«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ АДАЛДЫҚ ҚАНА АУЫЗДЫҚТАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі қазақ тарихында “Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы”, “Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би” деген нақылдарға арқау болған, өз заманында Шыңғыс хан қағанатының заң-ережелерін бекіттіріп берген жарғышы – Майқы би кісі ақысын жегендер жайында “Мал ұрласа, үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді”, – депті. Бұл – әділдікті ту еткен бабамыздың біреудің мүлкін иемденіп кетуді ар көрмейтіндерге қолданған бір амал-шарасы болса керек. Қазіргі Тәуелсіз еліміздің де ғасырлар бойы сайын дала төсінде салтанат құрып, ұлттық болмысымыздың ұстынына айналған дәстүр-салттан ажыраған күні жоқ. Десек те, кейде халықтың мүлкін атасының мұрасындай иеленіп, май кекіріп жүрген жемқорлардың желкесінде қырағы көздің бар екенін ұмытатыны қынжылтпай қоймайды. Бүгінде тұтас қазақ қоғамының жегіқұртына айналып кеткен жемқорлықпен қалай күресеміз, оны ауыздықтаудың қандай жолдары бар деген тақырып орайында «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырған болатынбыз. Шараға қатысқан еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смаилова, жастар ресурстық орталығының директоры Әлфараби Мыңбай мағыналы әңгіме өрбітті. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Бүгінгі қоғамда “кез келген мәсе­лені парамен немесе таныс-тамыр­мен шешуге болады” деген пікір­дің қалыптасқаны белгілі. Жең ұшы­нан жалғасқан жемқорлықтың белең алғаны сондай, оның зардабы, кесірі еліміздің руханиятына, экономика­сына тиіп отыр. Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтетінін, бұл мақсатта Үкімет ар­найы іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатқанын айтты. Мемлекет басшы­сының осы сөзінен кейін қоғамның көкейіне үміт пен сенімнің ұялағанын да бүгіп қала алмаймыз. “Жаңа Қа­зақ­станды бірге құрайық!” деген ұран бүгінде басты ұстанымға айна­лып отыр. Жаңа Қазақстанды жемқорлықсыз құру мүмкін бе?

Нұрлан ЖАХИН:

– Соңғы жылдары еліміздің сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясаты едәуір жетілдірілді. Бірқатар игі бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кеңейтілген оты­рысында Үкіметке жемқорлыққа қарсы бірқатар заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте мемле­кеттік басқару жүйесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа, яғни жемқорлықсыз Қазақстанды құруға Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі де бел­сенді атсалыса бастады деп толық айта аламын. Мәселен, үстіміздегі жылғы екінші ақпанда Президент Жарлығымен бекітілген еліміздің 2022-2026 жылдар­ға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы саясатының тұжырымдамасы со­ның айқын дәлелі. Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде бізге азаматтық қоғам­ның пікірі маңызды болғанын ерекше атап өткім келеді. Қоғамдық құрылым­дардың, са­рапшылардың, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын жинайтын арнайы сайт құрылып (adal.com.kz), көптеген салиқалы ұсынымдар құжатта көрініс тапты. Ал­дыңғы қатарлы шетел­дік, халықаралық стандарттармен қатар өзіміздің де тәжі­рибеміз ескерілді. Олардың астарында тергеулеріміздің, әлеуметтік салаларда­ғы сыртқы талдаулардың қорытынды­лары, атап айт­қанда, “тұрмыстық” жем­қорлықтың, бюд­жеттік процестер мен са­тып алулардың ашық еместігі, мемле­кеттің экономи­каға қатысуының жоғары деңгейі, әкім­шілік кедергілер, дискре­циялық норма­лар және басқалары жа­тыр. Оларды шешу үшін тұжырымда­ма­да нақты ре­формалар мен жобаларды қамтитын алты міндет: сыбайлас жем­қорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, мүмкіндік­терін болдырмау, жауапкер­шіліктің бұл­тартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, қо­ғамның дер­тіне қарсы іс-қимылда аза­маттық қоғам­ның рөлін күшейту, жем­қорлыққа қарсы шараларды іске асы­рудың тиімді мони­торингін қамтамасыз ету, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкі­летті органның қыз­метін одан әрі да­мы­ту көзделген. Міне, осы жоспарлар­дың барлығын сәтті орын­дау жұмысы­мен бүгінде батыл ай­налысудамыз. Елі­міз­дің әр азаматы жем­қорлықты жат қы­лық деп білгенде ғана еліміздің жаңара, жа­сара беретінін есімізден шығармаға­ны­мыз абзал. Жаңа, жемқорлықсыз Қа­зақ­станды құру әр азаматқа байланыс­ты.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ:

– “Үкіметтің мүлкін аяйсың ба”, “кол­хоздың дүниесін басып қалайық” деген сияқты қасаң қағидалар кешегі кеңес кезінде санамызға әбден сіңген шығар, əйтпесе, біздің арғы-бергі тарихымызда қазынаның қаржысы, халықтың ортақ байлығы аманаттың ең үлкені әрі қадір­лісі саналған. Біз – ескінің көзіміз. Елі­міз­дің өзге мемлекетке бодан болғаны­ның да, Тәуелсіздіктің арайлы таңының да куә­сі болдық. Бір қызығы, қазіргі қоғам­ның негізгі мақсатына айналып кеткен жемқорлық деген сөзді бала күні­мізде мүлдем естімеген екенбіз. Біздің заман­дастарымыздың дені туған жері­не, елі­не, мемлекетіне адал болды. Мем­ле­кет­тің бір қап бидайын рұқсатсыз алған­дар қудаланды емес пе? Мен бұл жерде сталиндік солақай саясатты жақ­тап отырғаным жоқ. Сол кездегі адамдарда ұят, ар, намыс деген қасиеттер күшті болды. Қазір елімізде жаңа Қазақ­стан­ды құру бағытында жұмыстар атқа­ры­лып жатыр ғой. Мемлекет басшысы­ның жемқорлықпен күресу туралы ойлары­мен қуана келісеміз. Енді соның барлы­ғы құр сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылса, құба-құп.

Күлімкөз СМАИЛОВА:

– Бұл сұрақ қазіргі таңда мені немесе сізді ғана емес, көпті мазалап отыр. Ме­нің ойымша, бұл мәселенің түп тамыры экономикада да, саясатта да, тұрмыс­тың тауқыметінде де жатқан жоқ. Оның басты себебі – рухани білімнің төмен­дігінде, моральдық өзегіміздің осалды­ғында, адамдардың адамгершілік қа­сиет­те­рінің құлдырауында. Соңғы кез­де­рі қоғамның өзі рухани жағынан аз­ғын­данып кетті. Ата-ана, перзент, туған ел мен жер алдындағы адами пары­зымызды ұмыттық. Үлкен бір азғындық осындай орны толмас ауыр жағдайларға әкеліп тіреуде.

Бір жылдары еліміздегі барлық жоға­ры оқу орындарында жемқорлыққа қар­сы мәдениетті дамытып, сананы қалып­тастыру, құқықтық білім беру жөнінде ұсыныс айтылып, осыған байланысты ар­найы бағдарлама да жасалды. Білім са­ласына енгізілгенмен де бұл іс-шаралардың өзі жеткіліксіз болып қалды. Себебі барлық мәселе отбасындағы тәр­биенің әлсіздігінде, адами құндылық­тар­дың әлсіреуінде екенін уақыттың өзі көрсетіп берді. Сондықтан жаңа, жем­қорлықсыз Қазақстанды құру үшін ең бірінші қоғамның моральдық-этикалық ұстанымын, құқықтық білімін өзгерту керек. Адамның адами қасиеттерін, жан болмысын дамытпай, заңды өзгерте бергеннен, оның талаптарын қатаңдат­қаннан еш нәтиже шықпайды.

– Заң демекші, жемқорларды қатал жазамен қорқытып жатсақ та “сүрі­ніп құлаған жерінен бір уыс шөп жұла кететін” пысықай пай­да­кү­немдердің саны көбеймесе азай­мауда. “Ауыл­дас­тың аты оз­ғанша, ағайын­ның тайы озсынға” салатын мінезімізден арыла алмай келеміз. Одан өзге “Бәке”, “Сәкелік” салтанат құ­рып тұр әлі. Жемқорлық­тың дендеп кетуіне де біздің осы “осалдығы­мыз” себеп емес пе? Бұл ментали­тет­тен түбегей­лі арылу үшін қандай қадамдарға бару керек деп ойлай­сыз­дар?

Нұрлан ЖАХИН:

– Жоғарыда атап өткен тұжырым­да­ма шеңберінде қойылған міндеттердің бірі – құндылықтарды өзгерту және ха­лық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру. Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық нанымына айналуға тиіс. Қо­ғам сыбайлас жемқорлықты проблема­ларды оңай шешудің кепілі ретінде қа­былдамауы, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастыр­мауы керек. Жемқорлар қоғамдық айып­тауға ұшыраған кезде ғана біздің түсі­нігіміз де өзгере бастайды.

Бұл ретте парасаттылық жүйесін қа­лыптастыру кезінде сыбайлас жемқор­лық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу аса ма­ңыз­ды рөл атқарады. Агенттік алдағы уа­қыт­та отбасы институты арқылы, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының әлеуетін пайдалана отырып, сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы мінез-құ­лық­ты дамыту жұмыстарын іске асыра­тын болады. Жуық арада, парасатты­лық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары білім беру жүйе­сіне жаппай енгізілмек. Осылайша баланы мектептен бастап, әр­түрлі жас кезеңдерінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы біліммен қамтамасыз ететін бо­ламыз. Қазіргі таңда департа­менттің бас­тамасымен облыстағы 355 мектепте “Адал ұрпақ” ерікті клубтары мен жо­ғары және орта, техникалық білім беру мекемелерінде 24 “Саналы ұрпақ” жо­балық кеңсесі құрылған.

Біздің халқымыз дәстүрге бай. Бір өкініштісі, оның қазіргі заманға азық бол­майтын тозығы да бар. Әлемнің өрке­ниетті елдерінде “академиялық адал­дық” деген термин өте жиі қолданыла­ды. Қазіргі қазақ қоғамына да керегі – осы.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ:

– “Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмай­ды деген кісінің тілін кесер едім”, – дейді данышпан Абай Құнанбаев. Мінез деге­ні­міз менталитет емей немене? Жетпіс жыл бойы өзге идеологияның тәрбие­сінде болдық. Халқымыздың мінезі, бол­мысы өзгеріске ұшырамады ма, ұшыра­ды. Қазір заман құбылып тұр. Оның ың­ғайына сай иілу қажет. Яғни әр қазақ түл­кі заманды тазы болып шалуға ұмтылуы керек. Әлемнің мықты мемлекеттерінің озық дәстүрлерін игеру маңызды. Тағы бір айтпағым, “ағайынның тайы озсын­ға” бүйрегіміз бұрылмас үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте біз кешегі кеңес­тік идеологияның озық тәсілдерін пай­да­лануымыз керек деп ойлаймын. Қо­ғам­ға қатысы бар белгілі бір ауқымды сая­си науқанды ұйымдастырғанда ке­ңес идеологтары қайтушы еді? Алды­мен жақсы адамды, жақсы образды із­деп тауып, соны қоғамға үлгі ететін. Жа­мандықты жақсылыққа қарай бұруға ты­рысатын. Осыдан барып жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арам­дық­тың арасы алшақтап, адамдар осы еке­уі­нің біреуін таңдауға мәжбүр болатын.

Ендеше бізге де сыбайлас жемқор­лық­пен күресті идеологиялық тұрғыдан алғанда адалдық пен арамдықтың теке­тіресі ретінде құру керек. Ол үшін қоғам­дағы адал адамдарды тауып, соларды на­сихаттауымыз керек. Мұнымен де тынбай, адал адамдарға саяси тұрғы­дан да, идеологиялық тұрғыдан да, эко­номикалық тұрғыдан да артықшылық­тар беруге ұмтылуымыз керек. Еліміз­дің кадр саясатында адалдық ең бірінші өлшемге айналуы тиіс. Қызмет бабында адал адамдар өссін. Ол адал адамдар ай­наласына адал жастарды шоғырлан­ды­рып, қоғамға мемлекеттік қызметке берілгендіктің таза үлгісін ұсынатын бо­лады. Ал адалдықтың туы жоғары көте­ріл­ген кезде арамдықтың құты өзінен-өзі қашатындығы түсінікті. 1938-1951 жыл­дары Қазақстан Үкіметін басқарған Нұртас Оңдасынов: “Ешкімнің, ешқа­шан жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза, ешкімнен, ешқашан пара ал­ған емеспін – қолым таза, ешкімді, еш­қашан жүзге, руға бөлген емеспін – жү­зім таза”, – депті. Міне, осы үш ауыз сөз қа­зіргі Қазақстанның ұраны болуы керек.

– Жемқорлық барлық саланы жегі­құрттай жеген. Оған ешкімнің қарсы айтар уәжі бола қоймас. Небір қыз­метті тізгіндегендер ұсталып жатыр. Халықтың қамын емес, малын жеген­дер, түйені түгімен жұтқандар қанша­ма? Қазіргі жемқор атанып жатқан­дар­дың барлығы күнәсіз бала, аңғал студент болды ғой. Біреудің ала жі­бін аттаудың, несібесін иеленудің жақ­сылыққа апармайтынын білмеді емес, білді. Неге қазақтың қыз-жі­гіттерінің көбі қолдарына “қам­шы”, жақсы орынтақ тиген кездері тайқып кете береді? Бұған кінәлі от­басы ма, қоғам ба?

– Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Абай атамыз: “Адамның адамшы­лы­ғы – жақсы ұстаздан”, – дейді. Сана­сы жемқорлық деген жат ұғымнан таза ұрпақты тәрбиелеуде мектептің, мұға­лім­нің атқаратын рөлі орасан. Мектеп­терде түрлі мереке қарсаңында немесе мұғалімнің туған күніне орай сыйлық ұсыну “дәстүрі” әлі де болсын бар. Мұн­дай кездері ата-аналар комитеті ақша жинап, мұғалімге гүлмен қоса, бағалы зат сыйлап жатады. Бірде танысымның үйінде қонақта отырғанымда, бір оқу­шы­сы­ның анасы қоңырау шалып, “Ба­лам математикадан үш деген баға алып қалыпты. Көңіл күйі жоқ. Жөндеп бер­сеңіз жақсы болушы еді. Еңбегіңізді же­меймін. Көлігіңіз жаңа ғой. Қазақы ою­мен көмкерілген жапқыш алып берейін бе?” – дегенін естіп қалдым. Демек, сый­лық алуға итермелейтін әрекет ата-аналар тарапынан болғаны ғой. Сон­дай-ақ кейбір ата-аналардың өз бала­сы­на көңіл бөліп жүрсін деген ниетпен жеке сый-сияпат жасайтыны да өтірік емес. Осындайда Ахмет Байтұрсын­ұлының “Алушы да, беруші де өзіне жа­ғымды жағын іздейді”, – деген сөзі тілге оралады. Алайда алмай да, бермей де, Шәкәрім бабамыздың “Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл”, – деген өсиетін өмір сүру қағидасына айналдыру қиын ба?! Абай атамыз “адамның адам бо­луына жақсы орта” әсер етеді дейді. Орта дегені қоғам ғой. Шындап келген­де, қазақ қоғамының болашағы – құқық­тық санасының қалай қалыптасуымен тікелей байланысты. Өйткені құқықтық мәдениетті, сананы қалыптастырған ел ғана өркениетті мемлекеттер қатары­нан орын ала алады. Заңды сыйламай­тын қоғамның болашағы да бұлыңғыр. Елде тамырын жайған індетті қара күш, жұдырық пен жағымпаздықпен емес, заңмен шешуге баса назар аудару ке­рек деп ойлаймын.

Қазақтың ұлт жолында азап шегіп, атылып кеткен ардақтыларының ғұмы­рына үңілсек, олардың барлығына “жа­пон шпиондары” деген айып тағылған. Ол бекер емес екен. Жуырда Шарафат Жылқыбаева есімді жапонтанушының кітабын оқып шықтым. “Жапон таны­мын­да жемқорлық лас іс және іріп-ші­ру­ді білдіреді. …Жапон қоғамында “өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жа­пон қоғамы үшін еңбек ету” деген түсінік бар. …Жапонияда кез келген мекемеде басшы ұжымды басқара отырып, қара­мағындағы адамдармен тең дәрежеде әрекет етеді. Мәселен, тазалық күнінде өзге қызметкерлермен бірге кеңсе аула­сын тазалайды. Бұны беделдің төмен­деуі деп санамайды. …Жапонияда ше­неуніктердің жеке бизнеспен айналы­суына тыйым салынған. Бұндай заң та­лай елде бар, әрине. Бірақ Жапонияда заңға бәрі бағынады. Жақсы тұрмыс үшін жасырынып, “сауда жасап” жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады”, – дейді ав­тор. Біздің елімізге де жемқорлықпен кү­ресте Жапонияның тәжірибесіне сүйен­ген жөн деп білемін.

Нұрлан ЖАХИН:

ЭЫДҰ (ОЭСР) стандарттарына сәй­кес, мемлекеттік қызметтің негізгі қағи­даттары айқындық, әдептілік және са­тыл­маушылық болып табылады. Біздің елімізде бір жағынан игі бастамалар жасалып жатса, бір жағынан ар-ұяттан безген мемлекеттік қызметшілеріміз ат­қарылған, ауқымды істерді жоққа шыға­руда. Осыдан кейін, әрине, халық мем­ле­кеттік органдарға көзқарастарын өз­гертеді. Азаматтардың билік органда­ры­на деген сенімін арттыру үшін адал, лайықты мемлекеттік қызметшілерді жұ­мысқа қабылдау керек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті меңге­руі үшін үздіксіз оқытып отыру қажет. Мысалы, өз басым Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы­ның облыстық филиалында жүйелі түр­де біліктілігін арттыруға келген немесе енді ғана қызметке орналасқан өңіріміз­дің мемлекеттік қызметшілеріне адал­дық, парасаттылық бойынша дәрістер оқып тұрамын.

Жас мемлекеттік қызметшілерді жем­қорлық қылмысына итермелейтін күш­тердің бірі – әрине, экономика­лық проб­лема. Яғни көптеген мемлекеттік орган­дарда еңбекақылар бүгінгі заман талап­тарына сай емес деуге болады. Бұл рет­те қызметшілер­дің өздерін ынталанды­ру қажет. Әркім­нің үлесін дербестендіру қағидаты бо­йынша еңбекке бәсекелі ақы төлеу мен әлеуметтік пакетті қамта­масыз етудің маңызы зор. Яғни мемле­кеттік аппарат өкілдеріне сыбайлас жем­қорлық қыл­мысын жасау материалдық жағынан тиімсіз болуы тиіс. Қазіргі таң­да өздері­ңізге мәлім, жемқорлық құқық бұзушы­лық­тары үшін қарастырылған жауап­кершілік жүгі ауыр. Тұжырымда­ма­ның үшінші бөлігінде “Жауапкерші­ліктің бұл­тартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру” көз­дел­ген. Шы­ғыстар кірістерден айтар­лықтай асып кеткен кезде негізсіз баю үшін жауап­кершілікті енгізу осындай құ­ралдардың бірі болады. Сонымен қатар цифрлан­дыру мәселесі. Мемлекеттік басқару­дың ашықтығын, жариялылы­ғын және айқындығын айтарлықтай арт­тыруға, сы­байлас жемқорлық сипатын­дағы байланыстарды, схемалар мен қа­тынастарды анықтауға, құқық қорғау ор­ганда­ры­ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін оңтайландыруға және жем­­қор­лардың мүмкіндіктерін шектеу үшін цифрлық технологияларды пай­далану негізгі мемлекеттік міндеттердің біріне айналуы тиіс. Бұл жұмыстар же­дел орындалса, қоғам өзгереді. Өзгер­ген, ашық қоғам адамның парасаттылық деңгейінің артуына сеп болмай ма?

Күлімкөз СМАИЛОВА:

– Қоғамда “жеңіл табыс” деген ұғым бар. Бұл барлық салада қалыптасқан. Са­наға сіңіп кеткені соншалық, қазір адамдардың көбі “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүріп нан тапқысы келеді. Жеңіл табыстың жолын көрген бала соған қарай жүгіреді. Сол себепті елдегі идеологиялық жұмыстарды кү­шейту керек. Бұрнағы жылы қолға алын­ған “Адалдық алаңы” жобасы осы олқылықтың орнын толтырады деген сеніміміз мол. Себебі жаңа жобада, ең бірінші, тәрбие құралын жетілдіруге үл­кен мән берілген.

Отбасында арлы, намысты ата-анадан тәрбие алмаған баланың көкірегі со­қыр болады. Өзім педагогпын ғой. Бала­лармен жиі әңгіме-дүкен құрамын. Олар­дың рухын оятуға тырысамын. Ол үшін арлы ата-бабаларымыздың жан-қиярлық жолын үлгі ету керек деп ой­лаймын. Сол кезде бала санасының са­ңылауы ашылады.

– Нұрлан Серікұлы, жемқорлықты жою бағытында былтыр агенттік та­рапынан қандай жұмыстар атқарылды? Сол жайында айтып өтсеңіз?

Нұрлан ЖАХИН:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ве­домствоның қызметі толықтай транс­фор­мацияланды. Бұдан былай сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу бірінші орынға қойылған. Яғни жемқорлықтың салдарымен емес, оларды тудырушы себептерді анықтап, жоюға ерекше кө­ңіл бөлінуде. Өткен жылы агенттік ал­ғаш рет АӨК субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ке­шенді талдау жүргізді. Бізде бұрыннан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау механизмі болған. Екеуі де жалпы алғанда бір іс. Кешенді де­генде біз тек бір мемлекеттік органды ғана емес, жалпы саланы талдаймыз.

“Жер малды, мал елді асырайды” деген сөз бар ғой. Ауыл шаруашылығы са­ласы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан саланың арнайы талдануы бекерден-бекер емес. Мемлекет атал­ған бағытта елеулі қолдау шараларын қабылдауда, жыл сайын субсидиялар түрінде көп миллиардтық қаражат бөлі­неді, тек соңғы 5 жылда 2 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 190 млн.-нан астамы тек біздің өңірімізге тиесілі. Талдау нәтижесі бойынша өңірімізде 47 ұсыным әзірленіп, 23-і қорытынды анық­тамаға енді. 2021 жылы 90 қылмыс тіркелді, оның 83-і сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша. Мемлекеттік органдардың 12 басшысы әшкереленді. Оның ішінде 4 облыстық және 8 қала­лық-аудандық деңгейдегі. Белгіленген шы­ғын сомасы 419,9 млн. теңгені құрады, оның 99 пайыз өтелді. 2021 жылы 29 адам сотталды, оның ішінде: 7 – бас бос­тан­ды­ғынан айыру, 1 – бас бостанды­ғын шек­теу, 21 – айыппұл (айыппұлдар­дың жал­пы сомасы 161 млн. теңге). Өз­де­ріңіз білетіндей, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресте жұмыстың пәрмен­ді те­тіктерінің бірі сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адам­дарды көтермелеу болып табылады.

Қазақстанда азаматтарды көтерме­леу­дің жаңа сараланған жүйесі жұмыс істейді. Бұрын бұл қылмыс санатына бай­ланысты жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық туралы ха­барлаған адам пара немесе залал со­масына қарай осы соманың 10 пайызы­на ие болады. Бұл ретте ең жоғары сый­ақы 4000 АЕК-ке дейін. Осылайша де­пар­тамент есепті жылы сыбайлас жем­қор­лық фактілері туралы хабарлағаны үшін жалпы сомасы 1166800 теңге кө­лемінде 6 адамды марапаттады. Біздің облысы­мыз сыбайлас жемқорлықты қа­былдау деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Сауалнамаға қатысқан сол­түстікқа­зақстандықтардың тек 1,9 пайы­зы ғана сыбайлас жемқорлықтың та­ралғанын атап өтті. Көпшілігі сыбайлас жемқор­лықты мүлдем жоққа шығарды. Әрине, бұл нақты жағдайдың көрсеткіші емес. Дегенмен, қуантарлық жайт.

– Күлімкөз Қайырбайқызы, сіз жас­тардың бойына ұлттық құндылық­тар­ды сіңіру бағытында бірталай жұмыс жасап жүрсіз ғой. Жалпы өрен­дердің бойынан осы­нау жаман әдетті аулақтату үшін қан­дай жұмыс­тар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

Күлімкөз СМАИЛОВА:

– “Тәрбиесіз берілген білім – адам­зат­тың хас жауы” деген сөз дөп ай­тыл­ған ғой. Жоғарыда пара алатындардың дені көзі ашық, оқыған адамдар деп айт­тық. Алайда одан қандай пайда, егер де көкірегі ояу болмаса?! Бізге рухы мықты жастарды тәрбиелеу керек. Ол үшін тарихымызға үңілу маңызды. Қазақтың сайын даласынан небір намысты тұл­ғалар шыққан ғой. Оларды елді сақтау, жерді қорғау жолында батыл рух қана жігерлендірді. Қазіргі оқушыларға пікір­ле­су, өзара әңгімелесу жетіспейді. Әр ба­ланың жүрек түкпірінде патриоттық сезім, намыс, бір сөзбен айтқанда, қа­зақтың ұлттық коды жасырынып жатыр. Соны олардың мінез-әдептеріне айнал­дыра білуіміз маңызды.

“Дөңгелек үстелді” жүргізген

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp