге жетеді. Ауқымды жаңғыртулар жүргізіліп, өндіріс көлемі 60 тоннадан 450 тоннаға дейін артты. Новоишим кентінде орналасқан бөлімшеде тазартылмаған өсімдік майы алынады. Толық циклді престеу әдісімен экстракцияны пайдаланбайтын рапс гидратациялау цехында алғашқы өңдеуден өткеннен кейін Алматыдағы май және маргарин зауытына жөнелтіліп, сонда қалдықсыз өңделеді.
2013 жылдан бастап майлы дақылдарды кептіру, тазалау және өңдеу қызметіне басымдық берілді. Астық сақтау қоймасының қуаттылығы 58 мың тоннаға тең. Ол «Buhler» және «Petkus» фирмаларының заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда 29 адам жұмыс істейді. Сүт өңдеу зауытына жүргізілген жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Оған 4,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, құрылғылар жаңартылды. 85 жаңа жұмыс орны құрылды.
Биыл сүтті қайта өңдеу желісіне 5,4 млрд. теңге бағыттап, қайта жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қазақстанның Даму банкі» ірі инвестициялық жобаға қаржылық демеу көрсетіп, тәулігіне 1200 тоннаға дейін майлы дақылдарды қайта өңдейтін жаңа май экстракциялық зауытын салуға несие желісін ашты. Жоба толығымен экспортқа бағдарланған, оның ішінде Қытай, Ресей және Еуропа елдері бар. Мұның өзі зығыр, рапс майын, сондай-ақ ірі қара малға арналған күнжара жемін өндіру көлемін 30 пайыздан 60 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Толық қуатында іске қосылса, жылына 180-300 мың тонна майлы дақыл тұқымы қайта өңделеді. Бұл еліміз бойынша майлы дақылдардың жылдық жалпы түсімінің 12,7 пайызына жуықтайды.
Сөз арасында кредиттік желінің арқасында соңғы бес жылда экспорттық түсім 26 млрд. теңгеге жеткізіліп, 27,7 мың тонна өсімдік майы өндірілгенін, 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай көбейгенін айта кеткен жөн. Бүгінде серіктестік сүт зауыты мен май сығымдау кәсіпорны және элеваторы бар ірі кластер болып табылады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың көмегімен шикізатпен қамту мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді.
Бүгінде майлы дақылдарды қайта өңдейтін май экстракциялау зауытын салып жатырмыз. Бұл жобаға Қызылжар өңірін таңдап алуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, аграрлы өлкеде майлы дақылдар 900 мың гектар алқапқа егіледі. Орташа өнімділік көңілдегідей. Екіншіден, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Үшіншіден, компанияның бәсекеге қабілеттілік тәжірибесі мол, заманауи жабдықтарды терең игерген мамандар жеткілікті. Республиканың экспорттық әлеуеті жаңа жобаны жүзеге асыруда барынша ескерілген. Соған орай сыртқы нарықтарда сұранысты арттыру үшін суық сығу технологиясы қолданылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» бағдарламалары бойынша іске асырылатын мемлекеттік жобаның жалпы құны – 15 млрд. теңге. Оның 11 млрд. теңгесі 12 жыл мерзімге қарыз түрінде беріледі. Бұл Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы теңдессіз өндіріс орны болмақ.
Майлы дақылдар тұқымын өндіруде көшбасшы саналатын кәсіпорын облыстың әлеуметтік-экономикалық саласында маңызды орынға ие. Атап айтқанда, жергілікті агроқұрылымдардан күнбағыс, зығыр, рапс секілді майлы дақылдарды қолжетімді бағамен сатып алу оларды егістік алқаптарын ұлғайтуға ынталандырары сөзсіз. 217 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 320 мың тонна дақыл өңделіп, 120 мың тонна дайын өнім шығарылады. Сөйтіп, өңдеу үлесін 30 пайыздан 60 пайызға дейін арттыруға жол ашылады. 2015 жылы өнім экспорты 24,4 млрд. теңгені құраса, одан бері 5 есе өсті. Болашақта 1,2 млрд. теңге салық түседі деп күтілуде. Басты ерекшелігіміз мынада: озық технологиялар еуропалық үлгіде, ал өндірілетін барлық өнімдер қазақстандық стандартқа толық сәйкес келеді.
Тайынша май кәсіпорнымен бірлесе отырып, өңірде майлы дақылдарды өңдеу көлемін 90 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мемлекет басшысының 2025 жылға таман өңірдегі шикізаттық емес экспорт көлемін 110 пайызға дейін арттыру тапсырмасына орай ішкі резервтерді толығымен пайдаланатын боламыз. Экологиялық жағынан таза қайта өңдеу өнімдері Еуропа мен Қытайда үлкен сұранысқа ие.
Қазақстандық экономиканы тығырыққа тіреген кезең артта қалды. Бұрындары қолдағы бар қаражатымыз тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етуден артылмаса, қаржы институттарының арқасында 2021 жылы өңір экономикасына 19 млрд. теңге қаржы енгізілді. Басты ұстанымымыз – импортты азайту, экспортты көбейту.
Қанат НҰРПЕЙІСОВ,
«Масло-Дел» ЖШС-ның директоры.