Тәуелсіздік жылдары тарих жылнамасына “ақтаңдақ” деген атпен өшпестей жазылып қалған трагедиялық кезеңдерге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылып, әділеттік біршама қалпына келтірілгенімен, архив сөрелерінде қозғаусыз жатқан көптеген деректер ғылыми айналымға түсе қойған жоқ. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 30-шы жылдары аралығында Қазақстан аумағында 370-тен астам көтерілістің тұтануына негізінен сол кездегі билік жүйесінің қате саясатынан туындаған ашаршылық пен ұжымдастыру және саяси қуғын-сүргін ауыртпалықтары себеп болған. Теңіздей толқуларды ұйымдастырушыларды былай қояйық, сол оқиғаларға жол-жөнекей қосылған қарапайым адамдардың өздері көгенделген қозыдай “қылмыскерлердің” санатына ілігіп кетті. Осыған орай кездескен көлдей қиындықтардың бірі бағалы құжаттардың әлі де құпия күйде қалуына, ресми рұқсаттың берілмеуіне келіп тіреледі.
Зұлмат жылдарда елімізге КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адамның жер аударылғанын, 100 мыңға жуығы қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан астамы атылғанын есептесек, олардың толық тізбесін, оның ішінде іс жүзінде ақталмаған құрбандардың санын айқындау оңай емес. Мәселен, жұртты қынадай қырған ашаршылық сол кездегі бір шаңырақ астында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы, гуманитарлық қасіреті екенін ескерсек, шетелдегі архивтердің құлпын ашу күрделене түсері анық. Сондықтан “жабық” тақырыптарды саясиландырмай, ғылыми тұрғыдан зерделеудің мәні айрықша. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында: “Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты бастан өткереді. Біздің бабаларымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны”, аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айрылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?”, – дей келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берген болатын. Оған Мемлекет басшысының 2020 жылы жарық көрген Жарлығы қозғау салғанды.
Мемлекеттік комиссияға саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті орнықтыру жұмысын аяқтау, толық және саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де актілерді әзірлеу міндеті жүктелді.
Біздің өңірде нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдырудың мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралары лайықты жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің төрағалығымен және топ жетекшілерінің, қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының кезекті отырысында атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалып, ұсынымдар әзірленді. Ғани Сақтағанұлы кіріспе сөзінде жас буынға тарихты дұрыс түсіндірудің, ал жергілікті комиссия өзіне жүктелген міндеттер деңгейінде талдамалық материалдар жинақтаудың, құрбандардың жерленген жерлерін анықтаудың, арнайы карталар әзірлеудің, шетелдік архивтермен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті. Саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық ақпараттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды. “Жұмыс топтары ұйымдастыру, ақпараттық және талдау шараларын кешенді түрде жүргізіп, әсіресе арнайы ақталмаған адамдардың деректеріне барынша назар аударған жөн”, – деді ол.
Жиын барысында өңірлік топ жетекшілері өз бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді. Архив қорларындағы материалдарды зерттеу бойынша жұмысты жандандыру, ұжымдастыру кезеңінде жазықсыз айыпталғандарды, бай, кулактарды, әскери тұтқындарды, депортацияланған халық өкілдерін ақтау, тағы басқа мәселелер аясында өз ойларын ортаға салды. Кешенді зерделеудің ғылыми-әдістемелік жағына ерекше мән беріліп, шығарылатын ғылыми басылымдар, ұйымдастырылатын іссапарлардың сапалық мазмұны жайлы ұсыныстар айтылды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева өз сөзін 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде болған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау тақырыбына арнаса, “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Гривенная 1917 жылдан 1930 жылдың ортасына дейінгі шаруалар қозғалысына тоқталды. Қуғын-сүргінге ұшыраған діни қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің санын анықтаумен айналысатын топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Қартова дәстүрлі дін өкілдерін іздеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді. “Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер” кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов өз баяндамасына облыстағы депортацияланған адамдарға қатысты қуғын-сүргін туралы мұрағаттық деректерді арқау етті. Бүгінге дейін 999 іс өңделіп, 104 адамның аты-жөні анықталған. Қоғамдық пайдалы еңбектен жалтарды деген сылтаумен талайлар нақақтан-нақақ сотталып кете барған. Тіпті ұжымшар жұмысына қастандық жасады, сайлауға қатысудан бас тартты, еңбек колониясынан қашты, басқа біреудің төлқұжатын пайдаланды деген айыптаулар тағылған. Арнайы қоныс аударушылардың құқығы қатаң шектеліп, жүріп-тұруына тыйым салынған. Айшат Малсагова деген ингуш келіншегі Арықбалық ауылынан “қашқаны” үшін 20 жылға сотталған. Мурат Альдиев те осынша мерзімге бас бостандығынан айырылып, Воркутлагқа каторгаға айдалған.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескерлерді толық заңдық және саяси оңалту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Сәуле Мәлікова 8597 ақталған, 11862 ақталмаған адамның аты-жөні архив құжаттарында тіркеулі екенін жеткізді. Олардың арасында ірі байлар мен кулактар да бар. 200-ден астамы “әйгілі” 58-ші баппен сотталған. Солақай саясаттың нысанасына іліккендердің 80 пайызға жуығы – ауылдықтар. Көзі тірі куәгерлер жоқтың қасы. Олардың ұрпақтарын табу оңай емес. Құжаттардың біраз бөлігі ескірген. Кейбірі қолмен жазылған.
Отырысты қорытындылаған Ғани Нығыметов солақай саясаттан қатты жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты әділеттілікті қалпына келтірудегі ортақ парыз орындалып жатқанын, ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру және зерттеу бағыттары бойынша көптеген тың мәліметтер ұсынылғанын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.